
Орталық Азияның болашағы – өзара тиімді ықпалдастықта
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған БҰҰ конференциясында сөйлеген сөзі – Қазақстанның халықаралық деңгейдегі беделін арттырып қана қоймай, жаһандық әділеттілік пен орнықты даму қағидаттарына бейілдігін көрсеткен маңызды мәлімдеме болды.
Президент айтқан Орта дәліз, «Солтүстік – Оңтүстік» бағытындағы инфрақұрылымдық жобалар – еліміздің Еуразиялық транзит хабы ретіндегі стратегиялық рөлін нығайтуға арналған нақты іс-шаралар. Сонымен қатар жасанды интеллект, цифрландыру және жоғары технологиялар саласына инвестиция тарту – болашаққа бағытталған сенімді қадам. Бұл тек экономикалық өсім емес, интеллектуалды ұлт қалыптастыруға жол ашады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, география – шектеу емес. Керісінше, дұрыс саясат, ұтымды серіктестік пен мықты ерік-жігер теңізге шығар жолы жоқ елдердің өз даму траекториясын түзуіне мүмкіндік береді. Қазақстан бұл бағытта алда келеді және Орталық Азиямен бірге бұл үрдіске нақты үлес қосып отыр.
Атап айтқанда, Алматыда БҰҰ және Қазақстан арасындағы өңірлік даму орталығының ашылуы – еліміздің бейбітшілік пен өңірлік тұрақтылық жолындағы нақты үлесі. Бұл бастамалар теңізге шыға алмайтын елдердің жаһандық сахнада өз орнын табуына үлкен демеу болмақ.
Мемлекет басшысының бастамалары мен үндеулері – еліміздің халықаралық ынтымақтастық пен экономикалық инклюзивтілікті ілгерілетуге қосқан салмақты үлесі.
Нұрбек ІЗБАСОВ,
кәсіпкер