Отаншылдық рухтың қайнар көзі
«Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы да талай зұлматты бастан өткерді. Ғалымдар тәуелсіздік жолында қазақ жерінде 300-ден астам ұлт-азаттық көтеріліс болғанын айтады. Сол шайқастарда ұрыс даласында қалған жауынгерлеріміздің саны қаншама?! Біріншіден, мемлекеттік символдарды біз халықтың рухын көтеретін осындай даталарда пайдалануға тиіспіз. Мемориалдық тақталарға гүл дестелерін қою өз алдына, отаншылдық рухқа қызмет етуде мемлекеттік рәміздер бәрібір биік тұрады.
Екіншіден, мемлекеттік атрибуттардың шығу тарихы туралы мәліметтерді мектеп курсына енгізетін де уақыт келгендей. Өйткені, әр рәміздің шығуы – өз алдына бөлек тарих, бөлек оқиға. Мәселен, «Менің Қазақстаным» әні. Кезінде Хрущевтің Қазақстанның Солтүстік облыстарын, атап айтқанда, Көкшетау, Қарағанды, Қостанай жерлерін Ресейге қосу туралы ұсыныс айтып, қалың қазақты дүрліктіріп қойғаны тарихтан белгілі. Сол кезде халық қатты сілкінді. Осындай дүрбелеңде Жұмекен Нәжімеденов сөзін, Шәмші Қалдаяқов әнін шығарып, «Менің Қазақстанымды» радио арқылы таратты. Осылайша, қазақ даласынан шыққан ән Мәскеуге «жердің иесі де, киесі де – қазақ» екендігін жеткізіп еді. Міне, елдігімізді, теңдігімізді насихаттауда ұрпақ санасына осындай дүниелерді сіңіруге тиіспіз.
«АҚШ киноларынан байқап жүрген болуыңыз да мүмкін, әр фильмінде міндетті түрде жылт етіп жалау көрініп қалады. Сол кинолардан тағы көретініміз, тайгада, аралда, иә су ішінде қалған жалғыз адамды құтқару үшін Америка билігі тұтас күш жіберуге дайын. Осындайда, айдалада қалған адам өзіне жіберілген құтқарушылардан бұрын елінің туын бірінші көріп, «менің Америкам» деп қуанып жатады. Міне, тәрбие, рух, насихат дегеніңіз қайда жатыр!» деген еді бізбен сұхбатының бірінде қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы. Сондықтан, рәміздерден бастау алатын идеологиялық насихатты бүлдіршіндерге арналған ертегі, мультфильмдерден бастап, кино, жалпы бұқаралық телебағдарламалар арқылы шынайы өмірге енгізуге болатындай.
- Cіз не дейсіз?
Жандарбек МӘЛІБЕКОВ,
Мемлекеттiк Елтаңбаның тең авторы:
Елтаңбадақазақтың ой—арманы көрінеді
— Шыны керек, рәміздердің қай-қайсысы да әп дегеннен ортақ келісіммен қабылдана қоймады. Басқа көзқараспен ойлайтындар өз пікірлерін таңу үшін шу шығарып бақты. Сондай келіспеушіліктерден қашу мақсатында Елтаңбаның тең авторы Шот-Аман Уәлиханов екеуміз үлгіге бірқатар өзгерістер енгіздік. Елтаңбадағы бес бұрышты жұлдызды алып тастауға тура келді. Кейін Елтаңба үлгісі қабылданған соң, Президент Нұрсұлтан Назарбаев «халқымыз әр адамның өз жұлдызы бар» деп айтады. Біз тәуелсіздік алдық. Демек, халқымыздың аңсар арманына айналған біздің жұлдызымыздың өзі – тәуелсіздік» деп, бес бұрышты жұлдызды қайта алып қалды. Бастысы, қандай қысылтаяң жағдайларға қарамастан, біз Елтаңбаның мазмұнын сақтап қала алдық. Онда тұтастай қазақтың болмыс-бітімі, ой-арманы көрініс тапқан.
Амангелді АЙТАЛЫ, философия
ғылымдарының докторы, профессор:
Насихат тоқтаусыз жүруі керек
– Мемлекеттік рәміздерге әдейі бір күнді арнағанымызбен, бар әңгіме сол күні айтылып, кейін оның бәрі тарс ұмытылып қалып жатады. Мемлекеттік органдар рәміздерді насихаттауға құрғақ шара ретінде ғана қарайды. Меніңше насихат тоқтаусыз жүруі керек.
Рәміз мемлекеттік идеологияның басты мазмұны болғанымен, ұлттық атрибуттарымызды бұқара санасына тиімді жеткізудің жолын әлі таба алмай отырмыз.
Денис ТЕН,
Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның бес дүркін чемпионы:
Кеудемді мақтаныш билейді
– Туған еліңнің Туы көкте желбіреп, Әнұраны әуелеген сәтте ет-жүрегіңді ерекше сезім билейді. Елге деген сағыныштың тәтті сезімі кеудеңді кернеп тұрады. Мұның бәрін сезіндіретін бір нәрсе – көкте желбіреген Көк байрақтың құдіреті мен әуелеген Әнұранның қуаты.