ӨРНЕКТІ ЖЫЛДАР
Ол оқу бітірген соң жолдамамен Қарақия терең бұрғылау мұнай барлау экспедициясына бұрғышының көмекшісі болып орналасып, еңбек жолын Доңға кен алаңынан бастады.
Жас маман бұдан әрі Еспелісай, Қаражамбас кен алаңдарында жұмыс істеп, аталған мамандықтың қыр-сырына тереңдей үңілді. Бір қарағанда уақыт өткен сайын жұмыс түрі қиындап, көлемі де өсті. Мәселен, Қаражамбасты қазудағы ауыртпалықты айтсаңыз. Кәдімгі тау шаттарының ұйма шүңейт қара соры. Оған шынжыр табанды ауыр трактор не арнаулы алымдар техникамен бармасаң, жай митыңмен жете алмайсың. Ал, бардың екен, әлгі көліктер кешкілікте қайтып келгенше шығу жоқ. Қыс болса, қуыс қуалап, ұлыған боран, жаздағы ми қайнатқан ыстық. Ақыры арада екі жарым жыл өткізген Сүйінішбек Әбуғалиев 6-разрядты бұрғышы дәрежесіне дейін өсті.
Міне, осы кезде оның Қиғаш бойындағы Кудряшов ауылында тұратын анасы Шәйдадан сағынышқа толы хат келді, ауылдың амандығынан кейін, Маңғыстаудағы жұмысты қойып, елге жақындау керектігін айтып, «Міндетті екі жылыңды атқардың ғой, бір кез туған жер, ата-баба қонысыңды да ойла» деп қатты-қатты ескертіпті. Тіпті ол кісі хатында «Өлеріміз бар, тірілеріміз бар, керек кезде сені Қаратаудың қай қуысынан табамыз?» деп те қойыпты. Ақыры Сүйінішбек бәрін қойып ауылға қайтты.
Мөлшерлі еңбек демалысы да аяқталуы жақын. Бірақ бұл жақта Сүйінішбектің мамандығына сай келетін жұмыс жоқ. Өйткені, өзенге қармақ лақтырып, егін салған Еділ бойында мұнай, геологиялық барлау ісі деген ол кезде атымен жоқ-ты. Болса, енді-енді ғана қолға алынып жатқан-ды. Не істеу керек? Ақыры сол кездегі Прикаспий мұнай барлау, терең бұрғылау экспедициясына барды.
Бұл 1975 жылдың бірінші қыркүйегі болатын. Әуелі жай басшылардың алдынан өтіп еді, олардың бәрі де айтатыны бір-ақ сөз – орын жоқ. Енді не істеуі керек? Баяғы сол Қаражамбасына қайтып баруы керек пе? Ақыры экспедиция бастығы Салтанат Балғымбаевтың өзінің алдынан өткенді қалады. Өйткені ол кісі бір кезде бұның еңбек жолын бастаған Қарақия мұнай-барлау терең бұрғылау экспедициясында бастық болып істеген-ді. Мүмкін, қайырымы тиер… Бірақ, ол кісі еңбек демалысында екен, соған сай бір-екі күн күтуге тура келді.
Аталған күні ағасының алдында отырды. Әп дегеннен ол «Жай келдің бе?» деді.
— Жұмыс іздеймін…
— Қандай жұмыс?
— Бұрғышы, 6-разряд.
— Алтыншы дейсің бе? Нешедесің?
— Жиырма бірдемін.
— Орын жоқ.
— Апырай, ә?!
— Қайдан келдің, еңбек кітапшаңды көрсетші?
— Маңғыстаудан — Қарақиядан.
— Қарақиядан? Тіпті, Доңғаны, Еспелісай, Қаражамбасты ашуға қатысыпсың ғой. Қарай гөр, Қарақия – үлкен мектеп. Мен де сол экспедицияны басқарғанмын.
Ол жанындағы қоңырау тетігін басып қалып еді, хатшы қыз жетіп келді.
— Маған кадр бастығын шақыр!
Кадр бастығына: «Мына балаға №1 бригада алаңына бұрғышылық жұмысқа бұйрық беріңіз!» дегені.
— Салтанат Балғымбайұлы, онда бұрғышылық орын жоқ.
— Болады. Соның ішінде Қарақия экспедициясынан келген мамандарға қалай да орын табылуы керек және біреу емес, екеу. Оның бірі – мен үшін, екіншісі – мына бала үшін, оны ұқтыңыз ба?
Кадр бастығы үнсіз қалды.
— Ендеше, боссыз.
Бұл бастықтың бөлмесінен төбесі көкке жетіп, марқайып шықты. Жұмысқа орналасты.
С.Әбуғалиев өндірістің осы қиын саласында жұмыс жасай жүріп, өмірлік және еңбек тәжірибесін жинақтай білді. Заман талабына сай күрделі еңбек жолында өз сатысымен оның жұмыс дәрежесі де өсе бастады. Мұнай көзін табу жұмысының қиыншылығы да аз емес-ау. Бұл жөнінде ардагер геолог-барлаушы, «ҚР жер қойнауының құрметті барлаушысы» Болат Өтебаев былай деп еске алады: «Бірде Октябрь атты кеніштің ұңғымасынан (№16 ұңғыма) газ шығып кетіп, «Атыраумұнайгазгеология» АҚ-ның бас инженері Н.Аманжаров бастаған бір топ маман сол бригадаға көмекке бардық. Газ бұрқағын ауыздықтау ісін ПНРЭ-нің орталық инженерлік-технологиялық қызметінің бастығы С.Әбуғалиев басқарып жүр екен. Бәрін жүйелеп, тексере келсек, бар-жоғы бір түннің ішінде адам сенбес қыруар жұмыс атқарылыпты, бірақ әлі де істелетіндері жетерлік. Сүйінішбектің бірнеше өндірістік мекемелерден келген жұмысшыларды бір бағытқа жұмылдырып, бір түнде күрделі жұмысты ойдағыдай бітіргенін көріп, оның іс тетігін білетін және ұйымдастыру қабілетінің молдығын, қатаң тәртіптің адамы екендігін байқадық. Бір қарағанда ол сол кездің өзінде дайын басшы, білгір маман екеніне куә болдық» деп жоғары баға береді.
Міне, осы сияқты аз сөйлеп, көп жұмыс бітіретін, қатаң тәртіп орната білетін Сүйінішбек аз уақытта бұрғылау бастығы, орталық инженерлік-технологиялық қызмет бастығы,өндірістің жабдықтау жөніндегі база бастығы, экспедиция бастығының орынбасары, «Атыраугазгеология» АҚ бастығының кен алаңдарындағы бұрғылау жұмыстарын жоспарлау мен ұйымдастыру жөніндегі орынбасары қызметтерінде болды.
1996-2002 жылдары Қазақ геологиялық барлау, ғылыми-зерттеу институтында (КазНИГРИ) еңбек етіп, геологиялық барлау мен бұрғылауды ғылыми негізде зерттеу ісімен айналысты. Ол «Қарақұдықмұнай», «Қазақтүрікмұнай», «Прикаспийбурнефть», «Атыраугазгеология», «Казполмұнай», «ЦентральАзиянефть» «Теңізшевройл» өндіріс орындары мен кен алаңдарындағы 1500-5000 метрлік ұңғымаларды терең бұрғылау жобаларын ғылыми түрде негіздеуге атсалысты.
2005 жылы өндіріс пен ғылыми ізденісті ұштастыра жүріп, техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін кандидаттық диссертация қорғады.
Қатардағы бұрғышыдан өндірістің бірінші басшысына дейін өсіп қалыптасуына, білікті маман, өндірісті шебер ұйымдастыра білетін басшы дәрежесіне бірден қол жетпегені белгілі. Бұл кезеңде қатарлас еңбек еткен әріптестердің, ұжым басшыларының мол тәжірибесі, өмірлік ұстанымдары, азаматтық қасиеттері Сүйінішбекке де ықпал етпей қойған жоқ. Жақсыдан үйрену, жаманнан жирену қағидасын ұстанған ол өзінің өміріне, азаматтық қалыптасу дәрежесіне тікелей үлес қосқан ағалары мен әріптестерін әрдайым мақтаныш етеді. Өзіне ұстаз тұтатын елімізге және шет мемлекеттерге белгілі атақты мұнайшы Салтанат Балғымбайұлы Балғымбаевты, басқару ісін аса жетік білетін Береген Жексенұлы Жоламановты, өндіріс технологиясының білгір маманы Болат Қабиұлы Өтебаевты, белгілі ғалым, айтулы геолог Базар Аташұлы Есқожаны, КазНИГРИ мекемесін бірнеше жыл басқарған Қазақ КСР еңбек сіңірген геолог-барлаушысы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері Таумұш Нұрышұлы Жұмағалиевты, ғалым, «ҚР жер қойнауының құрметті барлаушысы» Марат Қорқытұлы Байзақовты әрдайым еске алып отырады. Өзінің Бегайдар мен Шығыс Жаңаталап, Көнеу, Кордуан-Имашев, Қаратөбе, Бөрбайтал, Төбеарал, Сазанқұрақ, Забурын, Манаш, Сарышағыл, Көксазды, Құм, Күмісбек, Кобяково, Жетіарал, Жыланқабақ, Орысқазған, басқа да құрылымдарда өз ісінің шеберлері, жеті қат жер астының тамыршылары Нәси Сисенәлиев, Жолжан Смадьяров, Құспан Қабдолов, Нұрберген Балғымбаев, Ермек Нәжікенов, Аман Дүйсенов, Замрат Шамаров, Қуаныш Матжанов, Қанат Нығыметов, Шаһадат Сәрсенов, Марал Мырзағалиев, Рабай Тасқынбаев, Елемес Бөрлібаев, Төлеген Наурызов сияқты әріптестермен жұмыстас болғанын мақтаныш етеді.
Сүйінішбек Құрманбайұлы соңғы он үш жылда әуелі Ресей-Американ, кейін Ресей-Қытай бірлескен кәсіпорны – «АдайПетролеумКомпани» ЖШС-де бас директор болып жұмыс жасайды.
Осы уақыт ішінде аталған кәсіпорында біршама жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда Биікжал, Қасқырбұлақ, мұнай кеніштері ашылды. Жүргізген сейсмикалық жұмыстары бойынша, алғашқы рет Каспий маңы аумағынан 7200 метр тереңдікте орналасқан жоғарғы девон тұз асты қабатынан мұнай-газ қабаты анықталып, терең бұрғылау ұңғыма қазуға Қырықмерген,Солтүстік Мұнайлы құрылымдары дайындалды.
Бұл ретте Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған «Қазақстан геологиялық барлау саласы бойынша әлемдік нарыққа шығуға тиіс. Тиісті заңнаманы жетілдіре отырып, бұл салаға шетелдік инжинирингтік компаниялардан инвестиция тартқан жөн. Жалпы, дәстүрлі салаларға қатысты біздің оларды дамыту жөніндегі бөлек жоспарларымыз болуы керек» деген жолдауының мәні ерекше. Өйткені, бүгінгі ел мақсаты – әлемдік нарыққа шығу, сөйтіп өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша серпін беру керек. Сүйінішбектің бүгінгі ізгі арманы сол.
С.Әбуғалиев қазіргі таңда облыс көлемінде өтетін рухани-мәдени шараларға араласып, демеушілік көрсетуді естен шығармайды. Сонымен қатар, ол – Атырау облыстық мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясының фракция мүшесі. Жақында ғана ол филиал жанындағы «Инновациялық экономика» бағыты бойынша партиялық куратор ретінде сараптамалық топ отырысын өткізіп, облыста жолаушыларды тасымалдау қызметінің сапасы жайын қарап, кеңінен талқылады. Тиісті шаралар алуға ұсыныс берді. Жоғарыда айтқанымыздай, Сүйінішбектің қоғамдық пайдалы еңбек пен қызметке араласқанына қырық жылдан астам уақыт болды. Соның бәрінде ол ел басқарып, халықпен жұмыс істеген әкесі Құрманбайдың әрдайым айтып отыратын «Еш уақытта ешкімнің ала жібін аттама, еңбекпен тапқан қара судың өзі әрдайым тәтті болады. Тау қопарар талабың болса, талайлардың алдына шығасың, атың ардақталады, артыңда із қалады» деген аталық сөздерін естен шығарып көрген жоқ. Ол адал еңбегімен «Қазақстан мұнайына 100 жыл медалімен»,«ҚР жер қойнауын барлаудың үздігі», «ҚР жер қойнауының құрметті барлаушысы» төсбелгісін алды. Сонымен бірге «Құрмет» орденімен марапатталды. Ғалым ретінде болашақ мұнайшы студенттер мен магистранттарға ғылыми жетекшілік етеді. Қазақстан мен Ресейдің ғылыми журналдарында отыздан астам еңбегі жарияланды. Он авторлық жұмысына куәлік алды. ҚР Ұлттық Инженерлік Академиясының корреспондент мүшесі.
Құдай қосқан қосағы Гүлшара Барысқызы (педагогика ғылымдарының кандидаты) екеуі Айжан (дәрігер), Айгерім (инженер), Айдана (қаржыгер) есімді қыздар тәрбиелеп, өсіруде. Алды тұрмыста, жиендері бар.
Қашанда адам жүрген жерде із қалады. Ал, Сүйінішбек болса, ылғи да мұнаралар басына шырақ жағып,айналасына шуақ шашып жүрген азамат. Өз бақытын еңбектен тапқан еліне елеулі, халқына қалаулы Сүйінішбек Құрманбайұлының мерейлі алпыс жасы құтты болсын!
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,
Атырау қаласы.