Жарнама
Қоғам

Өткенге тағзым болмақ

Қазақстан тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі – аштық жылдарының шынайы бетін аршып, тарихи әділдікті қалпына келтіру мақсатында елде ашаршылық құрбандарына арналған 20 томдық жинақ жарыққа шықпақ. Бұл іргелі еңбек – ұлт жадына тағзым, тарих алдындағы жауапкершілік.

Ауқымды жоба аясында арнайы құрылған жұмысшы тобы өңірлерді аралап, архивтік құжаттар, ауызша тарих, естеліктер мен деректерді жинақтап жүр. Біз жолығып сұхбаттасқан Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас сарапшысы, жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Әуезхан ШАШАЕВ Атырау облысына іссапары барысында олар зерттеумен ғана шектелмей, халықты ақпараттандыру, тарихи білімді арттыру және ұйымдастыру жұмыстарына да кірісіп кеткенін айтты.

Болашақ жинақта ашаршылық кезеңінде өмір сүрген адамдардың тағдырлары, куәліктері мен фотоқұжаттар қамтылып, әр том белгілі бір өңірге арналмақшы. Бұл жоба – болашақ ұрпаққа сабақ, өткенге тағзым болмақ.

– Әуезхан Қадіржанұлы, мұнайлы мекенге сапар мақсатын түсіндірсеңіз?

– Ашаршылық – бүкіл елге келген нәубет. Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жобасы аясында зұлмат, ашаршылық куәгерлері мен олардың ұрпақтарының естеліктерін 20 томдық жинақ етіп басып шығаруды жоспарладық.

Қазақстандағы 1931-1933 жылдардағы алапат аштық – ұлттың дәстүрлі шаруашылығын біржола бүлдіріп қиратқан күштеп ұжымдастыру мен көшпелі, жартылай көшпелі қожалықтарды отырықшылдыққа күштеп көшіру шараларының зардабының нәтижесі. Ашаршылық халықты жаппай қырып қана қоймай, босқыншылыққа ұшыратты. Кеңес дәуірінде бұл «жабық» тақырыптардың бірі болғанымен, соңғы 30-35 жылда ашаршылық куәгерлерінің естеліктерін жинап, оны тарихи дерек ретінде пайдалану қолға алынды. Қазір ашаршылық куәгерлерінің сиреуіне байланысты, олардың ұрпақтарының да зұлмат жылдар туралы естеліктерінің маңызы арта түсті.

Сол себепті 20 өңір бойынша топ құрылып, 1931-1933 жылдардағы жаппай ашаршылық тақырыбына, оны көргендер мен олардың ұрпақтарының естеліктерін жинап жүрміз. Естеліктердің тарихи дерек ретіндегі өзіндік ерекшеліктерін, куәгерлер көрсеткен ашаршылық себептері мен халықтың жаппай қырылуына ықпал еткен факторларды анықтап, ашаршылық кезінде болған оқиғаларды жүйелеп, сұхбат алуды көздеп отырмыз.

Зұлмат куәгерлері мен олардың ұрпақтарының естеліктері тарихи дерек ретінде өте құнды. Ашаршылыққа ұшырағандар, тәркіленген байлар мен қуғын-сүргін құрбандары туралы электрондық база да жасақтаймыз. Жалпы, атадан балаға ауызша беріліп келген тарих архив қорларындағы естеліктер қолжазбасында да кездеседі.

– Жинақ қашан басылып шығады?

– Дәл осы кезеңдегі ашаршылық тарихына қатысты халық жадындағы естеліктердің маңызы зор. Өйткені, әр облысқа дербес жинақ шығады, барлығы – 20 том. Соның биыл 8 томы шығуы керек, оның ішінде Атырау облысы да бар.

Құрылған жұмыс топтары өңірлерді аралап жүр. Атырау облысындағы өкіліміз – тарих ғылымдарының кандидаты Серік Қуаныш. Ашаршылық, қуғын-сүргін құрбандары мен тәркіленген байларға қатысты қандай да бір ақпарат бізге қымбат, егер ондай мәлімет білетін адамдар болса, облыстағы өкіліміз арқылы жіберуге болады.

– Қазақтың аштыққа ұшырауы халықтың шаруаға қырсыздығынан болды ма?

– Қазақ халқы шаруа қырсыз болмаған. Мұның бәрі – сыртқы күштер мен факторлардың, саясаттың әкелген сойқаны. Негізі бұл жұт 1925 жылғы «Кіші Қазан» науқанынан басталған.

Біз қазір «ұжымдастыру» деп жүрміз ғой. Әсілінде, ол үш науқандық кезеңнен тұратын жоба болатын. Оның алғашқысы – қазақ ауы­лын кеңестендіру. Голощекиннің саясаты бойынша ауылдардағы бақуатты адамдар мен ақсақалдардың қолынан билікті тартып алып, олардың орнына бұрын-соңды саясаттан мүлдем хабарсыз, ел басқаруға араласып көрмеген шолақ белсенділерге тұтас ауылдың билігін беру еді. Жалшыдан шыққан билеушіні қара халық тыңдаған жоқ. Одан кейін 1926-1927 жылдары бай меншігіндегі жайылым мен шабындықты қарапайым еңбек адамдарына, кедей-кепшікке қайтарып беру керек деп жерді бөліске салу да Голощекиннің сәтсіз науқаны болды. Қазақ ауылында жердің жекеменшікке берілмейтінін ол білген жоқ. Бір ауылда бір атаның балалары тұратыны, бай да сол рудың тумасы екенінен бейхабар еді. Оның айналасындағылар да қателескен үстіне қателесе берсе, Мәскеуге кері кетеді деп ойлап, жөнін де айтпайды. Осыдан кейін Голощекин қазақтың байларын құртуды ойға алып, ірі байлардың ықпалын азайту үшін кәмпескелеуді қолға алады.

Жалпы, қазақ байларын кәмпескелеу науқанына 1928 жылы Сталин де тікелей араласқан. Кәмпескенің сүргінінің ауыр салдары келесі жылдың аяғында жаппай ұжымдастырудан басталды. «Кіші Қазанның» ең ауыр, қасіретті оқиғасы да осы болды. Байлар сол ауылдың экономикалық тетігін ұстап, асырап отырған, айналасындағы ағайын-тумасына көмек көрсетіп, шаруашылықтың тәсілін білген нағыз менеджерлер болатын.

– Қазақ халқын бір емес, үш мәрте қырғынға ұшыратқан аштықтың астарында нендей саясат болды?

– Түптеп келгенде, кеңестік социалистік идеяның, теория мен практиканың Қазақстанда орын алған бұрмалауларын, қателіктері мен іркілісін түсініп, ғылыми дәйектеуге, шығармашылық ізденіске сұраныс та, қажеттілік те жетерлік. Бірақ тоталитаризмнің екі қылмысын қазақ халқы ешқашан кешірмейді, ол ұмытылмайды да, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттай береді. Оның бірі – 1917 жылғы қазанда билікке келгеннен 1991 жылы тарқағанша КОКП үздіксіз жүргізген саяси қуғын-сүргін. Ал, екіншісі – әр кезеңдегі, әсіресе, 1931-1933 жылдардағы ашаршылық.

Осы жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық «гуманитарлық апат» деген анықтама аясына сыймайды. Ол – адамзатқа қарсы жасалған қылмыс, ғаламдық қасірет. Оның бірнеше жылға созылуына, қисапсыз қайғы-қасірет әкелуіне себеп болған басты фактор – қоғамның обьективті-ырғақты даму диалектикасы мен қисынын бұзған номенклатура өктемдігі. Кеңес елінде номенклатура деп басшы қызметтерде отырған топты атады. Экономика салаларының, білім мен ғылымның, құқық қорғау органдарының әрқайсысының өз номенклатурасы бар болатын. КСРО-да партиялық номенклатура бәрінен жоғары тұрды. Батыс зерттеушілері кеңестік номенклатураға «жаңа тап», «бюрократиялық артықшылыққа ие тап» деген атақ-айдарлар тағуы кімнің кім екенін айқындай түседі. Мемлекеттік деп аталған меншіктің қызығын, материалдық, қаржылық ресурстарды бөлу рахатын, баршаға міндетті шешім қабылдау құқығын партиялық номенклатура уысынан шығарған емес. Бұл – бір.

Екіншіден, ғылым ашаршылықтың түрлі формасы мен деңгейін анықтап отыр. Эпидемиялық ашаршылыққа құрғақшылық, су тасқыны, басқа да мерзімдік-мезгілдік құбылыстар туындатқан қиындықты жатқызады. Келесі түрі – тұтынған азық-түлік құнарының адам ағзасының сұранысынан төменгі деңгейде қалуы. Азық-түлік мәселесінің барынша асқынған көрінісі – ұзақ мерзімге созылған аштық («хронический голод»). 30-шы жылдар басындағы қазақ даласын жайлаған осы түрі қалалар мен индустрия ошақтарын айналып өтіп, ауылдарды баудай түсірді.

– Ауылдарда жөнсіз қырып-жою, мүлкін талан-таражға салу жүріп жатқанда қазақ зиялылары қайда болды?

– Смағұл Сәдуақасов, Жалау Мыңбаев, Санжар Аспандияров сияқты ел азаматтары Голощекинге оның ұстанған саясаты халықты құртатынын айтып, түсіндірді. Қазақ шаруаларын күштеп ұжымдастыруға, меншігінен айыруға ашық қарсы болып, сөздерін жеткізді. Бірақ сталиндік тоталитарлық жүйені сындыруға әлдері келген жоқ.

Енді бір топ болды, олар ұжымдастыру саясаты халықты жақсылыққа жеткізеді деп, социалистік идеяға сенді.

– Ал, алашордашылар ше?

– Алаш қозғалысының қайраткерлері де әсер ете алмай, Қазан төңкерісінен кейін небәрі он шақты жылда жаппай қуғынға ұшырағаны тарихтан аян. 1925 жылдың мамыр айында Сталин Түркістанға жазған хатында алашордашыларды, ұлттық интеллигенция өкілдерін партия мен мемлекеттік қызметке жақындатпау туралы ұсыныс жасады. «Қауіпті интеллигенция» ретінде Сталин оларды оқу-ағарту саласына пайдаланды, оның өзінде қатаң бақылауда ұстады.

– Қазір сол зұлмат жылдарды зерттеп жүргендер ашаршылықтың құрбандары жайында әртүрлі деректі айтады. Жалпы, деректер нақтыланған ба?

– Ашаршылықтан келген адам шығынын дәлме-дәл ешкім айта алмайды. Түрлі демографиялық, деректік өлшем-есептермен болжауға болады. Менің ойымша, 1931-1933 жылдардағы аштық кемінде 3 миллион қазақтың өмірін қиды. Әрбір алтыншы қазақ туған елінен безіп, жат елге кетті.

Мысал келтірейін!.. 1897 жылы отар өлкеде тұрып жатқан қазақтың саны – 3,5 миллион, ал қазақ даласын қоныс еткен халық санындағы үлесі 82% болды. 1939 жылы небәрі 2,3 миллион жергілікті ұлт өкілінің республика тұрғындары арасындағы үлесі – 38% ғана. Жан шошытарлық қасірет азабы бүгінге дейін жүрек сыздатады.

– Ойларыңыз іске асуына тілектеспін. Ұлт тарихындағы ақтаңдақтарды қалпына келтіруде істеріңіз нәтижелі болсын!

Сұхбаттасқан Рита ЖАЙҒАЛИ

Коллажды жасаған Дәурен ҚУАНЫШ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button