Жарнама
Қоғам

ОТАНДЫ СҮЮДІҢ ҮЛГІСІ

 

Нұрсұлтан Назарбаев – халықтың арасынан шыққан саясаткер. Бірден нарықтық экономикаға көшу мүмкін еместігін білген Президентіміз ерекше экономикалық және әлеуметтік маңызы бар ірі кәсіпорындарды шетелдік инвесторларға басқаруға берді. Оларға талап қоя отырып, өнеркәсіп орындарының тұралап қалмауын және жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруын қамтамасыз етті. Дәл сол уақытта алып өнеркәсіпті дүниежүзілік нарыққа шығара алатын біздің елде бизнесмендер де, қаржы да болмаған еді. Осылайша экономикамызды бір арнаға келтіріп, тәжірибе жинақтап жекешелендіру арқылы жаңа экономикалық және қоғамдық қатынастарға кеңістік аштық. Содан бері де «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050» Стратегиялық бағдарламаларын бекіткен Президентіміз «Нұрлы Жол» бағдарламасын алға тартып, Мәңгілік Ел тұғырнамасын бекітті. Осы іргелі бағдарламалар еліміздің өркениет көшін алға жетелеп келеді. Міне, тағылымды туындыдағы «Ұшқан ұя ұлағатынан»

«Нұрлы Жолға» ұласқан өмір өткелі – Елбасының жолы елдің назарына ұсынылды. Мұндағы орамды ойлар интеллектуалдық биік өлшем мен қазақтың шұрайлы тілі арқылы оқырманды баурап алары сөзсіз.  Олай дейтінім, Елбасының тегінен бастап, бүгінге дейінгі ел дамуы,  аумалы-төкпелі уақытта басынан өткерген күрделі де, шешуші сәттері баяндалған. Еліміздің бүгінгі жетістіктеріндегі Мемлекет басшысының ерен еңбегіне осы кітап арқылы тағы бір мәрте көз жетті. «Өмір өткелдері» – Отаншылдықтың, Отанды сүюдің үлгісі.

Бұл – қазақ халқының тағдырымен өзектес кітап. «Екі өркениеттің – Шығыс пен Батыстың қиюласқан жерінде, әлемнің екі бөлігінің – Азия мен Еуропаның тоғысқан тұсында, екі саяси жүйенің – тоталитаризм мен демократияның, екі экономикалық жүйенің – жоспар мен нарықтың от пен судай шарпысқан шағында шарболаттай шыңдалған, өзінің туған Қазақстанын бүкіл әлем танитын, құрметтейтін елге айналдырған тұлғаның тағылымды тағдыры қандай оқырман үшін де қызғылықты»  депті кітап аннотациясында.  Расында, Мәңгілік Елді бетке алып, өркениет көшіне бой түзеген халқымыздың өмірін де осы кітаптан зерделеуге болады. Өйткені, Тұңғыш Президентіміздің өмірі халқының, өзі құрған мемлекетінің өмірімен тағдырлас, қатар, бірге, тұтас өріліп, жалғасып келе жатқанына куәміз.

Бұған дейінгі  Елбасының кітаптары елдің ғана емес, шетелдің қызығушылығын тудырған болатын. Мәселен, француз ғалымы Алекс Москович: «Нұрсұлтан Назарбаев адамгершілігі ұшан-теңіз кісі болумен қатар, шын мәніндегі мемлекет қайраткеріне қажет: кеңінен ойлайтын терең ақыл, баурап алар бірегей дарын, іс-қимылға бейім-қабілет сияқты үш қасиеттің үшеуі де тал бойынан түгел табылатын жан», – деп, Елбасының соңына ерген жұртын сәулелі өріске бастап шыға алған қасиетін санамалап берген еді. Әлем қайраткерлерінің Нұрсұлтан Әбішұлы туралы осылай деп жазуының өзі Президент тұлғасының даралығын аңғартса керек-ті. Ал, Елбасының ерекше саяси күш-жігері, көреген дипломаттығы, саңлақ саясаткерлігі сан қырынан ашып көрсетілген кітапқа   біздің ел ғана емес, бүкіл әлем зер салары сөзсіз.  Астана күні қарсаңында тұсауын кескен   «Өмір өткелдері» ел тарихының тұтас бір кезеңінің энциклопедиясы боларына бек сенімдіміз. Өйткені, өскелең ұрпақтың  Елбасы жолынан алар өнегесі мол.

Орынғали ҚАРАСАЕВ,

соғыс және еңбек ардагері,

Атырау облысының Құрметті азаматы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button