
Отағасы отбасында беделді ме?
Атақты батыр Бауыржан Момышұлы «Менің арым ары еді ғой алаштың, Арым үшін ажалменен таластым. Өзімдей бол, бола алмасаң, құлыным, Деп мақтанба Бауыржанның ұлымын» деп айтқан екен. Иә, бала тәрбиесінде әкенің рөлі өте маңызды. Әкеге қарап ұл өсетінін есті қазақ жақсы біледі. Содан болар, әкесінің қабағынан жасқанып, оны құрметтеуді үйдегі ұядан үйреніп өскен.
Ері жоқ елдің күні қараң
Шынында да, әке – ұрпақ иесі, панасы, айбары, үй басшысы, асыраушысы және тәрбиешісі. Жеті атадан санағанда, екінші ұрпақ. Әке – өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті байланыстырып тұрған алтын көпір. Отбасының рухани, материалдық жағынан құлдырамай, мықты болуы әкеге байланысты. Себебі әке ұлы күш пен сабырлықтың иесі болып табылады. Әсіресе, ұл бала үйдегі де, сырттағы да ер адамға қажет тағылымдарды көбінесе әкесінен үйренуге ұмтылады. Қазақта біреудің баласы жақсы, өнегелі азамат болса: «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой» деп мадақтайды.
«Әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оны жақсы тәрбиелеуі» дей отырып, баласын оқытып, күнін көре алатындай мамандық иесі етіп қалдыру, балаларды жақсы көріп, оларға көңіл бөлу, жасына жеткенде баласын үйлендіру – бұлар әкенің басты міндеттерінің бірі. Осындай ұлы міндеттерді атқаруда кейбір әкелер осалдық танытса, мұның соңы өкінішті жағдайларға да апаратыны шындық. Отбасында әке тәлімі жетпей жатқанда, мектеп жасындағы балаға әке тәрбиесінің жұрнағын бере алатын ер ұстаздар қатары да сирей түскен. Бүгінде ер мұғалімдер ұжымдағы ұстаздардың 10-15 пайызын ғана құрайды екен. Онда да сынып жетекшілік, яғни тәрбиешілік қызмет атқармайды, көпшілігі дене шынықтыру және технология пәнінің мұғалімі болып келеді.
«Айтпасаң, сөздің атасы өледі». Ауылдық жерлерде үйдегі әйелінің балалар үшін алатын жәрдемақысына немесе отбасында қария болса, соның зейнетақысына күнелтіп, үйкүшік, масыл болып отырған әкелер қаншама? Уақытын қалай өткізерін білмей, іші пысып, әр нәрсеге бір соқтыққан ер-азаматта қандай бедел болмақ? Оған деген жарының, балаларының құрметі де төмен болары анық. Ішіп алып, тентіреп көше кезген әкенің теріс тәрбиесінен балалардың да болашағына балта шабылады.
Сорақы қылықты көріп өскен бала ертең оны сөзсіз қайталайды. «Әкем ішеді, неге маған да ішпеске?» деген ой ішкі түйсігінде қылаң беріп тұрады. Ал ішімдіктің салдарынан қаншама отбасы ойран болып жатыр. Баладан – бір, әйелден – екі, үй-жайдан – үш, абыройдан – төрт, ағайыннан – бес, ақшадан – алты, жұмыстан – жеті… айырылып, тентіреп жүрген ерлердің есебін алып, жағдайларын жан-жақты зерттеп, керек болса көмек қолын ұсынатын қандай да бір ұйым біздің елімізде бар ма екен? Елдің тағдырына алаңдайтын, білімді, іскер, намысшыл, сондай-ақ өз шаңырақтарының тірегі болатын нағыз ер-азаматтар көбейгенде ғана келешегіміз кемел. Себебі «Ері жоқ елдің күні қараң» дейтін Күлтегін жыраудың бұл сөзі бүгінде үлкен маңызға ие болып отыр емес пе?!
Қазақ қоғамындағы әкенің орны
Қазақ халқы «Әке – балаға сыншы» деп балаларды сынап отыруды естен шығармаған. Тарихтан белгілі, Уәлихан Шоқанды 3 жасынан хат танытып, 5 жасынан білімге баулыған. Ғұлама ақын Мәшһүр-Жүсіп 8 жасында «мәшһүр» (білгіш) атанды. Кенесары үміт артқан ұлы Сыздықты 5 жасынан құмға пышақ қадап қойып ержүректілігін сынаған. Батыр бабалар Қабанбай 16-ға толмай, Райымбек әулие 15 жасында ерекше ерлік жасады. Қазыбек би, Абылай хан бабаларымыздың 12-15 жасында-ақ ақыл мен алғырлығы дүйім жұртқа тарапты. «Әкеге қарап ұл өсер» дейді дана халқымыз. Он алты жасқа толған соң досыңдай сырлас, сыйлас деген қазақ халқында нақыл сөз бар. Данышпан Жүсіп Баласағұнның «Бейбастақ қып өсірсе ұлдың қылығын, кінәлі әке, жазығы жоқ ұлының» деген өлең жолдары осынының дәлелі.
Қазақ даласына мұсылмандықтың келуімен ерлер қоғамда өз орнын айқын иеленді. Одан бергі тарихымызда да ерлер отбасының асыраушысы, негізгі тұтқасы ретінде сақталып қалды. Бұл үстемдік ХХ ғасырдың 40-жылдары кеңес өкіметінің идеологиясы толық орнағанға дейін сақталып келді. Өйткені ұлт зиялылары «Алашорда» идеясымен бой көрсеткен кезде де қазақ халқы үшін шешімді ер-азаматтар қабылдап отырды. Әке аты қасиетті «үлкен үй», «қара шаңырақ» деген ұғымдармен сыйлы да құрметті болды. Қазақ әкенің тәлімі мен тәрбиесін қашан да қадір тұтып келген ғой.
Өткен ғасырдың 90-жылдарындағы проблемалар қазақ отбасында ежелден қалыптасқан дәстүрді бұзғаны жасырын емес. Елдегі әлеуметтік-экономикалық жүйенің тұрақсыздығынан жер-жерде жұмыссыздық белең алып, оның соңы үй ішіндегі кикілжіңді, ұрыс-керісті, дау-жанжалды ушықтырды. Сабырсыз, тәубасыз кейбір әйелдер күйеуінің ақша таппағанын бетіне басып, бала-шағаның алдында намысын таптаудан тайынбады. Тамақ пен киімге жарытпаған әкесін іштей кінәлаған бала оған деген сенімін жоғалтып, құрметтемейтін болды. Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, бұрынғы қазақы қалпымызға түсу оңай болмады. Әйелдер көбіне қызметтік сатыларда еркектерден жоғары тұратын болды. Бәрі дей алмаймыз, дегенмен ер адамдардың болбыр, бойкүйез, ынжық болуы қоршаған орта мен қоғамда қалыптасқан жүйеден екенін мойындамасқа шара жоқ.
«Таяқтың екі ұшы бар»
Бүгінде елуді еңсеріп, алпысты алқымдаған кезде бала-шағасын тастап, екінші, үшінші, тіпті бесінші әйелдің қолына кіріп алатын еркек кіндіктілер де кездеседі. Ал немересімен жасты қыз-қырқынға қырындауын қоймайтын шал-шауқандардың көрсеқызарлығынан қаншама отбасы зардап шегуде? Осының бәрі шаңырақтың бар ауыртпалығын көтеретін, асырап-бағып, жақсы тәлім-тәрбие беруге, отбасы мүшелерін әртүрлі пәле-жаладан қорғап отыруға міндетті адамның абыройына нұқсан келтіреді емес пе?!
Иә, бүгінде төрдегі орнын босатып, босағадан сығалаған әкелер пайда болғаны жасырын емес. Әлеуметтік сауалнама жүргізілгенде оған қатысушылар көпшілік отбасыларда отағасының орны төмендеп бара жатқанын айтқан. «Отбасындағы ерлердің рөлі өзгерді», «әкелердің беделі төмендеді», «бүгінгінің ерлері ұсақталып барады», «батыр тұлғалы бабаларымыздың ізін жалғайтын ерлер азайып кетті» дейтін пікір айтушылардың болғандығы баршамызды толғандырары анық.
Таяқтың екі ұшы бар екені белгілі. Бірде теледидарды қоссам, әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың «Әзіл әлемі» болып жатыр екен. Ден қойып тыңдадым. «Бұрын әкеміз жұмыстан келсе, аналарымыз балаларға «шуламаңдар!» деп ескертетін. Ал қазір керісінше әкелерге ескертеміз. «Тыныш, бала ұйықтағалы жатыр» деп. Астарлы әзіл. Ойлансаң, күле де алмайсың. Өйткені шындық. Бұхар жырау «Әкелі бала – жаужүрек, жиын-тойға барады, төрден орын алады, бітіреді жұмысын, тастан да өткізер жебесін» дейді. Өзіне қорған болған әкесінің арқасында алшаң басып, бар шаруасын бітіріп, алдына кездескен кез-келген қорғанды бұзуға дайын болады. «Әкесіз бала – сужүрек, жиын-тойға барады, босағада қалады» дейді. Яғни жасқаншақ болатынын меңзеп тұр.
Түйін:
Бірде қарт Құнанбай баласы Абайды шақырып: «Балам, сен әкеңе жете туғансың ба, өте туғансың ба?»-деп сұрайды. Сонда Абай: «Әке, мен өте туғанмын, өйткені, мен ақын болдым» деген екен. Аз ғана ойланған дана Құнанбай: «Жоқ, сен маған жете тудың. Өте туу үшін Абай секілді бала тәрбиелей алуың керек» деп жауап қатқан екен. Ұрпақ тәрбиелеуде әкелер мектебінің маңызы да осы. Балаларыңыз биік белесті бағындырсын десеңіздер, әке тұлғасын биіктетуді ұмытпайық, ойлы оқырман.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Бексұлтан Закаров (аты-жөні өзгертілді), студент:
«Әкемді іздемейтін болдым»
Менің әкем «Өйтпе, бүйтпе, жаман қылықтан аулақ бол» дейді де, өзі сол жаман әдеттерді жасайды. «Арақ iшпе» деп өзі арақ iшеді. «Шылым шекпе» деп өзі темекіні бұрқыратады. Өтірік айтады, жүрген жерінде дау-жанжал шығарып, берекетімізді алатын. Ал мен мектеп бітіретін кезде үйден біржолата кетіп тынды. Ақылы оқуға түскен кезде амалсыздан әкеме хабарласқан едім. Ол кісі мені қабылдамады, көмек қолын созбады. Есесіне, қарындасымның дүниеге келіп, өсіп жатқанын есіме сала берді. Осыдан кейін әкемді іздемейтін болдым.
Еңлік Айтуғанова, психолог:
«Бізді жазалайды»
Бірде алты жастағы балаларға психолог ретінде «отбасы» ойынын ойнауды ұсындық. Қыздар тез арада шешелердің, әжелер мен қыздардың рөлдерін тәп-тәуір орындады. Балалардың ешқайсысының әке рөлін ойнағылары келмейтіні байқалды. Ұзақ өтініштен кейін ғана Д. деген бала әке рөлін ойнауға келісті. Ол диванға жайғасып: «Маған газет беріңдер және теледидарды қосып қойыңдар» деді. Бүкіл ойынды ол осылай жатып өткізді. «Аналар мен әжелер немен айналысады?» деген сұрақтарымызға қыздар да, балалар да қуана, тәптіштей жауап берді. Ал әкелері жайлы сұраққа олардың тек кейбіреуі ғана: «жұмысқа барады», «ақша табады», «анама, маған ұрсады», «жазалайды» деген секілді жалпылама жауап берген болатын.
Мәншүк Аманжанова, зейнеткер:
Күйеуін сыйламайтын әйелдер көп
Теледидардан еркектерге ас әзірлететін бағдарламаларды көріп отырып, ел қорғайтын атпал азаматтардың әйелдерге тиесілі іспен айналысқанына қынжыламын. Ер адамдардың беделіне нұқсан келтіретін жайттар осындай ұсақ дүниелерден басталады емес пе?! Ерлердің әйелдер мен балаларға жауапсыз көзқарас танытқан оқиғалары өмірде көптеп кездесуде. Үлкен-кішінің алдында күйеуінің беделін түсіріп, «қолыңнан түк келмейді» деп балағаттайтын келіншектер аз емес. Ал шешесінің осы сөздерін жиі естіген бала әкесін қалай сыйласын?
Алтай Жақсыгенов, қала тұрғыны:
Жауапкершілік жүгін арқаладым
Мен жастайымнан әкемнің берген тәлім-тәрбиесі, бағыт-бағдарымен жолдан жаңылмай келгенмін. Бір күні әкем дүние салды. Әкемнің қазасы мен үшін ауыр тиді. Ол кеткелі отбасымның жауапкершілік жүгі маған жүктеле бастады. Өзімді әрдайым мықты санайтынмын. Алайда олай емес екен.
Әкенің нұсқаған жолымен жүріп, өзімізді зор санайды екенбіз. Мен әкем кеткелі талай жаңылдым. Дұрыс деп таңдағаным – бұрыс, бұрыс дегенім – дұрыс болып шығатын. Шүкір. Қазір өмірдің ығына қарай бейімделіп, әкеден алған тәрбиемен өмірлік қағиданы түсіне білдік. Сіз шетелдегі «Гарвард» университетін бітірсеңіз де, олар сізге бір әкенің берген тәрбиесін бере алмайды.
Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА