Орамал таққан оқушы
Жуырда әлеуметтік желіде «Жоғарғы сот мектептерде орамал тағуды заңды деп тапты» деген хабар тарады. Осыған байланысты желі пайдаланушылардың пікірі екіге жарылған болатын. Содан көп ұзамай Жоғарғы сот бұл әңгімені жоққа шығарып, оның жалған екенін мәлімдеді.
Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, істі қарау шеңберінде Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы білім беру мекемесінде орамал тағудың заңдылығы жөніндегі мәселені талқыламаған.
«Кассациялық саты мектептің оқушыны сабаққа жібермеуін заңсыз деп таныды. Өйткені, білім алу құқығы Қазақстан Республикасы азаматтарының негізгі конституциялық құқықтарының бірі» делінген хабарламада.
Жоғарғы соттың жауабы
Құзырлы орган сонымен қатар, бейінді министрлікте орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту бойынша өкілеттіктер барын еске салды.
– Бұл ретте ата-аналардың балаларды тәрбиелеу, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі өзіне алған және заңда белгіленген міндеттерді орындамауы заңда белгіленген. Оның ішінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көзделген жауаптылыққа әкеледі, -деген Жоғарғы сот өкілдері ата-аналар мектеп жарғысы мен мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті екенін атап өтті.
Ата-ананың басты міндеті
Расында, жыл сайын оқу жылы басталысымен орамал мәселесі өзекті болады. Кейбір дін жолындағы ата-аналардың қыздарына хиджаб кигізіп, мектепке жіберетіні жасырын емес. Қоғамның назарын аударған сұрақты облыстың бас имамы Алтынбек Ұтысханұлына қойғанбыз.
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқушы қыздардың мектепке орамал тағып баруына қатысты туындаған мәселеге өз мәлімдемесін жариялаған болатын. Иманды, білімді ұрпақ тәрбиелеу – әрбір ата-ананың басты мақсаты. Шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қыздың орамал тағуы – парыз. Сол секілді білім алудың да үкімі – парыз. Мүфтият шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу парыз екенін жоққа шығарған емес. Сондай-ақ, орамал тағу – ұлттық дәстүріміз. Мұны мұсылман қауымы терең түсінуі тиіс. Алайда, шариғатымыз балиғат жасына толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейді. Мұны да мұсылман жамағаты дұрыс түсінуі керек. Айта кетерлігі, облыс әкімінің қолдауымен Атырауда тек қана қыз балалар оқитын мектеп ашылды. Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі тіркеген аталған оқу орнында 800-ге жуық оқушы қыз бала білім алуда. Осындай оңтайлы шешімдер арқылы да, болашақта мәселелер оңынан шешіледі деген үміттеміз. Яғни, келісіп пішкен тон қашан да келте болмайды. Қалай дегенмен, Қазақстан – зайырлы мемлекет және әр баланың білім алуға құқығы бар, — деп тұжырымдады бас имам.
Мектептегі киім үлгісі маңызды
Аталған мәселеге байланысты облыстық білім басқармасына хабарласқанымызда, оның өкілдері өңірде бірыңғай мектеп формасын сақтау басты назардағы мәселе екендігіне маңыз берді.
–Ата-аналар осы мектептердің заңды ережелеріне сәйкес, балаларды орта мектептерде оқытуды қамтамасыз етуге міндетті. Жалпы, мектеп формасына қатысты Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» бұйрығында «Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды» деп ұйғарылған.
Яғни, мектепке ешқандай діни киім киюге болмайды, оған христиан киімі, индустердің сариі секілді мұсылмандардың хиджабы да енеді. Бала жас шыбық секілді, қалай майыстырсаң солай иіледі. Сондықтан балаға оң бағыт-бағдар беру, ата-аналар мен педагогтер қауымының ортақ парызы, — деген облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Түңғатарова мектеп қабырғасынан тыс жерде ата-ана баласына қандай киім кигізсе де еркінде екенін тілге тиік етті.
Соңғы кезде қоғамда бірі «дінге қатысты заңды қатайту керек», керісінше, екіншісі «адамның құқын шектеу» деген пікірлер айтылып жүр. Қалай десек те, зайырлы мемлекетте мектеп те зайырлы, діннен алшақ болғаны жөн болар. Сондықтан ата-аналардың елімізде қалыптасқан, бірыңғай мектеп формасына қатысты талапқа түсіністікпен қарауы маңызды. Ендеше, оқушы қызыңызға орамал тағуға асықпаңыз, ата-ана…
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Сурет: edunews.kz