«Отбасы – береке мен бірліктің бастауы» 

f991db74 cde7 44d2 aa36 d62dc72884cb Қоғам

Тәрбиенің қайнар көзі отбасынан басталады десек, әрбір шаңырақтың беріктігі, бірлігі қашан да маңызды. Мемлекеттік қызмет саласының ардагері, Атырау облысының Құрметті азаматы Рәшила МҮРСӘЛИЕВАМЕН сұхбатымызда ұлтымыздың озық дәстүрі, көне мұра құндылықтарымен қатар, қоғамдағы келеңсіз тұстар да айтылды.

«Жақсы ене – анаңдай»

– Рәшила Қабиқызы, әңгімемізді өмір жолыңыздан, отбасыңыздан бастасақ деп едік…

– Мемлекеттің негізі – отбасы. Шын мәнінде мемлекеттің дамуы да отбасындағы тәрбиеге байланысты. Өйткені, отбасы

осы мемлекеттің тұрғындарын тәрбиелейді. Сондықтан да ұрпақтың тәрбиесіне көңіл бөлу – талассыз дүние.

Біз отбасын құрған кезеңдер алыстап кетті. Осыдан қырық жыл бұрын шаңырақ көтеріп, Атырауға Торғай елінен келін болып, босаға аттадық. Содан бері мәнді де сәнді өміріміз мұнайлы өлкенің бауырмал, қонақжай халқымен біте қайнасып өтіп жатыр.

Әр өңірдің өзінің салт-дәстүрі, менталитеті, ерекшеліктері бар. Соның бастысы – отбасының бірлігі. Ал, біздің отауымыздың берік сақталуына енеміз ерекше ықпал етті. Көп сөйлемейтін кісі болғанымен, ол өзінің жүріс- тұрысымен, тәрбиесімен маған көмектесті, жол көрсетті. Өзіме қатты сөйлеген кезі жоқ. Ол кісінің тұлғалық қасиетіне қарап, көп үлгі алдым. Бұл да отбасын сақтауға үлкен әсер ететін жағдай деп білемін.

Жолдасым екеуміз бір- бірімізді түсінісетін жаста отбасын құрғандықтан, екі арада қиындықтар туындаған жоқ. Әрине, отбасы болған соң ыдыс- аяқ сылдырламай тұрмайды. Соған қарамастан біз есте қалатындай қатты наразылық, отбасылық қарым-қатынасқа дақ түсетіндей жағдайларға жол бермедік. Ұрпақтарымыз дүниеге келген соң олардың жақсы тәрбие алуына жанұялық қарым-қатынастың ерекше әсер ететінін терең ұғатынбыз.

Ол кезеңдердің өзіндік қиындықтары аз емес еді. Тұрмыс тапшылығы, пәтер жалдау мәселелерінің бәрі біздің басымыздан да өтті. Дегенмен, жан аямай еңбек етіп, жетістікке жететінімізге сенімді болдық. Танымайтын, білмейтін жерде жүріп жетістікке жету адамның талабына, адамдармен қарым- қатынасына байланысты. Сондықтан ел қатарлы өмір сүруге ұмтылдық.

Партия мектебін бітіріп келгеннен соң қалалық партия комитетіне қызметке орналастым. Бағыма орай жақсы жандар жолықты. Адамның еңбек ететін ортасы да үлкен тәрбие орны ғой. Отбасымыздың ойдағыдай қалыптасуына еңбектегі ұжымдарымыздың да әсері тиді. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Екеуі де саналы адам болып есейді. Бүгінде немере сүйіп, ұрпақ өсіріп отырмыз. Олар мектеп оқушысы болса да ересек адамдардай сөйлесіп, солардың болашағына қатты алаңдаймыз. Оған себеп те жоқ емес. Бүгінгі өзгерген қоғам, бізді қоршаған ортаға қарап отырып, қандай бағыт алады, ұрпағымызға қалай әсер етеді деп уайымдаймыз.

767c4660 7408 4c7c ac3f f1f25f323543

– Отбасы тәрбиесіне қатысты өмірден түйгеніңізбен бөліссеңіз?

– Өмірдегі өз ортаң, ағайын- тумаң, еңбектегі ұжымың, жалпы қоғам отбасының қалыптасуына әсер етеді. Негізгі тін отбасында өзіңнің бағыт-бағдарыңды анық ұстау керек деп ойлаймын. Оған әрине, отбасы мүшелерінің барлығы да жауапты.

Қоғамдағы отбасының тәрбиесіне мемлекет те мүдделі болуы керек. Оның бірнеше жолы бар. Әр отбасының тұрмыс жағдайы жақсарса, бала тәрбиесінде кемшілікке жол берілмесе мемлекет те мықты болады. Алайда, елімізде әлі де шешімін күткен мәселелер аз емес. Ол уақытында шешілмесе, отбасына да әсер ететіні белгілі. Қазіргі жұмыссыздық, тәрбиенің жетіспеушілігі, мұның бәрі жас отаудың жетілуіне, мемлекеттің қалыптасуына кері әсерін тигізеді.

Біз отбасының тәрбиесіне

көңіл бөлуіміз керек. Осы мақсатта барлық құрылымдар жұмыс істеуі қажет деген пікірдемін. Денсаулық, білім салалары, жұмыссыздық мәселесі болсын, барлығы бір мүддені көздесе ғана қуатты елге айналамыз. Қоғамдағы қалыптасқан жағдай отбасының тыныс-тіршілігіне әсер етеді. Отбасы мәселесін жеке дара емес, ауқымды түрде қарауымыз керек.

Салт-дәстүр – тәрбие бастауы

– Перзент тәрбиелеудегі ұстанымыңыз қандай?

– Отбасындағы басты мәселе – ұрпақ тәрбиесі. Баланың денсаулығынан бастап білім алуы да өте өзекті. Жасыратыны жоқ, білім саласында көптеген реформалар жүзеге асты. Ал, олар ұрпақ тәрбиесіне қалай әсер етті? Салт-дәстүріміздегі құндылықтар сақталып отыр ма? Мемлекетіміздің негізін құраушы – қазақ ұлты. Ендеше, бұл мақсатқа қол жеткізу үшін ұлттық тәрбиеге ерекше көңіл бөлуіміз керек қой.

Алайда, бұл мәселеде кемшін тұстарымыз да аз емес. Әлемдік өркениетті үйренеміз деп ұлттық құндылықтарымызды жойып алмауымыз керек. Айталық, үлкенді сыйлау, отбасындағы адамдардың қарым-қатынасы, ата-әжеге, әке-шешеге, үйдегі бауырларыңа деген сыйластық, мұның бәрі біздің салт-дәстүрімізбен астасып жатыр. Осы салт-дәстүр, дін төңірегіндегі мәселелер де ойлантпай қоймайды. Өсіп келе жатқан жастарымыз ата- бабамыз ұстанған жолдан ауытқып, түрлі агрессивті бағыттағы ағымдарға еріп, қателіктерге ұрынып жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Әлем есігі ашылуымен ата-бабамыз ұстанған туралықтан ажырап қалып жатқанымыз жасырын емес. Мектептегі оқушылар арасындағы орамал тағу мәселесі де өзекті тақырыптардың біріне айналды. Мұның бәрі салт- дәстүрімізге мән бермеуден болып отыр деп ойлаймын. Сондықтан шыққан тегімізге, ата-бабамыздың ұстаған діні мен салт-дәстүріне қайта оралуымыз керек.

Ұрпақ тәрбиесі ең басты проблема болып отыр. Бұл бағыттағы негізгі мәселелердің қандай екенін қоғамға ашық айтуымыз керек.

– Әулеттің, шаңырақтың ұйытқысы болу жолындағы ақыл-кеңестеріңізбен бөлісе отырсаңыз?

– Ақыл-кеңес айтатын жасқа келгеніміз рас. Әр әулеттің, шаңырақтың өз ұстанымы, тәрбие берудегі тәжірибелері болады. Сондықтан біржақты «былай болу керек» деп айтқаным орынсыз болар.

Менің ойымша, қай шаңырақта да тәрбие салт- дәстүрмен астасып жатуы қажет. Үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетіп, бір-біріне сый- құрметпен қарауды басты негізге айналдыруымыз керек. Әйел адам сол шаңырақтың ұйытқысы. Баланың тәрбиесін анасы қалыптастыратын болғандықтан әйелдің білімді, тәрбиелі болуы шарт. Әйел ана – ұлттың тәрбиешісі. Осыдан- ақ, аналардың орнын бағамдай берсек болады. Сондықтан олардың жағдайын жасап, қоғамдағы ролін арттыруымыз керек. Оған жасалған қамқорлық балаларымыздың тәрбиесіне ықпал етеді.

– Тіршілік түйткілдерімен, кездесер кедергілермен күресте күш-қуатты қайдан аласыз?

– Алдымен күш-қуатты беретін жаратушы Алла ғой. Содан соң күш-қуат адамның бойында, тегінде болады. Атаның күші, ананың қаны арқылы беріледі. Ата-анаңыз өмірдің қиын соқпақтарына қалай шыдау керектігін үйретті ме? Бәрі осыған байланысты. Қарапайым ғана мысал, бір жеріміз ауыра қалса, ата-анамыз «ештеңе етпейді, сабыр қыл, төзу керек» деп үйрететін. Сондықтан қандай қиындықтарға шыдайтынбыз. Жүректің қайраты болуы керек. Озық тәрбие салт-дәстүрмен біте қайнасып жатуы тиіс.

– Алғыр да саналы ұрпақ тәрбиелеудегі тәжірибеңіз…

– Бір жерден тәжірибе жинап, қалың кітап оқып, арнайы тәрбие бергеніміз жоқ. Ұлым да, қызым да жоғары білім алды. Жақсы маман атанып, ортасындағы өз орындарын тапты деп

ойлаймын. Қайталап айтайын, отбасындағы адамдардың бір- біріне берген жақсы қарым- қатынасы ұрпағына беріледі. Отбасында ағайын арасындағы араздықты балалардың көзінше айтпау керек. Ренжісіп қалса да оны балаларына естіртпеуі тиіс.

Саналы, ұлтқа жанашыр ұрпақ тәрбиелеуде ата-ана ең басты – тәрбиеші. Біз де ата-анамыздың тәрбиесін көріп өстік. Құдайға шүкір, саналы ұрпағымыз бар, оларға ризамыз. Ал, жалпы қазақ қоғамында білімді, саналы ұрпақ көп деп ойлаймын. Жастардың барлығын бірдей қаралап жататындар бар, мен ондай пікірлермен келіспес едім. Біздің ойымызға келмеген тың бастамалар жастардың арасынан шығып жатыр. Сондықтан жастарға қолдан келгенше қолдау көрсетуіміз керек. Өзіміздің бойымыздағы жақсы қасиеттерді үйретуіміз қажет. Қай жасқа келсек те жастармен бірге болып, сөзбен ғана емес, іспен көрсеткеніміз жөн. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасы институтын нығайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу турлы» ҚР Заңының жобасы осы мақсатта қолға алынып отыр.

Мемлекеттің қабылдап жатқан өзге заңдары мен отбасын нығайту үшін құрылған ұйымдарға селқос қарамай қолымыздан келгенше қолдауымыз танытып, орын алып отырған кемшіліктерді айтып үйренуге тиіспіз. Жаңа Қазақстанның болашағы – отбасындағы тағылымды тәрбие арқылы нығаяды.

– Рәшила Қабиқызы, тағылымды сұхбатыңызға рақмет!

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз