Жарнама
Қоғам

Ортақ мақсат тұрақты дамуға жетелейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2024 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын талқылап, алдағы кезеңге арналған басым бағыттарды белгіледі. Президент жаһандық сын-қатерлердің күрделене түскенін атап өтіп, экономиканың тұрақтылығын сақтау мен дамыту үшін нақты шаралар қабылдау қажет екенін айтты.

Президенттің айтуынша, сыртқы жағдайларға қарамастан, ел экономикасы өсіп келеді. Алайда, шешімін таппаған мәселелер әлі де бар. Үкіметтің басты міндеті – экономиканы тұрақтандырып, орнықты дамуға қол жеткізу. Осы орайда, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, инвестициялық ахуалды жақсарту және өндіріс орындарын дамыту ерекше назарда болуы тиіс.

Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жетілдіру, цфрлық технологияларды кеңінен енгізу, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, энергетика саласын жетілдіру және ядролық кластер құру, салық-бюджет саясатын реформалау, маңызды жобаларды қаржыландыру, әлеуметтік саланы дамыту ел экономикасын көтерудің негізгі тетіктері екенін атап өтті.

Президент шетелдік инвестицияларды тартудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Өңірлердегі тікелей шетелдік инвестициялардың азаюына алаңдаушылық білдірген Мемлекет басшысы Үкіметке бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар мұнай және тақтатас кен орындарын экономикалық айналымға енгізу қажеттігін айтты.

Мемлекет басшысы ауылдық аймақтарды дамытуға арналған «Ауыл аманаты» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламаларын біріктіруді ұсынды. Бұл ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған кешенді шаралар жүйесін құруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар әкімдерді тікелей сайлау нәтижесінде жаңа санаттағы басшылар пайда болғанын атап өткен Президент оларды кешенді оқытудың маңыздылығын айтты. Осыған байланысты Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, «Әкімдер мектебі» жобасын іске қосуды тапсырды.

Президент жүктеген міндеттерді жүзеге асыру үшін Үкімет пен жергілікті билік органдары нақты әрі тиімді шаралар қабылдауы қажет. Бұл жұмыстар ел экономикасының орнықты дамуын қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталады.

Абдолла ИДРЕСОВ,
«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button