Өркениетке ашылған өріс
Қазақстан Президенті «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында нақты міндеттерді алға қойды.
«Біз ұрпаққа көркейген елді, нығайған бірлікті, мызғымас тұрақтылықпен еселенген байлықты мирас етеміз. Дамудың даңғылына тың қарқынмен аяқ басамыз. Бес халықтық реформаны табысты жүзеге асырып, болашағы біртұтас елге айналамыз» деген Елбасының сөзі ұстаздар қауымын қанаттандырып, бойымызға тың күш-жігер құйғандай болды.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жүз мектеп, жүз аурухана» бағдарламасы негізінде Атырау облысы бойынша Атырау қаласында алғаш рет 2009 жылы лингвистикалық бағыттағы білім ордасы ашылды. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы әлемдік деңгейдегі білімге ұмтылатын көптілді білім моделін қалыптастыру мақсатын алға қойған №34 лингвистикалық мектеп-гимназиясы жаңа идеялар мен тиімді технологияларды, инновациялық бағыттарды ұстана отырып, жалпы білім берудің заманауи моделін қалыптастыруда. Мектеп-гимназия 2009-2020 жылдарға арналған лингвистикалық бағыттағы стратегиялық даму бағдарламасын құрып, «Полилингвист-жасампаз мектепте» жобасын іске асыру кезеңдерін айқындап, жоспарлы ұстанымдары мен басқару жүйесін жүзеге асырып келеді. Білім беру процесінде педагогикалық ұжым отандық және әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беруде.
Оқу-тәрбие саласындағы тәжірибе алмасу, озық үлгідегі жұмыстарды тарату мақсатында мектебімізде облыс, республика көлемінде бірнеше рет семинарлар мен конференциялар, сайыстар мен байқаулар өткізілді. Білім беруді дамыту мен білім алушыларды әлеуметтік бейімдеуде шетелдік әріптестермен кездесулер өткізіліп, жеке тұлға интеллектуалдық, академиялық, шығармашылық, көшбасшылық бағыттарға бейімделіп келеді.
Біздер, жарқын заманымыздың зиялы қауымы, білім беруді дамытуға арналған тұжырымдамаларды басшылыққа алып, жұмысымызды жандандыра береміз.
Дәмелі ІЗБАСҚАНОВА,
№34 лингвистикалық мектеп-гимназиясының директоры, Атырау қаласы.