ОТАНДЫҚ ӨНІМ ӨРІСІ энергетика саласын да қамтыды
Тұсаукесер рәсімінде айтылғанындай, қазір компанияның бас кеңсесі Астанада болғанымен, барлық облыста филиалдары орналасқан. Республика бойынша 12 зауыты мен екі жобалау және ғылыми инженерлік орталықтары бар. Өз мамандарын дайындау үшін Кентау қаласынан политехникалық колледж де ашыпты. Мәскеу, Шанхай, Бішкек, Ташкент, Душанбе, т.б. қалаларда өкілдіктері жұмыс жасайды. Міне, осындай іргелі компания енді мұнай мекен энергетиктерімен тығыз қарым-қатынас орнатпақ ниетте.
Алайда, осы өнімдердің бағасы қанша? Қаншалықты сенімділігімен ерекшеленеді? Нендей кепілдік беріледі?
Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ақылбек Байшаханов жолдаған тура сауалдарға компания өкілдері де нақты жауап қайтара алды. Мәселен, Атырау филиалының директоры Марат Сайдуалиевтің айтуынша, мұнда шығарылатын трансформаторлар сырттан тасымалданатындармен салыстырғанда 20 пайызға арзан. Оның үстіне, егер оны өздері орнатып берсе, онда бес жылға дейін кепілдік бере алады. Ал, сатып алушы өз күшімен қондырса, кепілдік мерзімі екі жылмен шектеледі.
Компания өкілдеріне жолданған тағы бір сауал электр жабдықтарын құрастырғанда қазақстандық шикізаттың қаншалықты пайдаланылып отырғандығына байланысты болды. Әйтпесе, барлық қажетті бөлшектерін сырттан әкеліп, осында жинақтай салған қондырғыны отандық санау артықтау. Сөйтсек, кәсіпорын 60 пайыз шамасында отандық бұйымды қолданады екен. Сонау 2020 жылға дейін толық тұтынуға қол жеткізбек. Қазір Орал қаласында да трансформатор зауыты салынуда. Келешекте электр сымдарын шығару жоспары бар.
Рас, атыраулық кейбір кәсіпорындар аталмыш компания өнімдерін бұған дейін де тұтынып жүр екен. Солардың бірі – «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы. Оның өкілі де отандық өндіріс ошағының жабдықтары жақсы екендігін айтады.
Жалпы, осындай шаралардың бәрі қазақстандық кәсіпорындардың қажетті құралдарын ат арытып, алыстан тасымай, өзіміздің отандық өнімдерді пайдалану керектігі жөніндегі Елбасының нақты тапсырмасынан туындап отыр. Расында да, егер олардың сапасы сынға төтеп беріп, бағасы да арзан болса, неге сырттан қымбат бұйымдарды тасимыз?
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.