Оқиға ортасындағы бір күн

Журналистер негізінен түрлі оқиғалар ортасында жүреді. Кәсіби мереке қарсаңында әріптестерімізден есте қалған қызықты сәттер туралы айтып беруді өтінген едік.

 Арыстанбек КЕНЖЕ, «Хабар» телеарнасының Атырау облысындағы меншікті тілшісі:

Қызыл  биенің  көмегі  тиді

– «Қазақстан-Атырау» облыстық телеарнасында жұмыс істеп жүрген кезім. Бірде редакция тапсырмасымен «Зауралье» кеңшарынан репортаж түсіруге бардық. Ол уақытта совхоз директоры Рақымғали Дауылбаев ағамыз болатын. Біз барған кезде бие сауып жүрген сауыншылардың барлығына ақ халат кигізіп, қолдарына су жаңа шелек ұстатып қойыпты. Сол кезде сауыншының күнделікті киіміне, иісіне әбден үйренген биелер тебініп, ешкімді жақындатпай қойғаны бар. Бұған дейін сауыншылардың ақ халатты мүлде киіп көрмегені түсінікті ғой. Ал, бізге камера үшін жұмыс істеу керек. Әупірімдеп жүріп, жалғыз қызыл биені айналдырып сауғыза бердік. Сөйтіп, репортажымыз сауылып жатқан жалғыз қызыл биенің «көмегімен» шықты.

 Лиза СЕЙТІМОВА: облыстық «Атырау»  газетінің аға тілшісі:

Сыйақыдан сыпырылған кездер-ай!

– Бірде «Пәленшиев келе жатыр…» деген тақырыппен жиырма-отыз жолдық хабарым шықты. Онда жоғары жақтан мейман келе қалса, орталық көшелердің көріктенетіні, ал шеткері жатқандарының сол бұрынғы күйінде қалатынын жазғанмын. Мұны көрген облыстық әкімдіктегі ағайындар арнайы комиссия құрып, редакциямызға келіпті. Соларды мен отыратын кабинетке бастап алып келген бас редакторымыз Теңдік Жауыров: «Міне, Лиза Сейтімова – мақаланың авторы!» деді де, өзі шығып кетті. Келген кісілер «Сіз фактіні қайдан алдыңыз?» деді. Мен «Факт керек болса, менімен жүріңіздер, көшелерді аралатайын!» – дедім. Бірақ, олар менімен ілеспей, келген іздерімен кері кетті.

Алайда, мен сол жолы сыйақыдан құр қалдым…

 Шолпан СИСЕНӘЛИЕВА: «Қазақстан-Атырау» телеарнасының редактор-жүргізушісі:

Тікелей эфирге сәбиім кіріп келді

– Кішкене ұлым Мұхаммедті балабақшадан кейін жұмысқа алып келіп, күзетшілердің жанына тастап кетіп жүрдім. Күнде солай болатын. Бір күні тікелей эфирде хабар жүргізіп отырғанымда ұлымның студияның есігін ашып, «ма-ма, ма-ма» деп айқайлап кіріп келмесі бар ма?!

Оның жабық тұрған пластик есікті қалай ашып, кіріп келгенін шығармашылық ұжым да байқамай қалған екен. Сол жағдай үшін қатаң ескерту алдым. Ал, туыстарымыз болса, «эфирден Мұхаммедті көрдік» деп мәз болып қоңырау шалды.

Айгүл ЕРТІЛЕУОВА, облыстық «Атырау» газетінің бөлім меңгерушісі:

Жұмыртқадан «таяқ жедік»

– Осыдан үш жыл бұрын  шайбалы хоккейден ел чемпионатының финалдық сериясында, атыраулық «Бейбарыс» хоккей командасы павлодарлық «Ертіспен» чемпион атағы үшін таласты. Сол кезде Павлодарға бір вагон толы жанкүйерлер мен журналистер арнайы бардық.

Мұз сарайындағы жанкүйерлерге арналған секторға орналасқаннан кейін  полиция өкілдері бізді бірден қоршап алды. Алғашында, бұл әрекетке таңданыспен қарадық. Сөйтсек, павлодарлық жанкүйерлердің қызуқандылығына бойы үйренген олар бізді сақтандырған екен.

Ойынның бірінші кезеңі аяқталған соң, сыртқа шықпақ болдым. Олар «Бейбарыстың» аты жазылған мойынорағышымды  шешіп тастауымды талап етті. «Неге?» деймін ғой, «жанкүйерлер сені еркін жүргізбейді» деді олар.

Екінші кезеңде ойын қыза түсті. Біз де «Бейбарыс, алға!», «Бейбарыс –чемпион!» деп ұрандата бердік. Онымызға жауап ретінде павлодарлық жанкүйерлер шикі жұмыртқаны бірінен соң бірін біздің секторға қарай лақтыра бастады. Мұндай «қонақжайлылықты» біз, әрине, күтпеген едік. Сол күні үсті-басымыз сары-ала болып шықты. Бірақ, «Бейбарыс» жеңіске жетті!

Жазып алған: Абай АҚМҰРЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз