Жарнама
Қоғам

Өзіндік қолтаңбасы бар азамат

Атырау – небір қасқа мен жайсаңдар дүниеге келген өлке. Қолдарына қалам ұстаған ақын-жазушыларын, өнер майталмандарын сөз етпегеннің өзінде сүйікті қызметтен құрмет көріп, еңбектен бақытын тапқан тұлғалар қаншама. Сондай ел ағасының бірегейі – «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері Төкен Жұмағұлов.

Әр ісі көпке үлгі боларлық азамат бір кездері Жылой ауданының әкімі болып, аудан экономикасының дамуына, өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты. Сәл кейін жеке кәсіпкерлікпен айналысып, адал еңбекпен тапқан нәпақасын облыс игілігіне арнады. Жаны жомарт Төкен Танаұлы еліміздің әр өңіріне өзіндік қолтаңбасын қалдыруды мақсат тұтты. Айталық, бір өңірде әулиелер мазарын орнатса, екіншілерінде спорт, туризм саласын дамытуды көздеді, үшіншілерінде демалыс орындарын салып, көпшіліктің алғысына бөленді.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, бүгінде сегіз ондықты артта қалдырып отырған асыл ағаның өнегелі өмірі мен ғибратты ғұмыры көпке үлгі. Ал жуырда Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде мерейгерге арналған тағылымды шара өтті. Ұжымның қадірлі азаматпен кездесуі барысында оның өз өмірінен сыр шертетін «Ризамын» атты кітабының жарыққа шыққаны, кісілігі мен кішілігі, мырзалығы мен парасаттылығы жайында қоғам қайраткері Рәшила Мүрсәлиева, «Қазақстан» РТРК» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Қанат Әуесбай тебірене сөйлесе, аталған жоғары оқу орнының басқарма төрағасы-ректор Гүлзада Шакуликова:

– Аға, байқап отырған боларсыз, біздің бүгінгі шарамызға қатысып отырғандардың көбі жастар. Олардың біразы – шетелдерде «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып, тәжірибе жинап келгендер. Біздің халықта «Жүздің түсін білгенше, бірдің атын біл» деген тамаша сөз бар. Осы жастарымыз өзіңізбен жақынырақ таныссын, үлгі-өнеге алсын, ертеңгі күні олар да өзіңіздей үлкен жүректі азамат атанып, елінің ұлы, халқының қалаулысы болсын деген ойымыз еді… — дей келе білім ордасының мұнай-газ факультеті орналасқан оқу ғимаратына Төкен Танаұлының есімін беруді ұсынды. Айтқандай, оқу орны кампусында Нұрлан Балғымбаев атындағы даму орталығы жұмыс жасайды. Бұған

қоса университеттің толық жаңартылған кітапханасына Маруся Асаубаева есімі беріледі.

Шарада университеттің корпоративтік хатшысы Гүлшара Мұханғалиева, проректор Қанат Оразалиев сөз алды. Олар да мерейгердің есімін мұнай-газ факультетінің оқу корпусына беру жөніндегі жаңалықты қуана қабылдап, қуаттай сөйледі.

Лиза СЕЙТІМОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button