
Ономастикадағы олқылықтар
Халықтың жадын жаңғыртып, тарихи санасын қалыптастыруда ономастиканың алатын орны ерекше. Әсіресе, жас ұрпақты туған жерін сүюге, ата-баба еңбегін бағалауға, отансүйгіштікке тәрбиелеу жолында көше мен мекеме атаулары арқылы үлгі болу – мемлекет ұстануға тиіс маңызды рухани саясаттың бірі. Алайда бүгінгі ономастика саласындағы кемшіліктер кейде көңілге кірбің ұялатады.

Мен бұл тақырыпқа бұған дейін де қалам тартқанмын. Мәселен, атақты тұлғалардың есімі берілген көшелерде оның кім болғаны, елге сіңірген еңбегі жайлы ақпаратты адамдар көп жиналатын сол көшедегі аялдама, дүкендер, тағы басқа жерлерде орналастыруды ұсынғанмын. Көшедегі тұрғындардың өздері көшесіне есімі берілген тұлғаны ұрпағына мақтанышпен айтып жүретіндей тануы – маңызды. Тіпті жыл сайын сол тұлғаның туған күні немесе басқа да атаулы күндер аясында тәрбие іс-шаралары өтсе – елдігіміздің белгісі болар еді.
Менің бұл жолғы мақала жазуыма түрткі болған – «Атырау» газетінің 2025 жылғы 10 сәуіріндегі №14 санында жарияланған журналист Рита Өтеуғалидың «Тау тұлғаларға – тасадағы тар көше» атты фотодеректі материалы. Онда Алаш арысы Әлихан Бөкейхан мен қазақтың ержүрек ұшқыш қызы Хиуаз Доспанованың есімдері Атырау қаласында көше атауы ретінде беріле тұра, бұл көшелердің шеткері, назардан тыс, көріксіз болуы – тарихи тұлғаларға жасалған құрмет емес, бейқамдық екені ашық көрсетілген.
Тұлғаға көше берілді, бірақ лайықты ма?
Бір кездері Атырау облысында елге сіңірген еңбегімен ерекшеленген, Ұлы Отан соғысының ардагері, бірнеше мемлекеттік марапат иегері, партия және мемлекеттік қызмет ардагері Әбілқайыр Кенжебаев ағамыздың атына көше атауын беру мәселесін көтеріп, республикалық ономастика комиссиясы арқылы шешілген еді. Алайда қалалық мәслихат шешімімен берілмек көше – әйелдер түрмесінің маңында, бір жағында екі-ақ үй мен бір көлік жөндеу орталығы бар, көше деп айтуға келмейтін жер болып шықты.
Мұндай жағдайға келісе алмай, облыстық ардагерлер кеңесі атынан хат жазып, ұсынысты сессияның күн тәртібінен алдырып тастадық. Содан бері 10 жылдан астам уақыт өтсе де, бұл мәселе әлі шешілмей келеді. Бүгінде ол көшеге 2-3 үй салынған, бірақ бәрібір ол көше Әбекеңнің елге сіңірген еңбегіне сай деуге келмейді. 80 жылдыққа байланысты бұл мәселені балалары тағы қозғап жатыр екен. Сонда ол тек өзінің ұрпағына ғана керек пе еді? Дұрысында бұл республикалық ономастикалық комиссияда 10 жыл бұрын қолдау тапқан мәселе. Сонша мерзімде дұрыс көше тауып, шешімін шығару ғана қажет еді ғой?!
Республикалық деңгейде қолдау алған атауды лайықты жерге орналастыру үшін жергілікті шенеуніктер бір шешімге келе алмай отырғанын қалай түсінеміз?
Мемлекет қайраткері, Гурьев (қазіргі Атырау) облысында 7-8 жыл, республикада 13 жыл бірінші басшы қызметін атқарған Нұртас Оңдасыновтың мәселесі тағы бір мысал бола алады. Түркістанда өткен мерейтойлық жиында Атырау қаласының сол кездегі әкімі Нұрпейіс Мақашевтің көше беру жөніндегі шешімін үлкен құрметпен апарып тапсырған едік. Бірақ бүгінде ол көшенің де көрінісі ұлы тұлғаның есіміне сай емес. Ондасыновтың аты бізде әділ бағасын алмауда. Ал Маңғыстауда оған ескерткіш те орнатылған.
Атаулар қайталанып, тұрғындар шатасады
Қала мен бұрынғы Балықшы кенті біріккеніне бірнеше онжылдық өтсе де, көше атауларында ретсіздік бар. Тек мен білетін Жұмекен Нәжімеденов, Қайрат Рысқұлбеков, Бауыржан Момышұлы есімдері екі жақта да қайталанып кеткен. Бұл жағдай тұрғындармен қатар, жедел жәрдем, такси, сырттан келген қонақтар үшін де қиындық туғызуда. Ономастиканың «бір елді мекен ішінде атаулар қайталанбауы тиіс» деген талабы да бар емес пе?
Бүгінде ономастика комиссиялары елге таныс тұлғалар мен тарихи атауларды енгізу үшін «Тарихи тұлғалар» деген тізіммен ғана жұмыс істеуде. Бірақ бұл тізімде Атырау облысынан бар болғаны екі-ақ атау. Оның өзінде «Нарын» атауы тіпті «асқа салатын қамыр», «құмды өлке» деп сипатталғаны таңғалдырмай қоймайды. Сондықтан Байқоңыр, Тарбағатай, Бурабай, Шымкент, Теміртау секілді басқа өңірлерге тиесілі атаулар қала көшелерінен көптеп орын алған. Ал өз жеріміздегі Тайсойған, Қараой, Иманқара, Дендертау, Жалтыркөл, Мыңтөбе, Бөкей шешесі, Тайманжал, Дуаберген сияқты тарихи атауларды таба алмайсың. Сондықтан ресми атауға айнала алмай келеді.
Тұлғалар мен ата-баба рухы атаусыз қалмасын
Елге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз азаматтың бірі Сағидолла Құбашев – Атырау өңіріне еңбегі сіңген тұлға. Оның Ақтөбе, Қызылорда, Семей облыстарындағы бірінші басшылық қызметтерін айтпағанда, республиканың министрлер кабинеті төрағасының орынбасары, орталық партия комитетінің екінші хатшысы, Ленин, Октябрь революциясы, төрт Еңбек Қызыл ту, Халықтар достығы ордендері бар тұлға еді. Жалғыз ұлы өмірден ерте өтіп, жалғыз немересі бөлектеу ортада өскен соң, бұл есімге ие болуды сұрайтын ешкім жоқ деуге болады. Алайда бұл қоғам мен биліктің әділеттілік пен ұлт рухын көтерудегі міндетінен босатпайды. Меніңше «Көктем» базарынан Еркінқала ауылына дейін баратын үлкен жолға оның есімі әбден лайық.
Сол секілді Махамбет бабамыздың қабірін тарихта нақтылап көрсеткен жалғыз куә – Құрақ Бектұрғановтың да есімі ескерусіз қалған. Бұл кісі батырдың сүйегіне жасаған қамқорлығымен ел есінде қалуға лайық жан еді. Құрақ Бектұрғановқа қаладан көше атын беру жөнінде әкімдер қатысқан басқосуда, газет беттеріне жазып, көтеріп жүрмін.
Комиссия жұмысы – жүйесіздікпен шектеліп отыр
Бір кездері облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде комиссияға мүше болдым. Себебі ономастика – ең алдымен ардагерлердің, елге еңбек сіңіргендердің атын ұлықтау саласы. Сол кезеңде тарихи тұлғалардың тізімін толықтыру қажеттігін көтергенмін. Қазір «тізім толықтырылды» делінгенімен, оның мазмұны көңілден шыға ма – ол жағы беймәлім. Бізге белгісіз.
Әкім орынбасарлары басқаратын бұл комиссиялардың жұмысын көбіне бөлім мамандары өткізе беретін, кейбір ардагерлер өз еркімен мүшеліктен шығып кеткен. Өзім қатысқан бір жиында сол кезде облыс әкімінің орынбасары қызметін атқаратын С.Шәпкенов комиссия жұмысының шын мәнінде маңызды екенін айтып, өзі де көп нәрсені үйренгенін жеткізген болатын.
Ономастика – ұлт рухының айнасы
Мемлекет басшысы ономастикаға бірнеше рет назар аударды. Сарайшықтағы Ұлттық құрылтайда да, Бурабайдағы жиында да бұл саланы оңтайландыру қажет екенін айтты. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин арнайы жиын өткізді. Демек, орталықта саяси ерік бар, енді аймақтар да ұйқысынан оянуы керек.
Кеңестік кезеңде рұқсат берілмесе де, ел үшін игілік жасай білген М.Сағымбаев пен Д.Қонаевтың үлгісі – бүгінгі билікке де үлгі боларлық. М.Сағымбаев Балқұдық совхозының директоры кезінде (кейін обком хатшысы болатын) Балқұдықта мектеп жоспарда болмаса да, екі қабатты білім ордасын салдырып, халық игілігіне берді. Сол үшін жазаға тартылса да, кейін бұл қадамы ел есінде қалды. Ал Д.Қонаев КСРО Қатынас жолдары министрлігі жоспарға енгізбесе де, Мақат–Индер теміржолын Республиканың автомобиль жолдары министрлігі арқылы салдырып, ел игілігіне тапсырды.
Мұндай батыл шешімдер бүгінгі ономастика жұмысына да қажет-ақ. Әсіресе, қоғам мен мемлекет мүддесі тоғысқан сәтте шенеуніктердің қағазбастылық пен «бекітілген тізім» деген сылтаудан аса алмауы – рухани кембағалдықтың көрінісі.
Алыстан іздемей-ақ тағы бір мысал келтірмекпін. Х.Ерғалиев ауылындағы Амангелді атындағы орта мектепке біз бітіргендегі директорымыз марқұм Ғибатолла Масалимовтың атын беру де орталық ономастикалық комиссия «республикаға танымал емес адам» деп үш рет кері қайтарғанына қарамай, жаңа деректер қосып, бірде Равильге (Шырдабаев), ол жоқ болса өзім (оның орынбасары едім) қол қойып, ақыры қолымызды жеткіздік. Әкежан Қажыгелдин қолын қойды. Соңғы жағында орталық «Амангелді атына тиюге болмайды, Масалимов одан артық емес қой» деген сияқты уәжбен қайтарғанда біз «сол селодағы негізгі екі көшенің бірі Амангелді атында, сондықтан ономастика талабына сай біреуін бәрібір өзгертуіміз керек болып тұр» деп түсіністік. Сондықтан ел игілігі үшін жасалатын шаруаларға кейде кедергі болатын тапсырмадан шыға да білуміз қажет-ау. Қоғамдық игілік жолында әрекет ететін адамға шешім қабылдай алатын батылдық, тарихи жауапкершілік және ұлттық рух қажет.
Ономастика – жай ғана атау беру процесі емес, ол – елдің рухани іргетасы. Сол іргетастың берік болуына әр азамат, әр шенеунік, әр мекеме жауапты. Жас ұрпақ кімнің атында жүрген көшеде өмір сүріп жатқанын, ол тұлғаның ел үшін не істегенін біліп өсуі керек. Сонда ғана біз ертеңімізге сенімді бола аламыз.
Қатимолла РИЗУАНОВ,
мемлекеттік қызмет саласының ардагері,
Атырау облысының Құрметті азаматы