Жарнама
Қоғам

ОТАНДЫ СҮЮ – ЖҮРЕКТЕН

Ғалымдардың пайымдауынша, бір елдің толыққанды ұлт болып ұйысуы үшін тіл, дін, дәстүр, тарих және атамекен деп аталатын бес тұғырдың болуы маңызды екен. Осы аталғандардың ішіндегі атамекен ұғымын Отан сөзімен астастыратын болсақ, мемлекеттік рәміздерді бөліп қарастыра алмаймыз. Себебі, мемлекеттік рәміздер – елдің тәуелсіздігін білдіретін символикалық айырым белгілері. Онда сол ұлтқа ғана тән бейнелер көрініс табады. Сөйтіп, елдің арман-мұраты сол рәміз арқылы айшықтала түседі. Демек, ұлт болып ұйысуда мәдени, тарихи, рухани құндылықтарымызды қалай сақтап, қорғаған болсақ, мемлекеттік құндылықтарымызды да солай қорғауға міндеттіміз. Әрине, бұл бәзбіреулерге «Неге? Не үшін?» деген секілді мәнсіз сауалдар туғызуы мүмкін. Сайып келгенде, еліміздің айбары саналатын мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, құқықтық жүйесіне бағыну, туған жерді шексіз сүю сол жерді Отан еткендерді біріктіре түседі.

Қай халықтың болмасын өзіне тән тілі, діні, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы рухани тірегі болады. Сол секілді елдің өзгелермен терезесін тең етіп, абыройын асқақтатар мемлекеттік құндылықтары да болады. Осы аталған рухани және мемлекет құндылықтары қоғамның ынтымақтасып тірлік етуіне және жұдырықтай жұмылып күш болуына септігін тигізеді. Ал, халықтың мемлекеттік құндылықтарын құрметтеуі аяқасты етілген жерде ішінара бөліну, мәнсіз бас көтерулер мен түрлі бүліктер орын алады. Мұндай әрекеттің түптеп келгенде, қуатты, бай, дамыған елдің де күйреуіне әкеліп соғатыны белгілі. Сондықтан, мемлекеттік рәміздерге мойынсұнбайтын азаматтарымыз ақылға келсе екен дейміз. 

Елді өзге елден ерекше етіп көрсететін – оның туы. Ту – мемлекет екеніңді білдіріп, тәуелсіз екеніңді танытатын елдік дүние. Сол үшін де оған шексіз құрмет көрсетіледі. Ол сонау көне дәуірден жалғасып келе жатқан үрдіс. Тіпті, ислам тарихының өзінде һижреттің бірінші жылында ту қолдану үрдісі басталған екен. Оған негіз, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) һижреттің алғашқы жылы Шамнан кері қайтқалы тұрған хазіреті Хамза бастаған отыз кісілік Құрайш керуеніндегі әскердің бірі Әбу Мәрсадтің қолына найзаның ұшына ақ мата байлап алғашқы ақ туды табыстаған болатын. «Лиуа-ул Байда» деп аталған осы ту Хайбар соғысына дейін қолданыста болған екен. Осы мысалдың өзі Тудың ел, ұлт екеніңді мақтаныш етер асыл дүние екендігін көрсетеді.

Әнұран – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Әнұран ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз саналады. Әр елдің ұлттық рухын асқақтатар өз Әнұраны болады. Әрбір елдің шырқалған Әнұранында туған жерін сүю, қадірлеу, қорғау жайы айтылады. Сол секілді Елтаңба да мемлекеттіліктің, тәуелсіздіктің символы.

Отанымыз – Қазақстан байырғы қазақ жері. Хақ Тағала қазақтың маңдайына нәсіп еткен бұл Кең-байтақ атамекенді ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, иманның нұрымен қорғады. Кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Енді, сол Отанды қорғау, қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты баянды ету – бүгінгі ұрпақтың, мұсылман қазақ баласының азаматтық әрі, діни міндеті.

Отанды сүю –иманнан екені сөзсіз. «Екі көзді тозақ оты шалмақ емес: біріншісі, Алладан қорқып, жылаған көз, екіншісі, елінің тыныштығын күзетіп, кірпік қақпаған көз» деген хадис бар. Ендеше, исламның ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік қасиеттерге үндейтін ұлы дін екендігін еске сала отырып, Отанның сол қасиеттерді жүзеге асыратын қастерлі мекен екенін атап өткім келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан. Олай болса, Отанымызды шексіз сүйіп, рәміздерін қадірлеп, құрметтей алуымыз мемлекет алдындағы азаматтық борышымыз екенін жадымызда ұстасақ екен.

Батыржан МАНСҰРОВ,

Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы.

 

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Барлығың жауаптысыңдар. Басшы еліне, отағасы отбасына, малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағылардан сұраққа тартылады» деген.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button