ӨШПЕЙТІН ӨНЕГЕ
Соғыс жылдарында әкемнің атының тұяғы тимеген жер облыста жоқ екен. Есбол, Бақсай, Новобогат, Жылыой… – қай аудан артта қалса, соған әкемді жұмсайтын бопты. Мен әкеміздің өз мұрағатынан Маңғыстау ауданын атпен аралап, Арал теңізіне дейін барып қайтқан сапарын баяндаған картасын көрдім. Картаны әкем өз қолымен сызыпты. Онда Ұштаған, Айбас, Мыңтөбе, Нарын құмдары және басқа жердегі сапарлары, өмір тарихының өрнекті сәттері бейнеленіпті.
1942 жылы Элистадан қалмақтар жер ауып, Астраханнан күтіп алатын көшті әкеме тапсырыпты. Бес күндік жол есептеліп, жолға тамақ әзірлеп, күтіп алушылар қойылады. Міндет өзіне жүктелгендіктен әкем әлсіреп келе жатқан халықты ұзақ жолда шаршатпай, өзі талай өткен екі күндік жолмен Новобогатқа жеткізіпті. Ол өте қиын кез еді. Алдын ала сызып берген бес күндік жолдан шығып кетті деп, әкеме «халық жауы» деген жаманат тағыла жаздапты.
1941-1950 жылдары оның еңбек кітапшасында ерен еңбегіне берілген сыйақылары жазылған. Ал, ол болса сол қаражатты және өзінің тапқан-таянғанын «Қазақстан колхозшысы» деген танк колоннасының құрылымына аударыпты. Бұл әкемнің майданға бармаса да, адал да жанқиярлық еңбегімен жеңісті жақындатуға қосқан өзіндік үлесі еді.
Бірде елдегі жылқышылар құрметті демалысқа қалған соң әкем мінген «Такси» деп аталатын жорғаны жетектеп алып келіп: «Жарықтық, сіз кеткелі бұл мал ешкімді жанына жуытпайды. Халыққа жасаған жақсылығыңыз бен адалдығыңызды жігіттер ұмытпай, осы жорғаны өзіңізге тарту етуді ұйғарды», — дейді. Сол жирен оның кері қайтармай, ренжімей қабылдаған бірегей сыйы еді. Әкеміз Өтеген Шағыров 1997 жылы 89 жасқа қараған шағында өмірмен қоштасты.
Бақытжамал ШАҒЫРОВА,
КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі,
жоғары дәрежелі дәрігер.