Жарнама
Қоғам

ОСЫ ЕЛ ЕРМЕКОВТІ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?..

Жалындаған от пен зуылдаған оқтың қақ ортасынан аман-есен оралса да, елдің береке-бірлігін көздеп бейбіт еңбекке араласса да пешенесіне жазылған биігінен әсте пәс тартпайтын бірегей бітімді адамдар болады. Олар тамырын терең тартқан бәйтеректердей елімен, жерімен біте қайнасып, қай кезде де еңбегін халқына арнап, көлгірсуден ада, өтіріктен азат, ар алдында адал ғұмыр кешеді. «Мен сөйтіп едім!» дейтін кеудеқағар мақтанға да бой алдырмайды. Іші толы қазына бола тұра, қашан көрсеңіз де кішік қарапайымдылығынан жазбас, байсал қалпынан танбас, ақыл-парасаты өнеге шашқан ардақты азаматымыздың бірі – Шамсутдин Ғабдоллаұлы Ермеков десек, ақиқаттан алыс кете қоймаймыз.

Бозбала кезінде комсомол-жастар ұйымына мүшелікке өтіп, орта білімімен Бақсай аудандық «Гурьев» машина-трактор стансасында есепші болып отырғанда әскерге алынады. Оңтүстік батыс майданында бірден қырық бірдің желтоқсандағы қақаған аяз бен қарша бораған оғының құшағына енді. Сталинградты қорғаудың кескілескен шайқастарында жүргенінде Ш.Ермеков он тоғыз-жиырма жастағы жалынды жігіт болатын. Бұл кезде майдан даласында миллионнан астам адам, мыңға жуық танкілер мен өздігінен жүретін зеңбіректер, мыңнан астам соғыс ұшақтары, он үш мыңнан астам минометтер қорғаныстан шабуылға шығудың мақсатымен ұрыс жүргізуде еді.

Соғыс жылдарындағы Кеңес жауынгерлерінің ерен ерлік істерін  Шамсутдин Ермековтің өз сөзімен бергенді жөн көріп отырмыз: «Мен 1942 жылы соғысқа аттанып, 196-дивизияның 725-артиллерия полкінде қызмет еттім. Сталинград шайқасына қатынастым. 1943 жылы Орел-Курск доғасында шабуылға шығып, 1944 жылы 5-екпінді армия құрамында Ясса-Кишинев шабуылына қатынастым.

1945 жылы 266-шы Қызыл Тулы Суворов орденді дивизия құрамында І Беларусь майданына шабуылға шықтым. Кейіннен 89-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының 1006-атқыштар полкінің 2-батальонында болдым. Бұл батальон жаумен соғыста тамаша ерлік жасады. Көптеген батырлар шықты. Солардың бірі взвод командирі Владимир Ливанов, аға сержант Николай Косуля. Қыршын жастар қиын-қыстау кезеңде дзотты кеудесімен жауып, жауынгерлерді жеңіске  жетеледі. Екеуіне де Кеңестер Одағының Батыры атағы берілді. Олардың есімі 1006-атқыштар полкінде мәңгіге қалдырылды. Мен қызмет еткен бұл полк туралы «Тарихи әскери журналдың» 1970 жылғы 1-санында генерал-лейтенант Ф.Боков өте әсерлі жазған. Оқып отырғанда таныс есімдер көзге шалынды.

Соғысты Берлинде аяқтап, елге келдім. Сталинград және Орел түбінде екі рет жараландым. Бірақ, қатарға қосылып, соғысқа қатысып отырдым. Жауынгерлік Қызыл Ту, Бірінші дәрежелі Отан соғысы ордені, «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталдым.

Әрине, біз атақ, даңқ үшін соғысқанымыз жоқ. Біздің мақсатымыз біреу-ақ болды. Ол – қанқұйлы жауды өз жерінде талқандау», — деп тебірене әңгімелейді, «Он сегізде от кештік» атты Махамбет аудандық «Малды өңір» (қазіргі «Жайық шұғыласы») газетінде жарияланған шағын мақаласында (№58, 10 мамыр, 1975 жыл).

Қатардағы жауынгер Шамсутдин Ермековтің соғыс деректерін, ерен ерліктерін растаған құжаттарда ол Оңтүстік Батыс, Сталинград, Брянск, III Украин, I Беларусь майдандарында 396-дивизия, 266-дивизия құрамдарының 725, 446, 18-ші атқыштар полкінде бөлімше командирі, минометтерді атудың нысаналық өлшемдерін есептеуші-реттеуші қызметтерін де жетік, шебер меңгерген. Жаудың бомбалары мен зеңбіректері оқтарының қауіп-қатерінен де тыс қалмады. Екі дүркін ес-түсінен айырылып, ауыр жараланды. Қопарылған топырақтан қазылып алынып, қатарға қосылғанын тіршіліктің бұйырмысы десе де болғандай.

Жаужүрек қазақ жігітінің ерліктері еленіп, жоғарыда өзі атаған мемлекеттік наградаларымен қатар Екінші дәрежелі Отан соғысы ордені, «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталды (барлығы 4 орден, 11 медаль). Жоғары Бас Қолбасшы И.В.Сталиннің 1945 жылғы 23 сәуірдегі №339 бұйрығымен берілген Алғысы және басқа да мадақтаулар мен марапаттаулары Ш.Ермековтің жауынгерлік, жанқиярлық ерен ерліктерінің айқын көрінісі екендігі даусыз.

«Бала кезімізде «әкеміз Ұлы Отан соғысы кезіндегі ордендері мен медальдарын қандай ерліктері үшін алды екен?» деп ойлаушы едік. Өзінен сұрай қалсақ, «оның не керегі бар?» — деп мардымды жауап бере қоймайтын», — дейді қызы Элеонора.

Жақында ініміз Мұхтар  ғаламтордағы әскери мұрағаттық құжаттардан  Шамсутдин Ермековтің жауынгерлік «Қызыл жұлдыз», «Қызыл Ту» ордендерін қандай ерліктері үшін алғандығы туралы марапаттау бетшелерін (наградной лист) тауып берді.

Осындай мемлекеттік марапаттарымен қатар, Бірінші дәрежелі Отан соғысы орденін алған кезде де неміс фашистері пулеметінің көзін жойып, олардың зениттік қондырғысын істен шығарып, жаудың 15 солдатын жер жастандырған.

Соғыстан кейінгі жылдары Шамсутдин Ғабдоллаұлы «Бақсай» кеңшарында бас есепшінің көмекшісі, бас экономист, жұмысшылар комитетінің төрағасы, бас есепші қызметтерін абыройлы атқарды. Туған жері мен өзін өсірген елінің дәулеті мен сәулетін дамытуға бір адамдай сүбелі үлес қосты. Жас ұрпақты ерлік дәстүрлеріне тәрбиелеуде көрегенділігі мен ақылдылығын таныта білді. Өте балажан адам болатын. Басқа ер-азаматтардан ерекшелігі, отбасында қыз бала дүниеге келген сайын айрықша қуанышты сезімде жүретін көрінеді. Сонымен қатар, үйдің айналасына жеміс ағаштарын отырғызуды, бау-бақша, көкөніс егуді сүйікті ісіне айналдырды. Шамсутдин Ғабдоллаұлы 1996 жылы 74 жасында бақилық болды.

Зайыбы Дощатова Шархат та (1927 жылы туған) Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда жанын салып еңбек еткен ардагер, ұлағатты ұстаз, тәлімі мол тәрбиеші. 1944 жылы педагогикалық курстан өткен соң Таңдай, Редут, 11-ауыл, Зеленый жетіжылдық мектептерінде мұғалім, ал 1950-1986 жылдары Таңдай орта мектебінде мұғалім, интернат тәрбиешісі қызметтерін абыройлы атқарды. Оның ағайын-туған, көрші-көлем арасында ізетшіл, ілтипатшыл, икемшіл болғандығы сондай, әлі қырқынан шықпаған сәбиін анамызға тастап кетіп, тойға барып келген көршілеріміз де болды. Анамыз өткен жылы шілде айында 87 жасында «келместің кемесіне» мініп,  ақырғы сапарға аттанды.

«Әке жүрегі таудан үлкен, ана жүрегі теңізден терең» демекші, олардың бауырынан өрбіген жеті қызы мен екі ұлы әкесін ұялтпай, анасын қызартпай өсіп, жетілді. Олардың тәлім-тәрбиесіне, жақсы оқып, қалаған мамандықты игеруіне, азамат болуына барлық жағдай жасады. Шамсутдин Ғабдоллаұлы адал, талап қоя білетін, өтірікті жаны сүймейтін, еңбекқор жан болды. Зайыбы Шархат Дощатқызы ерінің қас-қабағына қарап, емеурінінен ішкі жан дүниесін түсінетін сезімтал, парасатты, өте ұстамды адам болды. Ағайын-туған мен дос-жаран ортасында ынтымақ-бірлікті ұйыстырып, ауылдастарының қам-қарекетінен, тыныс-тіршілігінен ешқашан бөлектенбей, «Шаруаңды үйлестіргің келсе, Шамсутдин мен Шархатқа бар!», — деген сынды ықылас пен құрметке бөленді. Әулеттің қос бәйтерегі жарты ғасырға жуық тату-тәтті, өзгеге өнеге болардай ғұмыр кешті.

Айдар САБЫРОВ,

республикалық «Үш Қоңыр» газетінің меншікті тілшісі,

Қазақстан Республикасы

Журналистер Одағының мүшесі.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button