ОЛ АДАМДЫҚТЫҢ АЙНЫМАС БЕЙНЕСІНДЕЙ ЕДІ
Бұрынғы Новобогат ауданының Жамбай ауылында балалығын өткерген Мұхит аға соғыс зұлматы шарпыған шақта қолына қару ұстап, ел қорғауға аттанды. Қазіргі Атырау қаласында ұйымдасқан жаяу әскерлер училищесінің қысқаша курсын бітіріп, майданда қан кешті.
Бастапқы кезеңде Сталинград майданындағы №258 атқыштар дивизиясы қатарында болып, шешуші бір шайқаста ауыр жараланып, әскери госпитальға жатып емделген. Көп ұзамай, ол ұрыс даласына екінші мәрте қайта оралды. №292 танк полкінде взвод командирі бола жүріп, жау шебіне соққы берген жас жауынгердің соғыс кезіндегі ерліктері ескерусіз қалмады. «Ерлігі үшін» медалін иеленіп, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.
Отаны үшін от кешкен майдангер бұдан ары қарай Орлов-Курск, Белгород, Белоруссия майдандарында, Балтық жағалауы республикаларын азат етуге атсалысып, ерліктің ерен үлгісін көрсете білді.
Елге аға сержант шенінде оралып, әуелі құқық қорғау саласында, кейін денсаулығына байланысты кәсіподақ саласына жұмысқа ауысып, ұзақ жылдар бойы Гурьев геофизикалық экспедициясында біріккен кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқарып, зейнеткерлікке шықты.
Қашанда кәсіподақ саласы жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы алтын көпір саналады. Осы ретте Мұхит ағаның талап қойғыштығы мен тура мінезділігінің арқасында еңбек дауларына қатысты келіспеушіліктер орнымен шешіліп, қарапайым қызметкерлердің мәртебесі үстем болып жататын.
Ардақты азаматтың торқалы тоқсан жасқа шыққан тойын осы жылдың шілде айында тойладық. Қала басшыларымен бірге абзал азаматты арнайы үйіне барып құттықтағанымыз да дәл қазіргідей көз алдымызда.
Амал нешік, ажалға қарсы тұрар амал бар ма? Сол күні айтылған «Ұлы Жеңістің 70 жылдығын бірге тойлауға жазғай» деген тілектің орындалмай қалғаны қынжылтады.
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Атырау облыстық және қалалық филиалының алқа мүшелері Мұхит Әбілхасовтың қайтыс болуына байланысты отбасының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.
Адал еңбек пен адамдықтың айнымас символындай болған Мұхаңның жарқын бейнесі мәңгі жадымызда сақталып қала бермек…
Әліпқали БЕКЕШ,
Атырау қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы.