«ӨМІР ТЕРЕЗЕСІ» – СӘБИДІ САҚТАЙ АЛА МА?
«Тастанды нәрестелерге арналған жәшіктер орнатылады» деген әңгіме ашық күнде найзағай түскендей әсер қалдырса да, бұл қадамға тиісті мекемелердің амалсыздан барып отырғандығын ескеру керек. Мәселен, Қызылқоға аудандық сотының ашық мәжілісінде қаралған қылмыстық оқиғадан кейін осындай ой түюге болады. Мұнда Сағыз селосындағы Азен ана атындағы көше тұрғыны, күні кеше ғана 33 жасқа толған Айнагүл Жеткіншекқызының қылмыстық ісі қаралды. Аталған азаматша өзінің қылмыстық іс-әрекетін жасыру мақсатында дүние есігін жаңа ашқан сәбиін полиэтилен қапшығына салып, көрші №9 тұрғын үйдің әжетханасына тастап жіберген. Үй иесі М.Д.Жалғасбаева тысқа шыққанында әжетхана ішінен шыққан мысықтың дауысына ұқсас дыбысты естиді. Сол кезде қораның бұрышында отырған көршісін көзі шалады. Бірақ, ештеңе айтқысы келмеген Айнагүлдің бала көтеріп жүргенінен хабардар көршісі әжетхананың ішіндегі нәрестені көріп, дереу полиция бөлімі мен жергілікті ауруханаға телефон шалады.
Алайда, ақ халатты абзал жандар қанша күш салғанымен бейкүнә сәби (қыз бала болатын) облыстық перзентханада анасы салған ауыр жарақат салдарынан көз жұмды. Судья Айнагүл Жеткіншекқызының қайтыс болған сәбиінің әкесімен жаңадан отбасын құрып, шаңырақ көтергендерін, қылмысын толықтай мойындап, шын өкінуін ескеріп, оны Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 97-бабымен кінәлі деп танып, төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Жәшіктер жан сақтау үшін орнатылады
Жоғарыда айтқанымыздай, елімізде нәрестелерге арналған жәшіктерді орнату Алматы қаласынан бастау алмақ. Ең басты мақсат – сәбилердің өлімін азайту, анасы бас тартқан шарана өмірін сақтап қалу. Бұл жәшіктерді ақ халаттылар «өмір терезесі» деп те атап жүр. Оның ішіндегі температура 30 градус жылылықта болады. Сәбилер жайлы төсекпен жабдықталады. Шақалақ жәшікке тасталысымен, оның есігі 30 секундтан кейін автоматты түрде құлыпталады. Содан кейін медицина қызметкерінен басқа ешкім мұнда кіре алмайды. Арнайы орнатылған дабыл соғылған сәтте ақ халаттылар тастанды сәбиді алып кетеді. Балалар заң бойынша мемлекет қамқорлығына алынады, бала асырағысы келетін мейірімді отбасыларға берілуі де мүмкін. Жәшіктерді орнатудағы басты міндет те осы. Нәрестелерге арналған жәшіктерді орнату мәселесіне қатысты қазіргі таңда сан түрлі пікірлер айтылуда. Кейбіреулер «мұндай жәшіктер тастанды балалардың көбеюіне әкеліп соқтырады» деп есептейді. Себебі, жәшіктің жанында баланы кім тастағанын бақылайтын бейнекамера орнатылмайды. Әрі баласын жасырын түрде жәшікке тастаған «көкек-аналар» қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Кезінде бұған БҰҰ-ның «бала құқығы жөніндегі комитеті» өз наразылықтарын да білдірді. Олардың пікірінше, сәбидің аты-жөні, ата-анасы белгісіз болып қалады. Ал, бала есейгенде өзінің ата-анасын білуге құқы бар. Осы тұрғыдан келгенде, жәшіктерді орнату – баланың құқығын шектеу деген сөз.
Бірақ, мұның барлығы да адам өмірін сақтап қалуға келгенде ештеңеге тұрмайды. Теледидар хабарларынан «ит пен мысыққа жем болған сәбидің өлі денесі табылды» дегенді естіп, қазір де жүрегіміз қан жылап отыр. Сондықтан, безбүйрек анасына керек болмаған нәрестелердің басы аман, дені сау болғаны қымбат.
«Үміт бесігінен» – жаңа өмірге!..
Жалпы оқырмандарға түсі-нікті болу үшін айта кетейік, нәрестелерге арналған «бэби-бокстер» Чехия, Жапония, Канада, Швеция сынды елдерде бұдан бірнеше жылдар бұрын пайда болған. Осы «өмір бесігін» 1198 жылы Рим Папасы Иннокентий ІІІ ойлап тапқан көрінеді. Сол бір қасіретті замандарда қиындыққа төзе алмаған аналар омыраудағы нәрестелерін Тибр өзеніне ағызып жіберген. Судың ағысы жағалауға лақтырып тастаған өлі сәбилерді көрген Рим Папасы қатты қайғырып, храмның қабырғасына осындай жәшіктер орнатқызған. Баланы қалдырған кезде сыңғырлайтын қоңыраудың даусымен шіркеу қызметкерлері келіп, сәбиді алып кететін болған. Кейін бұл тәжірибені көптеген мемлекеттер іс жүзінде пайдаланған.
Сол «үміт бесіктері» бүгінгі ұрпаққа дейін жетіп отыр. Мысалы, чехиялықтар 2005 жылдан бастап тастанды сәбилерге арналған жәшіктер орнатқан. Соның арқасында мыңдаған нәрестенің өмірін аман сақтап қалды. Бұл елде жәшіктердің көпшілігі клиникалар мен ауруханалардың жанында орнатылған. Бүгінде Чехиядағы «төртбұрышты үйлердің» саны 50-ге жетіпті. Ал, Германия осындай жүздеген жәшік орнатып үлгерген. Оңтүстік Корея елі де тастанды сәбилердің өмірін сақтап қалуда бар мүмкіндікті жасауда. Жыл сайын Сеул көшелерінде жүздеген нәресте тасталады екен. Кішкентайлардың өмірін сақтап қалуға көп жағдайда мүмкіндік бола бермейді. Бұл қасіретке тосқауыл қойғысы келген кореялық Ли Чон-Рак атты діндар өз елінде нәрестелерге арналған «ұя» ойлап тапқан. Сырты пошта жәшігіне ұқсайтын бесікке ол жылы орамал төсеп, жылытқыш қосады. Жәшіктің тұсына: «Сәбилерге арналған орын» деп жазып қояды. Алғашқы күндердің өзінде ол бес сәбиге қамқор болады. Осы бір мейірімді, қарапайым жан туралы және оның жасаған жәшігі жөнінде жас режиссер Брайан Ивье түсірген «The Drop Box» атты 72-минуттық деректі фильмді көрген адамның жанары жасқа толады. Түсірілім тобы ең бастысы – бұл фильмнің өз тағдырына, жүрегін жарып шыққан сәби өміріне селқос қарап, қатыгездік танытқан «адасқан аналарға» ой салатынына сенімді.
Мағрупа ҚАЗИХАН,
Қызылқоға ауданы.