Жарнама
Қоғам

Ораза айт–шүкіршіліктің мерекесі

  Бүгін Ораза айт мерекесі басталды. Мың айдан да қайырлы Рамазаннан кейін келетін ізгіліктің мерекесін күллі мұсылман қауым айрықша қуанышпен, зор ықыласпен атап өтеді. Өйткені, бұл — Рамазан айымен қимай қоштасып, келесі Рамазанға есендікте жетуді тілеп, құлшылық ететін нығметке толы күн.

  Айт күнінің өзіне тән жарасымды да, сауапты амалдары көп. Айт күні оқылған намаз да, жасалған дұға да ерекше. Бұл күні ғұсыл құйынып, айт намазына қатысу – сүннет. Осы жерде Жәбирдің «Айт күні Пайғамбар (с.ғ.с) әдетте айт намазынан оған барған жолдан өзге жолмен қайтатын» деген сөзіне оқырман назарын аудар-ғым келеді. Ғалымдардың пікірінше, Пайғамбардың (с.ғ.с) айт намазынан өзге жолмен қайтуының астарында, оның көп адамдарды құттықтау ниеті немесе исламның күші мен ұлылығын көрсетуді қалағаны жатуы мүмкін.

 Бұл мерекеде әр шаңырақта түрлі тағамдар пісіріліп, әр үйде әдеттегіден сәнді дастархан жайылып, қонақ шақырылуы, адамдардың бірін-бірі құттықтап, игі тілектер арнауға асығуы Пайғамбардың (с.ғ.с) дәстүрге айналып кеткен сүннеті. Ағайын арасындағы үзілген байланыстарды жал-ғау, туыстық, бауырластық қатынастарды нығайту — бұл мейрамның негізгі ерекшелігі, мәні, маңызы болып табылады.

 Бүгінгідей алмағайып заманда татуластық, бірлік, тұтастық мәселелерінің өткір тұрғанын ескерсек, Ораза айт мерекесін қоғамдық тұрақтылықты сақтаушы тетік ретінде қабылдауымыз қажет. Ораза айттың тағы бір ерекшелігі, ол шүкіршіліктің, сабырлылықтың мерекесі. Адамдарды бір-бірімен жақындастыра түсетін, оларды бір дастарханның басында қосып, бауыр ететін Ораза айт ескі өкпе-реніштерді ұмыттырып, меймандостыққа бастайтын ерекше күн.

 Айта кетерлігі, Ораза айттың бірінші күнінде барша мұсылманға ауыз ашу шарт. Ал, Ораза айттың екінші күнінен бастап, шәууәл айының алты күн нәпіл оразасын ұстаймын деушілер болса, ауыз бекітуге рұқсат. Сан ғасырлық тарихты бастан өткерген ата-бабаларымыз кезінде «қарға тамырлы қазақпыз» деген өсиетті тегіннен айтып қалдырмаған. Бұл барша қазақтың бауыр, туыс, қандас екенін білдіреді. Демек, бұл біздің діни сенім мәселесінде ғана емес, өмірлік, қоғамдық қатынастарда да бір-бірімізден ажырай алмайтынымызды көрсетеді. Бірлігіміз бекем болса, тәуелсіздігіміз де тұғырлы болмақ.

 Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барша мұсылман қауымды Ораза айт мейрамымен құттықтаймын! Ораза айт жүректерге иман, дінімізге қуат, елімізге тыныштық пен береке бергей!

Батыржан МАНСҰРОВ,

орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button