ӨМІРІ ӨНЕГЕМЕН ӨРНЕКТЕЛГЕН
«МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН»
Халқымыздың аяулы ұлдарының бірі Мағжан Жұмабаевтың өткен ғасырдың басында айтқан осы сөздерін Жолдасқали Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған лицей-интернат оқушыларымен кездесуінде абыз ақсақал Орынғазы Есқазиев қайталады. Білесіз бе, ұрпақтар үндестігі шынайы шықты. Өйткені, қадірменді қарт жасөспірімдерге мейірлене қарап, шын жүрегімен жақсылық тіледі.
Дәлізге атақты геолог-барлаушы өмірінен сыр шертетін суреттер ілініпті. Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарының естелігі қандай ыстық! Жалынды жастық шақтан сыр шертпей ме олар? Орынғазы Есқазиев те сол суреттердің арасынан өзін көріп, қашан және қай жерде түсірілгенін есіне алып жатты. «Шіркін-ай, — деді бір кезде жеңіл күрсініп, — мына жігіттердің көбі бүгінде арамызда жоқ қой» Ардагердің нұсқаған жағына бұрылғанбыз, бір топ қазақ азаматы суреттен күлімсіреп қарап тұр екен. Олар – жоғары оқу орындарын Алматы мен Мәскеуден бітірген, арнайы білім алған алғашқы геолог-барлаушылар. Әлдебір жиналыстан шыққан секілді, таза киімдерімен сап түзепті. «Білесің бе, — деді бір кезде Орекең жанындағы «Марабаев» атындағы республикалық мұнайшылар қоры Атырау аймақтық директоры Болат Өтебаевқа бұрылып, — мектепте бірге оқыған отыз баладан қазір үш-төртеуіміз ғана қалыппыз»
Лицей директоры Фаруза Шангереева қонақтарды оқу кабинеттерімен танысуға шақырды. Ғимарат сонау 1948 жылы салынғанымен, күтіп ұстау мен жүргізілген жөндеу нәтижесінде әлі де кәдеге жарап тұр. Терең тәлім алуға қажетті барлық жабдықтармен жарақтандырылған. Соған сәйкес шәкірттердің білім деңгейі де жоғары. Соңғы он жылда ғана 64 «Алтын белгі» мен 87 «Үздік аттестат» иесі қанаттаныпты. Өткен оқу жылында ҰБТ-ның орташа нәтижесі 85,7 балл болыпты.
Ал, бұл жолы ардагермен кездесуге лицейде дәріс алатын 384 шәкірттің жоғары сынып оқушылары жиналыпты. Бәрі де келешегін мұнай-газ саласымен байланыстыруға бел буғандар. Әрі, оқу орнының басшысы Фаруза Шангерееваның айтуынша, лицей түлектерінің 80 пайызы бүгінде «қара алтын» селін тасытушылар қатарында көрінеді.
Айтпақшы, Орынғазы Есқазиевтің бұл білім ордасына келуі бірінші рет емес екен. Сонау 1995 жылы Теңіз кенішін ашқаны үшін еліміздің Мемлекеттік сыйлығын алғандар осында бас қосыпты. Жолдасқали Досмұхамбетов жанына әйелі Ақзираны ертіпті. Осы жолғы шараға да атақты геологтың Исатай және Махамбет есімді қос ұлы қатысты.
Ал, оқушылар абыз ақсақалмен арадағы әңгімеден не ұқты? Қадірменді қарт балаларға халқымыздың өткен тарихын терең білу керектігін айтты. Біздің жерімізді ежелгі гүндер, көне сақтар, байырғы түріктер мекендеген. Бүгінде осы өлкенің нағыз қожасы – Қазақтар. Атақты адамдардың бәрі дерлік ауылдан шыққан. Демек, даналық тұғыры далада қаланады. Міне, жүздесу түйіні осы болды.
— Мен сендерге сенемін, — деді сексеннің сеңгіріндегі майталман геолог, — терең білім алып, білік жинап, туған жерді көркейтіңдер.
«СІЗ БАҚЫТТЫСЫЗ, АҒА»
«Ренессанс» қонақ үйінде ұйымдастырылған салтанатта Орынғазы Есқазиевті 80 жылдығымен облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан құттықтаған оның орынбасары Шыңғыс Мұқан осылай деді. Аймақ басшысының өз қолымен жазған құттықтау хатын табыс етті. Энергетика министрлігінің «Мұнай-газ кенішін ашуға қосқан үлесі үшін» медалін ардагердің өңіріне қадады.
— Ел дамуы, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы, — мұнай-газ саласымен сабақтас. Ал, кез келген ұлт тарихы – сол ұлт өкілдерінің тарихы. Әр саланың Орекең тәрізді тарландары болады. Өмірдің талай сынынан өткен, жиырма шақты кен орнын ашуға белсене қатысқан, ғибратты ғұмыр кешкен Сіз бақыттысыз, аға.
Мерейгерді Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаевтың атынан оның орынбасары Гүлмира Шәкірова, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның бас директоры Махамбет Досмұхамбетов, Қазақстан геолог-мұнайшылар қауымдастығының тете-президенті Қосан Тасқынбаев, Ақтаудан арнайы келген еңбек ардагері Тапан Өржанов, «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкері Мәрия Қаражігітова, т.б. құттықтады.
«ДӘРІГЕР» МАҚАШ РАХМЕТОВ
Жалпы, дала кезген геолог-барлаушылар қиядан қапысын табатын шебер, сөзден орақ оратын шешен келеді. Олардың өмірінде түрлі қызықты жайлар да көп кездеседі. Соның бірін ардагер-мұнайшы Махаш Рахметов есіне түсірді.
Бірде ішінде Орекең, осы Махаң бар бірнеше кісі кен алаңдарын аралайды. Прорвадағы орталық кеңседен 40 шақырымдай шыққанда аударылып жатқан көлік кездеседі. Жақындап келсе, адамдары дін аман. Тек кішкене қызымен жүргізушінің қасында болған келіншек қана өзін тез дәрігерге жеткізу керектігін айтады. Еш жарақаты болмағанымен, қасарысып көнбеген. Ал, дала жолымен кейін қарай тағы да қырық шақырым жүрудің машақаты көп. Сонда оның жай сөзге түсінбесін байқаған Орекең:
— Шырағым, дәрігер іздеп қажеті жоқ. Міне, мына Махаш Рахметов деген кісі дәрігер, — деп ақ костюм-шалбармен жүрген серігін көрсетіпті.
Махаң да сол сәтте дәрігердің рөлін шебер ойнап, дереу келіншекті қызымен «емдей» бастаған. Тіпті Сарықамысқа барғасын ауруханаға жатқызуға да уәде беріпті. Бүгінде сол келіншек те ақ жаулықты әже атанған шығар. Жолда кездескен «дәрігер» жадында ма екен?.
СЕЙІЛХАН, ТОҚСАНБАЙМЕН ТІЗЕ ҚОСЫП
Салтанат сәтінде мерейгерге «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы атынан бас директордың бірінші орынбасары Айболат Габдуллин қазақтың қара домбырасын сыйлады. Тегін емес екен. Бүгінде біреу білсе, біреу білмес – өндірістің қайнаған ортасында жүріп Орекең өнерден кенже қалмапты. Кезінде домбыраның құлағында ойнапты. Белгілі күйші-композиторлар Сейілхан Құсайыновпен және Тоқсанбай Құлтумиевпен бірге Мәскеудің Съездер сарайында өнер көрсеткен. Тамаша емес пе?
Алдында Ж.Досмұхамбетов атындағы лицей-интернатта оқушылар күй тартқанда Орекеңнің ерекше ықыласпен қарап отырғанын аңғарып едік. Домбырамен ән салған титімдей қызға гүл ұсынып, бата берген. Ол да өнерге табынудың белгісі емес пе?
«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп Қадыр Мырза Әлі айтқанындай, қолына домбыра тиген бойда мерейгер пернесін басып, тиегін түзеді. Әрі-бері шертіп, дауысын да байқады. Сол сәтте көпшілік те қолқа салған.
Орекең Құрманғазының «Алатауын» орындап берді. Сексеннің сеңгіріндегі саусақтары жаңылмапты, зал ішін әсем саз кернеді. Шіркін-ай, сонау жылғы 500 кісілік оркестрден қазір қалғандар некен-саяқ қой. Былтыр 1000 адамдық оркестрге де аз ғана бөлігі жиналыпты. Бұл да — өңіріміздің тарихы. Ендеше, ұмытпалық соны.
КЕНБАЙ ҚАЛАЙ ТАБЫЛДЫ?
Салтанатты жүргізген Қазақстан геолог-мұнайшылар қауымдастығының президенті Балтабек Қуандықов та өткенге біраз шегініс жасады. Сол кезде «Гурьевнефтегазгеология» мен «Эмбанефть» өндірістік бірлестіктері жолдың екі шетінде қатар орналасқан-ды. Бірі кен орнын қазады, екіншісі оны жайғастырады. Бір-бірімен аралас жүреді. Бірақ жоғарыдан белгіленген территориялары бар, оған рұқсатсыз кіруге болмайды.
Қотыртастан мұнай табылғанда оның ар жағында тағы да өнімі мол алаң барлығы анықталады. Әйтсе де, ол геологтардың емес, мұнайшылардың еншісінде. Жоғарыдан рұқсат қажет. Содан геологтардың басшысы Б.Қуандықов «Эмбанефть» бірлестігінің бас геологы О.Есқазиевпен ақылдасса керек. Сөйтсек, мұнайшылар оны үш жыл бұрын жоспарласа да, қолдары тимей жүрген көрінеді. Ал, қазір қазса қайтеді? Жоғарыдан рұқсат келгенше біраз уақыт кетеді. Егер мұнай табылып, нәтиже жақсы болса, шыққан шығын да өтеледі емес пе? Содан Орекең тәуекелге барыпты. Қазір сол Кенбайдан өнім алынып жатыр. Малды өңір саналған Қызылқоғада да мұнайшы мамандығы қалыптасып, жергілікті жастар жұмысқа тартылуда. Бұл да игілік емес пе?
«АТАМЕКЕН» – ТУҒАН ЖЕРГЕ САҒЫНЫШ
Салтанат соңында Орынғазы Есқазиев көп сөйлеген жоқ. Кешті ұйымдастырушыларға разылығын білдірді. Кейінгі толқынға сәттіліктер тіледі. Өмірден өткен майталман мұнайшыларды ұмытпауды айтты. Тарих тағылымын таразылауды, әдеби мұраларды сақтауды тапсырды. Айтпақшы, Орекең о баста Қазақ мемлекеттік университетінің әдебиет-тарих факультетіне барған. Кейін қатарластары, ішінде жиырма жыл бойы Қызылқоға ауданын басқарған Сайполла Сүйінов бар, ел келешегі мұнай, қазақ жастарының сол мамандықты меңгергені жөн екендігін айтып, бетін геологияға бұрған.
Келер сәтте мерейгер қолына домбырасын алды. Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің «Ата мекен» әні бар емес пе? Екеуі де оралдық жігіттер ғой. Қадыр Мырза Әлі университетте Орекеңнен бір курс төмен оқыпты. Тарлан геологтың тарамыс саусақтары пернелерді жағалап кетті. Зал толы халық қосылып «Ата мекенді» шырқады.
Бүгінде Астанада тұратын Орынғазы Есқазиев туған жерін, жастығы қалған өңірді, тұстастарын сағынбайды дейсіз бе? Саналы ғұмыры осында өтті ғой. Ендеше, осы игі шараны ұйымдастырған Қазақстан геолог-мұнайшылар қауымдастығы мен «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы басшылығы игілікті іс тындырды. Ал, ата мекеніне қош айтып ардагер Астанасына аттанады. Келесі кездескенше дейміз сексеннің сеңгіріндегі сабазға.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.