ӨТКЕННІҢ ӨНЕГЕСІ ҚҰНДЫ
Он жылға созылған Ауған соғысына 23 мыңнан астам қазақстандық қатысқан екен. Қан майданда 900-ге жуық сарбазымыз бен офицерімізден айырылыппыз. Аман қайтқандарының да саны сиреп барады. Бар-жоғы 10 мың адамның айналасы. Қанды даладан аман оралғандардың үш мыңдайы – мүгедектер қатарында. Осы жерде өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолында Ауған соғысы ардагерлерінің мәртебесін анықтау керек екендігін тағы бір мәрте еске салғым келеді. Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевша айтсақ, жастар Ауған соғысының ардагерлерін көрген кезде, міне, соғыс көрген деп сүйсінуі керек. Сонда ғана Ауған соғысының ардагерлері қайда болмасын, патриоттық дәріс оқыса да, сөзі өтімді болар еді. Ауған соғысының ардагерлері тек мереке күндері ғана емес, қай уақытта да ел назарында болса, әсіресе көмекке мұқтаждары мемлекет тарапынан қолдауды ұдайы сезініп отырса, түрлі әлеуметтік пакеттермен қамтамасыз етілсе, Отан алдындағы борышын өтеген адал ұлдар көңілі алаң болмас еді. Отан алдындағы борышын өтеу жолында шейіт кеткен боздақтарды мейлінше насихаттау, жас ұрпаққа дәріптеу ісі де басты назарда болуы тиіс.
Соғысты көрген азамат ретінде алаң көңіл етіп жүрген мына мәселелерге де тоқталғым келеді. Біріншіден, тиісті тұғырына орныға алмай отырған ана тіліміздің мәселесі. Бұрынғы он бес одақтас республиканың ішінде өз тілін өзіне үйретуге қыруар қаражат бөліп отырған бізден басқа ел жоқ секілді.
Екіншіден, жас ұрпақ тәр-биесінде ақпараттық қауіп-сіздікті қолға алатын кез жетті. Қазір теледидар, одан қалды ғаламтор бар, сан түрлі анайы кадрларды көз алдыңа әкеліп жатады. Соны көріп өскен ұрпақтың бүгінгі сиқын күні кеше Мәскеуде орын алған жағдайдан-ақ бағамдауға болады. Тапа-тал түсте мектепке келіп, ұстазын атып, өз сыныптастарын кепілге алып жатқан жас баланың психологиясы неге сонша бұзылды? Сондықтан, еліміздің болашағын ойлайтын, ұрпақ тәрбиесін тұтас ұлт болып бір ізге салатын кез жетті.
Толыбай ШӘКІРОВ,
Ауған соғысының ардагері.