ОТБАСЫ БАҚЫТЫ – СЫЙЛАСТЫҚТА
Жасыратыны жоқ, қанша жан болса, сонша мінез, сонша сезім бар. Біреулердің ішкі сезімі құбылмалы, ал біреулердікі керісінше, салмақты, сабырлы. Өмір көрсетіп жүргендей, өзімшіл, тәкаппар адамдардың шаңырақтары ұзақ ғұмырлы болмайды.
Ал, шаңырақ шаттығы мейірімділікке, қайырымдылық пен кешірімшілдікке негізделген. Егер біз адам баласының өмірін тулап, тасып жатқан теңізге теңесек, бір сәт осы асау толқындардан шаршаған пенде жайлы да жайдарлы, жып-жылы жағажайда тыныққанды қалайды екен. Ол дегеніміз, әрине, оның өз отбасы — ошақ қасы.
Қызмет бабынан куә болып жүргеніміздей, біздің халықта әйелін босағадағы күңіндей көретін ерлер бар. Олар отбасындағы билікті өз қолдарына алып, әйеліне ақша ұстатпайды, жанына ертіп жүрмейді. Болмаса тағы бір күйеулер бар тапқанын өзіне жұмсап, әйеліне қол көтереді. Ішіп келіп, үйдің берекетін алады. Мұндай ерлермен қандай әйел өмір бойы бірге тұра алар? Осыдан келіп, арада реніш пайда болады. Ажырасушылар саны артады. Сондықтан, ер де, әйел де үй мен түздегі өз орындарын біліп, ортадағы балаларының амандығы мен бақытын ойлауы керек.
Бақыт сыры — ерлі-зайыптылардың бірін-бірі бағалауы, қандай мәселені де бірлесе, ақылдаса шешуі. Бір сөзбен, артық-кемді тізбелемеген кешірімшіл жандар ғана нағыз мықты, бақытты отбасына айналады.
Б.ТӨЛЕГЕНОВА,
Атырау облысы ІІД әйелдерді
зорлық-зомбылықтан қорғау тобының
аға инспекторы,
полиция майоры.