ОРАЗКҮЛ АСАНҒАЗЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «ҚАЗАҚТАРДЫ ҚАЗАҚТЫҢ ТІЛІ БІРІКТІРЕДІ»
— Жақында Парламент мінберінен «оралман» сөзінен біржола арылу мәселесі көтерілді. Бұл – бұған дейін де айтылып келе жатқан дүние. Осы ұсыныстың талқыға түсуінің астарын түсіндіріп өтіңізші.
— Кезінде шеттен келген қандастарымызды «оралман» деп емес, «отандастар» деп атайық деген ұсыныстар да болды. «Отандастар» деп атамаудың өзіндік мәні, әлеуметтік, экономикалық себебі де болды. Өйткені, «отандастар» десек, бұл ұғымның Қазақстанда тұратын халықтың бәріне де қатысы болар еді. Сондықтан, сырттан келген бауырларымызға, қандастарымызға әлеуметтік көмек көрсету, арнайы заң, бағдарлама қабылдау үшін «оралман» деген сөзді заң термині ретінде қолдану қажет болды. Десек те, бұрынғы заңдардың барлығында «оралман» сөзі нақты жазылып кеткендіктен, бұл сөз өзінің тарихи миссиясын орындады деп ойлаймын. «Және оны өзгертудің қаншалықты қажеттілігі бар?» деген ой да мазалайды.
Ал, сөздің берер ұғымына, грамматикалық тұрқына келсек, бұл сөз анайы немесе тұрпайы құбылысты, атауды білдіретін сөз емес. Сол себепті сөзге шүйлігудің, оған соншама мән берудің қажеті шамалы деп ойлаймын. Бұл ұғым тек азаматтық алғанша ғана, ал, елге оралған бауырларымыздың азаматтық алуы, заңға өзгерістер енгізуге байланысты жеңілдетілді.
— «Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» деген сөз бар. «Жетімін қаңғытпаған ел едік» дегенді де жиі айтамыз. Ендеше, жетім балаларымызды шетке жібермей, оларды қазақ жерінде неге өсірмейміз? Осындай мүмкіндікке қашан қол жеткізуіміз мүмкін?
— Әрине, айтып отырғаныңыз өте орынды. Бірақ, мәселенің екінші жағы да бар. Біріншіден, Қазақстан – әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесі ретінде «Балаларды қорғау және баланы шетелдік асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияға» қосылған мемлекет. Сондықтан, біздің елімізге де әлемдік шарттарды орындап отыруға тура келеді. Олай болмаған жағдайда, бұл бала құқығын шектеу болып табылады. Бірақ, Сыртқы істер министрлігінің, Бас прокуратураның, Білім және ғылым министрлігінің мәліметі әртүрлі болғандықтан есепті нақтылау, шетке кеткен балаларды қадағалау тапсырылды, «отандасымыз бен шетелдік азамат бала асырап алуға ниет білдіргенде бала ең алдымен қазақстандықтарға берілуі керек» деген мәселе қойдық. Осыған орай, бала асырап алам деуші отандастарымызға талап та, заңдық мәселелер де біраз жеңілдетілді. Қаржылай қолдау мәселесі де реттелді. Бұдан арғысын халықтың санасына бердік.
— Жетімдер санының, сәйкесінше жетімдер үйінің күн санап көбеюін отбасы құндылықтарының әлсіреуімен де тікелей байланыстыруға болатындай. Ендеше, бүгінгі отбасы тәрбиесінде нендей мәселелер кемшін түсіп жатыр деп есептейсіз?
— Әрине, мемлекеттің негізі – берік отбасында. Өйткені, отбасыдан келіп қоғам құрылады. Ол қоғам мемлекеттің даму бағытын айқындайды. Өкінішке қарай, бүгінгі отбасылық тәрбие ұлттық құндылықтардан ажырап бара жатыр. Ақпарат нөпірінің көптігі сонша, біз жаһандануға жұтылып бара жатырмыз. Түрлі ақпарат көздері, анайылықты, өзге де жат қылықтарды насихаттайтын фильмдердің нәтижесінде қазақ жерінде бұрын-соңды болмаған қарттар, жетімдер үйлері пайда болды. Сондықтан, біздің алдымызда ер азаматтардың жауапкершілігін көтеру, қыз балалардың тәрбиесіне жеткілікті мән беру міндеті тұр. Мемлекет басшысының айрықша маңыз беруімен ел көлемінде өтіп жатқан «Мерейлі отбасы» байқауының тұрақты ұйымдастырылуының астарында да осындай мәселе жатыр. Сондықтан, отбасындағы атаның, әженің рөлін қалпына келтіру, әке мен ананың жауапкершілігін көтеру мәселелеріне маңыз бере түсуімізге тура келеді. Біздің ұрпағымызға әженің әлдиі, атаның батасы, әке мен шешенің ырзашылығы мен мейірімі, өнегелі тәрбиесі, өрісті үлгісі аса қажет.
— Дінді кей жағдайда қасиетке емес, қасіретке айналдырып алуымызға не себеп?
— Данышпан қазақ «сені баққан анаңнан айналайын» деген сөзді тегін айтпаған. Қайын сіңлісіне ат қойып, қайын жұртының бетіне келмеген, кішіге ізет көрсетіп, үлкеннің жолын кеспеген қазақы тәрбиені «еліктеушілік» деп аталатын кесапат бұзды. Жетпіс жыл орысқа еліктеп едік, енді ағымға еліктей бастадық. Оның зардабы да көп күттірген жоқ. Бір ғана Сирия мемлекетіндегі жағдайлар дінді түсінбегендердің дүрмегі қандай болатынын көрсетті. Сондықтан, діни білімді, рухани құндылықтарды арттыруда көптеген жұмыстар жасалуы керек.
— Тарыдай шашылған қазақты қаншалықты біріктіре алдық? Осы мақсатқа бастайтын «Нұрлы көш» қаншалықты өз мақсатына жетті? Әңгімені осы сұрақпен түйіндесек…
— Қазақтарды біріктіретін ең негізгі құндылық бар. Ол – қазақ тілі. Бүгінде қазақтар әлемнің 44 мемлекетінде тұрады. Міне, сол қазақтарды бүгінде ұлттық тіл ғана біріктіруі тиіс. Әлемде қандастарын өз еліне шақырып отырған үш қана мемлекет бар. Олар – Израиль, Алмания және Қазақстан. Осы үштіктің қатарында Қазақ елінің болуының өзі үлкен мақтаныш. Ал, тікелей «Нұрлы көш» бағдарламасына келетін болсақ, көш белгілі бір деңгейде тарихи миссиясын орындай алды. Бірақ, оны толыққанды жүзеге асыру қаржы мәселесіне келіп тіреледі. Ал, қаржы жайының қалай болып жатқандығы бүгінде бесенеден белгілі. Сондықтан, шеттен келген қазақтар «маған не береді?» деп емес, «мен еліме не беремін?» деген мақсатпен келсе деймін. Дәл осы ұғыммен келген көптеген қандастарымыз еліміздің экономикасына, мәдениетіне өз үлестерін қосуда. Қазақстанның қай шетіне келсе де олар Отанын, елін, жерін сүюдің, тілін, дінін, мәдениетін қастерлеудің, құрметтеудің озық үлгісін көрсетуде.
Сөз соңында мынаны айтқым келеді: Қазақ тарихта рухы биік, намысы жоғары, ар тазалығын бар байлықтан жоғары қойған дана халық ретінде қалды. Бүгінгі жастарымыз осындай дара халықтың ұрпағы екендігін мақтан тұтуы тиіс. Біз әлемнің ең дамыған отыз еліне осындай намысшыл бейнемізбен барғанда ғана озық тұратын боламыз.
— Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
(Арнайы «Атырау» газеті үшін).