ӨМІРДІҢ МӘНІ – ӨНЕГЕ
Кітап қарапайым да түсінікті тілмен, өте қызықты жазылған. Бауыржан Момышұлының «Жанұяның тарихын, ата-тегін құрметтеп, сүймей, Отанды құрметтеп, сүю мүмкін емес» деген сөзі бар. Сол айтқандай, Қамзекеңнің естеліктерінде өзінің ата-бабасынан бастап бүгінгі ұрпағына дейінгі өмір жылнамасы алтын инемен тіккендей әдемі өріледі.
Автор алғашқы сөзін өзінің туған жиені, Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Закаш Камалиденовке арнаған. Ел ішінде оның үлкен бедел мен абыройға бөленуінің астарында не бар, оның тәрбиені кімнен алғаны жөнінде барынша ашық жазған. Автордың анасы туралы жазған естелігі де жаныңды тебірентеді. «Әкесіз бала-тек жетім, анасыз бала – тұл жетім» демекші, сол кездегі адам айтқысыз қиындықтар туралы оқығанда төбе кұйқаң шымырлайды.
Кітаптың бір бөлімі ағайын-туысқа, олардан тараған ұрпаққа арналған. Қамзекең өзі өнеге мен өнер дарыған, жапырағы жайылған, оқыған, тоқығаны көп, сол білгенін өзгеге шұрайлы тілмен дәмдеп жеткізе білетін үлкен әулеттің өкілі. Ол өз ортасында ғана емес, облыс көлемінде өтіп жататын түрлі шаралардың басы-қасында жүреді. Тыңдар құлаққа тұшымды сөз айтатын, қайғыға да, қуанышқа да ортақтаса білетін өрісті азамат. Сондықтан болар, ол туралы облыстық газеттерде жазылған мақалалалар да, оның өзі жазған ойлары да кітаптан орын алған. Кітапта түрлі суреттер де, шежірені білдіретін кестелер де баршылық. Жалпы, Адайдың Сүйіндігінен тараған ұрпақтар, оның ішінде Дәуітбай, Төлеміс аталардан өрбіген ағайындар түгел қамтылған.
«Бұл еңбекті жазудағы мақсатым-бізден кейінгі ұрпақтар жеті атасына дейінгі тегін білсін, тарихта айтары қалған ата-бабаларымызды, одан кейінгі елге сыйлы, халыққа қадірлі болған үлкен ағаларымызды, туыстарымызды біліп өссінші, деген ой», — дейді автор.
Тұсакесер рәсімінде журналист-жазушы Өтепберген Әлімгереев кітап туралы шолу жасаса, ардагер журналист Айтқали Нұрғалиев кітап авторы, оның өнегелі өмір жолдары туралы айта келіп, бүгінгі шараны ұрпағына жасалған ұлы сый деп бағалады. Ұлы Отан соғысының ардагері Әлібек Түсіпәлі бұл кітапты Балықшы өңірі тарихының бір бөлшегі деп атады.
Тұсаукесер шарасында кітап авторы Қамза Ғабдолла сөйлеп, кітап шығаруға зор үлес қосқан, өңдеген, жанашыр болған азаматтарға зор алғыс сезімін білдірді.
Нұрлан ҚАБЫЛОВ.