ӨТКЕН КҮННІҢ БӘРІ АҢЫЗ
Біз әңгімелескен Уахит Әділұлы да өзінің өмір жолдарынан естелігін айта отырып, бүгінгі күні жеткен жетістігі оңайлықпен келмегенін ортаға салды. Қарапайым балықшы жанұясында дүниеге келген көп баланың бірі 14 жасында-ақ теңізге шығып, әкесінің қасына жұмысқа тұрады.
— Исатай ауданының бұрынғы Забурын селосында Сиретка деген шағын ауыл болатын. Ол жерде 1961 жылдың тамыз айында, жасөспірім шағымда жұмысқа араластым. Кеңес Үкіметі тұсында жасы кәмелетке толмаған жастарды штатқа қабылдамайды ғой, оның үстіне теңізге шығамыз. Сондықтан, көмекшіліктен бастауға тура келді, — деп есіне алады Уахит аға.
Қызметке етене араласқаннан соң көп ұзамай әскер қатарына алынды. Жастықтың жалындаған жігерімен әскерден келгеннен кейін Құлсарыдағы «Мұнай-газ барлау экспедициясына» алдымен қатардағы көлік жүргізушісі болып, кейін кран жүргізушісі ретінде жұмысқа қабылданды. Ал, 1972 жылы Прикаспий мұнай барлау экспедициясы бөлініп шыққанда ауысыммен сонда жіберілді.
1997 жылы мекеме жекешеленгеннен кейін Сазанқұрақ кен орнында американдық «PIOС» компаниясымен мердігерлік қызметте болды. 2000 жылдан бастап Ақтөбеден, одан әрі Маңғыстау облысында Ракуша алаңыда жаңа қызмет ауқымын алды. Содан не керек, шаңырақтың отағасы өзі пісіп-жетілген мекемесімен бірге өзге облысқа жол тартты.
— Жұмыстың оңайы жоқ қой, — дейді әңгімелесушіміз. — Бір жылдары Мұқырдың маңында жүргенбіз. Кенет автокраным қажет болып төрт жүз шақырым жерге бір түнде жету қажет болды. Ойланбастан, кешкі асымды ішіп, шығып кеткеннен таңда жетіп, сол бойда тапсырылған шаруаны ойдағыдай аяқтадық. Сол кездегі оқиғаны айтсам, ешбір жан сенбейді.
Айтқандай-ақ, Уахит Әділұлының үнемі отбасынан жырақта жүріп, маңдай терімен тапқан еңбегі текке кетпеді. 1973 жылдан қалалық, облыстық партия конференцияларына делегат болып сайланды. Адал қызметі үшін 1978 жылдың наурыз айында ІІІ дәрежелі, 1986 жылы ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерімен марапатталды. Оның үстіне, Уахит ағаның ісіне жауапкершілігі өзгелерге үлгі еді. Тапсырманы мүлтіксіз орындау қабілетін біліп алған замандастары Исатай ауданындағы Исатай станциясына салынатын жаңа мектеп құрылысына жауапты жұмысты тапсырды. Әуелден де жерасты қойнауының қыр-сырын танып, жетік меңгерген кейіпкеріміз, енді жер бетінде де өзімнің әдемі бір қолтаңбамды қалдырсам деген ойын жүзеге асыруға бел буды. Бастапқыда жүрексінгенмен, басшылығы қолдаған соң 2006 жылы «Самал» ЖШС-нің тапсырысымен 320 оқушыға арналған білім ордасының құрылысында болды. Сол жылдың наурыз айында басталған жұмыстар, шыны керек, Уахит ағаның мұқияттылығының арқасында келесі оқу жылының қыркүйегінде-ақ шәкірттеріне есігін айқара ашты.
Мектеп құрылысы толық бітіп, оқушыларымен қауышқаннан кейін терең бұрғылаумен айналысатын «Атыраумұнайгазгеология» ЖШС-не, өзінің мамандығы бойынша қайта оралды. Осылайша, Уахит Әділұлы қырық жылға жуық уақытын «қара май» қорын іздеуге жұмсаса, соның 1,5 жылын құрылысқа арнады.
Қуанышын да, қайғысын да бірге бөліскен Смағұл Нұғман, Өтеген Ермағамбетов секілді бұрынғы басшыларын Уахит аға ерекше мақтанышпен айтады. Себебі, ұйымдастыру қабілеттерінің мықтылығының арқасында қиын кезеңдерде жұмысты ұтымды үйлестіріп, мекемені аяғынан тұрғызды. Үзеңгілес жолдастары, әріптестері Кәрім Бақриденов, Замрат Шамаров, Е.Н.Хан, Аманғали Сиғуатов, Отарбай Молдағалиев және Мақсот Бекеновтер жанына демеу бола білді. «Ел азаматтарымен әлі күнге дейін байланысымды үзбей, бірлесіп жұмыс істегеніме қуанамын, ал, күні бүгінде ортамызда жоқ жолдастарымыз Боранқұл Шортанов, Базарғали Қожасов және Меңдібай Харесов сынды қимас достарымызды сағынышпен жиі еске алып отырамыз», — дейді әңгімелесушіміз.
Уахит Әділов қырық жылға жуық отасқан адал жары Ғибадат Ғұбашевамен тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Ол селолық кітапханада 20 жыл тапжылмастан қызмет етті. Осындай еңбегі еленіп, Тәуелсіздіктің 10 жылдығына орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Ғибадат Ғұбашева сүттей ұйыған отбасының ұйытқысы, жеті баланың анасы атанды.
Үлкенге ізет, кішіге қамқор болған Уахит аға шаңырағының қонақжайлығы тіптен бөлек әңгіме. Әйтеуір алыстағы ағайын-туыс, жора-жолдастың барлығы да жолай Уахит пен Ғибадаттың үйіне соқпай кетпейтін. Осындай сыйлы қонақтарының қатарында кезіндегі ҚазССР геология министрі С.Е.Чакабаев, Мәскеудегі Губкин атындағы институттың ректоры В.Н.Виноградов, Уфа университетінің ректоры, Украинадағы автокран дайындау зауытының директоры, солармен қатар еліміздің, облысымыздың көптеген беделді азаматтары да осы қарашаңырақтан дәм татқан.
Үнемі балаларын адал қызметке бағыттап отыратын отағасы тәрбиесінің арқасында тұңғышы Айгүлі – мұғалім, Нұргүлі – есепші, Назгүлі – темір жол маманы, Эльмирасы – экономист, Венерасы – журналист, Қайырбегі – инженер мамандықтары бойынша жемісті еңбек етіп жатыр. Қыздары қияға ұшып, ұлы қалада жүрсе де, сырттай тілеуін тілеп, келгенде құшақ жая қарсы алады. Ата-ананың «Қайда жүрсе де аман болсыншы тек» деген аппақ қардай, кіршіксіз тілегіне кірбің түсірмеуге жұмыстанған ұл-қыздарының ықыласы үнемі ауылдағы қоңыр үйге қарай бұрылып тұрады. Сірә, жанұя бақыты деген осы емес пе?..
Айтпақшы, былтыр маусым айынан бастап Уахит Әділұлы ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды. Жеңіл-желпі жұмыс қой деп қарағанмен, бүкіл ауыл жастарының тәрбиесіне араласу – жауапты іс. Сондықтан болар, Уахит ағаға үлкен-кішінің бәрі құрметпен қарайды. Себебі, ол – өмірден өнеге жиған, ұрпақ өсіріп, олардың бақытына бөленіп отырған бақытты әке.
Өз тілшіміз.