Отбасы тыныштығын бұзатын кейбір «әкесымақтарды» қалай жөнге салуға болады?
«Қоғамда бүгін кездесіп, ертең үйлене салатындар, қосылғандарына жыл толмай жатып ажырасатындар көбейіп барады. Жастардың осыншалық асығыс қадамдарына үйдің үлкендері – ата-аналары ақыл айтып, бағыт сілтеуі керек» деді «Отбасындағы әлеуметтік-психологиялық ахуалды талдау және қазақстандық қоғамдағы отбасылық құндылықтар» атты облыстық конференцияда сөз алғандар.
Жыл басынан бері облыстық ішкі істер департаменті «Тұрмыс», «Құқықтық тәртіп», «Есеп», «Учаске», тағы басқа жедел-профилактикалық іс-шараларын ұйымдастырып, біраз қылмыстың алдын алған. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері облыстың ақпараттарды есепке алу кітабына 36 000-нан астам хабарлама мен арыз-шағым тіркелген. Олардың 4 934-і отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастағы құқық бұзушылық болса, өз үйінде шаңырақ тыныштығын бұзып, берекетін кетірген 2 066 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Одан өзге, жәбірленушілер саулығына жеңіл зиян келтіргені үшін 226, ұрып-соққаны үшін 271 әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жолданды. Бұл, өкінішке қарай, өткен жылғы осы кезеңдегі мәліметтен әлдеқайда көп.
Әзәзіл арақ…
Отбасы тыныштығын бұзатын кейбір «әкесымақтарды» жөнге салу мүмкін болмай отыр. Олар тәртіп сақшылары мен сот орындарының өздеріне қатысты шығарылған қорғау нұсқамасын орындамайды. Әкімшілік кодекстің осы бабын бұзғандар әкімшілік қамаққа алынады. Көптеген қылмыс мас күйде жасалатындықтан, оларды уақытша оқшаулау қажеттілігі туындайды.
Бүгінде осындай адамдар үшін облыста 20 орындық уақытша оқшаулау орталығы қызмет көрсетеді. Оған осы жылдың 10 айында 6 481 адам жеткізіліп, оның 3 274-і орналастырылған. Арақтың соңына түскендер ауыл-селоларда да аз емес. Дегенмен, аудандарда уақытша оқшаулау орталықтары, зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмектесетін дағдарыс бөлімшелері жоқ. Сондықтан аудандық ауруханалардың жанынан уақытша оқшаулау – детоксикациялау орталықтарын ашу жөнінде ұсыныс берілген.
«Зорлық-зомбылықсыз 16 күн»
Облыста жылдағыша «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы басталды. Әйелдерге қатысты жасалатын зорлық-зомбылықтың алдын алу, ана мен баланы қорғау, қоғамдағы отбасы ролін күшейтуді мақсат тұтқан акцияға мемлекеттік органдарды, үкіметтік емес ұйымдарды, жалпы жұртшылықты, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін қатыстыру жоспарлануда.
АЛ, елді мекендерде полицияның қоғамдық көмекшілерін, жастар ұйымдарын, ҮЕҰ өкілдерін тарту, отбасы құндылықтарын насихаттайтын семинарлар өткізу көзделуде. Акция кезінде тұрмыстық құқық бұзушылық жасауға бейім адамдармен профилактикалық әңгімелер жүргізілмек. Сондай-ақ, онлайн режимінде басқа да шаралар өтеді.
Түйін
Тұрмыс құрып жатқан әрбір бойжеткен мен жас жігіт «біз ең бақытты шаңырақ боламыз!» деп, ертеңіне үлкен үмітпен қарайды. Бір сөзбен, барша адам бақытты болуға лайық. Адамға қызметтен де, атақ-даңқтан да, жақын нәрсе бар, ол – оның отбасы-ошақ қасы. Сондықтан әркім өзінің бақыты – байлығын аялай білгені абзал.
Конференцияны облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық—демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы ұйымдастырған болатын. Мұнда сөз алған облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Зәмзәгүл Жалмурзина, қоғам қайраткері Тамара Аман-Турлина, облыстық ішкі істер департаментінің аға инспекторлары Райса Айтжанова, Орынгүл Көшқалиева, Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ғизатолла Отарұлы отбасы, бала тәрбиесі туралы құнды ойларымен бөлісті.
Лиза СЕЙТІМОВА