Жарнама
Қоғам

Өнегесі, тәлімі оқшау ойшыл…

(Кемел ұстаз, қазақ журналистикасының бас сардары Тауман Салықбайұлы Амандосовтың туғанына 100 жыл)

Кейде алып бара жатқан шаруам болмаса да, өзім тәлім алған Қазақ Мемлекеттік университетіндегі журналистика факультетін жападан-жалғыз аралап қайтамын. «Шіркін, анау бір самала залдарда бір кездері қазақ журналистикасының ары мен абыройлары отырып еді-ау» деп ой теңізіне шым батқандай күй кешемін.

Иә, әр ұйымның, әр мекеменің, әр ортаның өзіндік айбарлы тұлғасы, оны өрге сүйрейтін азаматы болады. Журналистика факультеті үшін Тауман Салықбайұлы Амандосов сондай жан еді. Осы факультеттен түлеп ұшқан 1955–90 жылдар аралығындағы темірқанат тілшілердің Амандосовты ұмытуы мүмкін емес. Осыдан аттай отыз бес, қырық жылға шегініс жасасақ… таңмен таласа университеттің далиған дәлізінде қиырдың бәрін қамтығысы келгендей, аяғын қаусыра сілтеп Таукең келе жатар еді. Студенттер бейне бір әміршімен жолыққандай, жапатармағай амандасады. Нағыз ұстазға деген құрмет осылай әр жүректен лайықты орын таба алған адамға ғана көрсетілсе керек. Тауман ағай ешкімге мән бермей, толқынды тураған емен қайықтай сылтып басып, жөнеле береді. Ал, жазатайым көңілі түскенде бозқырау басын ақырын ғана жәймен изеп, қасымыздан қалқып өте шығатын сол бір сәттің өз қуанышы, жас жүректі елжіретер өз махаббаты болушы еді. Сол келісті келбет жанымыздан жанай өтіп, көз қиығымен бәрімізді аялай сыйпамағанына да біраз мезгіл болыпты-ау!

Жақсы адам өмірден өткеннен кейін оның кейбір сақи қасиеттері санада түлеп, әфсана-аңызға айналып, ақша бұлттай елін аралап кете барады екен. Еркелеткен, ұрысқан кездері есіңе түсіп сағынасың, жоқтайсың.

Таукеңнің бір қасиеті – жолшыбай кездескен өзінің тұрғыластары болмаса, сапырылысқан жастармен көп амандаса қоймайтын. Сонысын білетін кейбір шәкірттері сәлемімізді алмайсыз ғой деп өкпелесе: «Е, мен әркіммен бір бас шұлғысып, жағдай сұрасып тұрып алсам, барар жеріме шойнаңдап қашан жетем, қарағым-ау», – дейтін жарықтық.

Қоңырау соғылысымен айт пен тойдағыдай шыттай киінген қалпында, омырауындағы қалта сағатының бауы жарқырап, абыздай алдымызда отыратын. Бір сарынды, жанға жайлы, сылқи соққан сенімді мотор үніндей жағымды дауысы әлі құлағымызда тұр. Оның сабағында аудиторияда өлі тыныштық орнайды, тек 25 қаламның сырылы естілетін. Таукең лекциясын қағазға шұқшимай, шешендікпен төгілте баяндайтын, күні бұрын жазып алып, әбден тәкіралап оқыған адам да дәл ондай мүлткісіз сөйлей алмас еді.

Аудиториядағы ұстаз отыратын столда үнемі жаңа газет төселіп тұруын қалайтын. «Неге бұлай істейді екен?» – деп бірнеше сабақ бойы бақылап жүрдім. Сөйтсек, газет төселмеген столдың үсті сансыз адамның тершең білектерімен шырыштанып, Таукеңнің крахмалданған шытырадай аппақ жеңдерін кірлетеді екен.

Жалпы, Амандосов тізбегін әдемілеп, тұздықтап, оқиғаға жан бітіріп, сөйлемдерге торқа кигізіп, төгілдіріп әңгімелеудің шебері еді. Кейбір көңілді күндері жылдар бойы кермек жас пен ащы тер қатар аққан маңдайының қыртыстары жазылып, жадырап шыға келетін. Таукеңнің осындай бусанған шағын пайдаланып, студенттер де еркін тыныстап, қалаған сұрағын тоғытатын. «Ағай, сіз жетпіске таяп қалсаңыз да жақсы киінесіз, жас кезіңізде жайтаңдаған сері болғансыз-ау», – дейтін қыздар жағы қутыңдап. «Шалбары өмірі үтік көрмейтін, балағын сүйреткен кейбір бозымдардан мен артық емеспін бе?» – деп күлдіріп алып, өзінің мехнатты өмірінен үзік-үзік сырлар шертетін.

Аяулы ұстазымыз, әсіресе, балалық жылдарын сөз еткенде, сол бір қасіретті шақтарын айтқысы келмегендей тұнжырап: «Көзімді ашқаннан бері мені тағдыр аяған жоқ. Есімді білер-білместе әке-шешем дүние салды. Жетімдер үйі, тігерге тұяқ қалмаған ақсүйек аштық, соғыс уақытындағы тылдағы ауыр еңбек, ғұмырымда бала боп ортекедей бір орғытып ойнатпады мені құрсаулаған денсаулық. Ішер асқа, киер киімге жарымаған, өзі ақсақ бозбаланы қыздар не қылсын. Менің де етегімді жауып, елге ілескенім осы соңғы отыз-қырық жыл. Оның арғы жағындағы өмірімді құдай ешкімнің басына бермесін. Сол бір аш-жалаңаш күй кешкен жастық шағымның есесін енді-енді қайтарғым келіп жүргенімді сендер қайдан білейін деп едіңдер», – деп бет-әлпеті күреңітіп, бірауық үнсіз отырып қалатын. Таукеңнің ауыр тағдыры көз алдарына келгендей, төндіре суреттегені соншалық, әлгі көрініс кейбір қыздардың буындарына түсіп, бұраулары босап, жылап отыратын.

Осы орайда, қазақтың әйгілі ақыны, Амандосовтың аға-досы Хамит Ерғалиевтің естелігінен үзінді келтіре кетуді жөн көрдім: «Өз анамның сүт кенжесі болғаным себепті бір құрсақтан іні ілестірудің қызығын құдай маған бұйыртпаған. Ал, басқа інішектерімнің бірде-біреуінен кем көрмеген атасы басқалардың біреуі – осы Тауман Салықбайұлы Амандосов болды. Тіпті кейініректе, азамат жүгін әрқайсымыз өзімізше арқаласқан кезде жолықсақ та жан жарастығымыз солай қалыптасты. Екеуміз де жетімнен жетілген, адал жанның сарқытын Алланың несібесіндей қастерлеген, түнергеннен түңіле де білген пендеміз. Сондықтан бізді түсіну оңайдың оңайы. Өзара шүйіркелесіп, іш ашысқанда арқандаулы аттай айналып табатын түп қазығымыздың төркіні осыған сая беретін. Шынында да ол аузын ашса көмейі көрінетін ақ пейіл, ойдағысын ірікпейтін барынша батыл, бір сөзді бітім болатын. Адамға қайырым-рақым істеудің риясыз жолын оған өз басына түскен ауыртпалық танытты. Ол ұлағатты ұстаздың дәрежесіне жетім бөбек шағында біреуі кесіліп қалған жалғыз аяқпен жанығып көтерілді. Сол кемтарлықтың есесін ол ерлікпен, қызымыр білімдарлықпен қайтарды. Тауман дегенді біздер ақиқат һәм білім, әрі тәртіп деп ұғындық. Ағытылып кетсем, айтылар сыр көп. Сол көп естеліктен бір штрих: «Жасы алпысқа толғанда, Атырау қаласының теңіз жақ шетіндегі туған топырағына өзім бастап апарған едім. Бүлдіршін қалпында панасыз балалар үйіне қабылданып, артынша сол ұя алысқа – Орал жағына көшірілген ғой. Тауман туған жер топырағына табаны тиген бойда түсі бұзылып: «Ата-анаңды бірдей жалмап, өзіңді құрта жаздаған қатыгез топырақтың қайда екенін, аты-жөнін біліп қайтесің деп тәрбиешіміз ұрысқан соң, мен сенен адасып қалдым, ат ізін салуға жарамадым, кеше гөр!» – деп машинадан түсе сала қара жерді бауырына басып жата қалғанда, солқылдап жылап жібергенде, қаумалаған халайық қатыгез заман заңынан жаратылған тәрбиесымақты айыптап жатты…»

Иә, Хамаңның, Хамит Ерғалиевтің осы естелігін тебіренбей оқу мүмкін емес. Сөз арасында айта кетейік, ақын Сағи Жиенбаевтың жары Уәзипа да өз естелігінде: «Бір тойда, «Қыз Жібек» кинофильміндегі «Ақ Жайық» әні орындалғанда профессор Тауман Амандосов ағаның егіліп жылап жібергенін өз көзіммен көргенмін. «Көп болды ақ Жайыққа бармағалы» деген жолдары аға көңілін босатып жіберсе керек», – деп жазған еді.

Кіндік қаның тамған топырақ, атамекен өз перзентін магнитше тартатыны неліктен?!

Қазақта «Қыран бүркіт қанша биік ұшқанымен, Көксеңгірге бір қонбай кетпейді» деген сөз бар. Сол тәрізді, Таукең де ондаған жылдар жырақ жүрсе де, туған жері – Атырауымен, ақ Жайығымен есейе келе ажырамастай табысты.

«Ашаршылықта өлген адамның моласы жоқ» дегендей, сонау аласапыран уақытта дүниеге келгендердің көпшілігінің туған күндері ұмытылған. Осыдан аттай алпыс жыл бұрын туған күні белгісіз, туу туралы куәлік дегенді өмірі көрмеген, бірақ туған жылы белгілі Тауман Амандосовқа 1961 жылы достары «Сен 1921 жылғы 5 желтоқсанда өмірге келдің» деп, өздері растап, куәландырған паспорт тапсырып, Таукеңнің қырық жасын бірге тойлайды.

Ақсақалдың бір қасиеті – біреу көңіліне ұнап, айтқанынан шықса, соған марқайып, әкесіндей қамқор болатын. Курстың ішіндегі ересегі болғасын ба, «алып кел, шауып келдің» шаруасына көбіне мені жұмсайтын. Мына бір күлкілі жағдай әлі есімнен кетпейді. Бір күні соңғы сабағымыз біткесін мені Таукең шақыртты. Барғанда айтқаны: «Ертең жексенбі ғой, біздің үйге ерте кел. Не шаруа екенін сонда айтамын», – деді де, қайтуға жинала бастады. Нағыз сайран салатын күні шақырғанын қарашы деп бір тұрдым да: «Қой, барайын, қырына ілініп қалармын», – деп ертесіне ертелетіп үйіне жеттім. Пәтердің есігі ашық тұрғасын ішке кіріп, аяқ киімімді шешіп, сәлем бердім. Профессор залдағы диванда отыр, тізеден шорт кесілген, әбден қажалып қанталаған молақ сүйекті Мамыр шешеміз маймен сылап жатыр. Күпшектей протезі қасында тұр. Құдай деп айтайын, мен Таукеңнің бір аяғы тізеден жоқ деп ойламаппын, тобығы зақымданған шығар деп мән бермейтінмін. Секем алған түрімді көріп: «Өмір бойы осы шолақ аяқпен шартарапты шарлап жүрмін», – деп әзілге бұрып, менің аянышты сезімімді су сепкендей басты.

Амандық-саулықтан кейін көзі күлімдеп: «Әй, Құлиев, жасың болса бірталайға келді, мен сені бұйырса үйлендірейін деп отырмын. Осында бәленбай жылдан көрші болған бір сырлас адамның алтын асықтай жалғыз қызы бар. Бес бөлмелі үйде әкесімен екеуі тұрады. Ата сақалың аузыңа түскенше жатақханада тентіремей соның үйіне кіріп ал. Қазір қыздың өзі де келеді, мен де құлаққағыс қылғанмын. Бүгін біздің саяжайға барып алма теріп, екеуің түсінісіп, қандай мәмілеге келгендеріңді маған айтыңдар!» – деп, қарап тұр. Соның арасынша спорт костюмін киген үлпершектей бір қыз кіріп келді.

«Мынау масқара ғой» деген мені сөйлетпей, екеумізді саяжайға аттандырып жіберді. Көзін ашқалы орысша тәрбиеленген әлгі бар болғыр қазақша білмегенімен қоймай, менен әлем әдебиеті классиктерінің кейіпкерлерін сұрап, зәремді ұшырды. Жөргегімнен қазақша ауызданған мен жунглиде болмаса, мына өмірде бұл қызбен отаса алмайтынымды түсіндім. Бірталай алма жинап беріп, рахметімді айтып, жолшыбай көліктен түсіп қалдым. Дүйсенбі күні Амандосов шақырып: «Иә, не тындырдыңдар, қол ұстастыңдар ма, баянда!» – деді. Мен екеуміздің дүниетанымымыз, мінез-құлықтарымыз екі басқа екенін, тағдыр жазбағанын айтып ақтала бастадым. Арғы жағын тыңдамай: «Мен міндетімнен құтылдым, он жыл қой бағып, оқуға түсе алмай, ақыры дайындық бөлімі арқылы іліккеніңді естіп, жетекке алайын деп едім, көнбедің ғой, енді өзің біл», – деп қолын бір сілтеді.

Бүгінде ойлап отырсам, жақсы ұядан шыққан тәрбиелі қызды менімен жұптастыруды көздеген аталық тілегі екен-ау марқұмның. Бірақ, бұйырмыс болмағасын қайтерсің! Осы ақ-адал ниетіңіздің қиуазын бір қайтарармын деп жүргенде, тоқсаныншы жылдардың дүрбелеңі тап болды, Таукең де дүниеден өтті, өзім де оңбай мертігіп елге кеттім, сөйтіп бәрі адыра қалды.

Қалай дегенмен де, жастайынан жетімдіктің зарын тартқан Амандосов әке-шешесіз, жоқ-жітік, артынан келетін көмек тапшы студенттерді қамқорлауды өзінің басты парызы санағаны анық.

Ұлт кемеңгерлерінің бірі, дархан дарын Әбіш Кекілбайұлы былай дейді: «Тауман Салықбайұлын көрген сайын жарлы-жақыбай бәріміздің қалай ер жеткеніміз еске түседі. Оны ойласам, көз алдыма Амандосов ағайымыздың сыртынан жанына жан жуытпай, осқырынып тұратын оқшау бейнесі келеді. Сөйте тұра, әрқайсымыздың жеке күйлерімізді іштей біліп, іштей күйзеліп тұратын ерекше мейірбандығы еске түседі. Жетім көрсе жебей жүру – оның тапжылмай қатаң ұстанатын қағидасы екен. Университетте алдынан дәріс алған ұстаздарымның бәрін де құрмет тұтамын. Алайда, бір кісіні бөліп айтқым келеді. Ол – Тауман Амандосов. Қазақ қаламгерлерінің талай буынының «өкіл әкесі». Университетіміздің екі бірдей факультетінің тізгінін ұзақ жыл ұстаған мызғымас «темір декан». Тауымның шағылмауына, жігерімнің жығылмауына Таукеңдей еңбек еткен адам кем де кем. Қазақ журналистикасының қаз басып, қанат қағуына орасан үлес қосқан азғантай ғұламалардың бірі. Адамгершілік жайындағы салиқалы сөздің қай-қайсысы да Тауман Амандосовты айналып өте алмайды. Өйткені, ол мейірбандық пен меймандостықтың сирек өнегесі еді».

Иә, Әбіш Кекілбайұлы айтқандай, Таукең өле-өлгенше адалдықтың, ізгіліктің туын жықпай өтті.

Тауман Салықбайұлы жас шағында Атыраудан Алматыға аттанып, бүгінде елімізге түгел мәшһүр болған таланттар шоғырының бірегейі еді.

Екінші жер-жаһандық соғыс аяқталып, Таукең өміріндегі трагедиялық коллизиялар да бірте-бірте ыдырап, енді оның алдынан ілім-білімге деген даңғыл жолдар ашыла берді. Төрт жыл газет редакциясының ұңғыл-шұңғылын жетік меңгерген тәжірибелі жігіт 1946 жылы С.М.Киров атындағы мемлекеттік университеттің журналистика факультетіне оқуға қабылданады. Бірінші курстың алғашқы семестрін еңсеріп тастап, 2-курсқа өтетін талабын білдіріп өтініш жазғанда, факультеттің сол кездегі деканы Қайыржан Бекхожин зерделі жастың талантын, қабілетін байқап, өтінішін қанағаттандырады. Сөйтіп, Таукең бір жылда 2 курсты тәмамдап, 1950 жылы университетті үздік бітіреді. Университет қабырғасында оқи жүріп, 1948-50 жылдары Партия тарихы институтында кіші ғылыми қызметкер ретінде бірталай еңбектерді тәржімалауға қатысады.

1952-54 жылдары сырттай оқу бөлімдерінің проректоры, филология факультетінің деканы, 1959-71 жылдары журналистика факультетінің деканы қызметін атқарған Тауман Салықбайұлы оқу ордасының беделді басшыларының бірі болды.

Талантты да тәжірибелі жас маман Амандосовтың журналистика факультетін ұйымдастырушы қайраткер ретіндегі саяси көрегендігі әлі күнге дейін көп айтыла бермейді. Мұндай жанкешті жұмысты ол университет ректоры Төлеген Тәжібаевтың айрықша қолдауы арқылы жүзеге асырды, сондай-ақ Таукең Мәскеу, Ленинград, Киев журналистика факультеттері ұжымдарында жиі-жиі іссапарда бола жүріп, әлгі іргелі оқу орындарының бай тәжірибесін кеңінен қолдана білді.

Амандосов сан-салалық қызмет атқара жүріп, өзінің ең негізгі бағдары – ғылыми-зерттеу жұмысынан бір сәт те ажыраған жоқ. Алғашқы кандидаттық диссертациясына Мұхтар Әуезовтің өзі бас сарапшы болуы, ғұламаның өзі қабілетті шәкіртіне жоғары баға беруі біраз жайды аңғартпай ма? Көп ұзатпай, қазақ баспасөзіндегі публицистика дәстүрі бойынша докторлық диссертациясын қорғады. Кезінде журналистика теориясы бойынша КСРО-дағы жеті профессордың бірі, Қазақстандағы тұңғыш журналистика теоретигі Тауман Амандосов Мәскеу, Ереван, Ташкент, Минск, Киев қалаларында өткен ғылыми конференцияларда публицистика мәселелерін жете талдай келіп, бұрынғы Одақ көлемінде жетекші ғалым ретінде кеңінен танылды.

Әйгілі ғалым жарты ғасырға жуық өмірін университет қабырғасында өткізіп, 100-ден астам ғылыми еңбектер жариялады. Сондай-ақ, 10-нан астам монографиясы мен «Қазақ баспасөзінің тарихы мен теориясы», «Қазақ баспасөзінің жанрлары», «Қазіргі қазақ публицистикасы» атты іргелі ғылыми еңбектері күні бүгінге дейін құндылығын жоғалтқан жоқ.

Тауман Салықбайұлы тек ғылыми жұмыстармен шектелмеді, Лев Кассильдің «Далеко в море», А.Сафроновтың «Власть» пьесасын, Жюль Верн, А.Дорохов, Н.Кизанова, тағы да басқалардың шығармаларын қазақша тәржімалап, көркем тілмен кестеледі. Ол сондай-ақ «Достық лебі», «Гималайдың әр жағында» атты публицистік кітаптары арқылы өзінің тамаша стилист, ойшыл публицист, қарымды қаламгер екенін баршаға таныта білді.

Университет қабырғасында Амандосовпен бірге оқыған белгілі ғалым Шериаздан Елеукенов ағамыз да аяулы Таукеңді қимастықпен еске алады: «Бүгінгі егде жасымыздың биігінен қарағанда, Тәкеңді Тәкең дегізетін, алдымен, биік кісілік, адамгершілік қасиеттері ме деп ойлаймын. Тәкең ондаған жылдар бойы Қазақ мемлекеттік университетінің білдей декандарының бірі болды. Жаңадан өзі құрған журналистика факультетін іргелі факультеттердің қатарына қосты. Бұл жұмыс айтуға ғана жеңіл. Шын мәнінде, уақыт жегіштігі және жүйке тоздырғыштығы жағынан өте ауыр қызмет. Студенттер мен профессорлық-оқытушылық ұжымның мың-сан мәселесімен қоса, ректорат, аудан, облыс әкімшілігі, Орталық Комитет, өзіңнің азды-көпті шаруаң – бәрі анталап, шаужайыңнан алып, шақшадай басыңды шарадай қылады. Тәкең осы ұшы-қиыры жоқ жанкешті жұмыстың бәрін аспай-саспай, ретін келтіріп, жүйе-жүйесін тауып тындырып отырды.

Мұхтар Әуезов секілді замана заңғарлары алдында, ғылыми ортада, министрлік, университет басшылығы шоғырланған жерлердегі қадірі, беделі қандай еді! Журналистика саласының мүддесі үшін қайда салсаң да, бұзып-жарып шығатын. Ресми орындардың алдына мәселе қоюда сөзінің өтпей қалғанын өз басым естіп-көрген емеспін.

Тәукеңнің жаны шындықты сүйетін, әділетсіздікке қасқайып қарсы тұра білетін, айтайын дегенін өбектемей, мәймөңкелемей, тура бетіңе айтып салатын. Ол адамды қабілетіне, жұмыс істей білуіне қарай бағалайтын, ең бір жақсы қасиеті – ешкімді алаламайтын, жершіл емес еді. Тәукеңнен кейінгі ұрпаққа қалатын үлгі болса, міне, осы болуы тиіс.

Амандосовтың бойында бірнеше қабілет пен өнердің қоңсы қонғанына таңғалмасқа болмайды. Соғыстан кейінгі жылдары Мүсілім Абдуллин университетте хор ұйымдастырды. Мен ол кезде филология факультетінің орыс бөлімінде оқитынмын. Ептеп ән айтатын мен де хорға қатысатын болдым. Бірде хорға Тауман келді. Екеуміздің достығымыз, көңіл жарастыруымыз осы кезден басталды. Ол керемет әнші еді, даусы зор болатын. Мұхиттың әндерін, «Айдайды», «Бозжорғаны» әуелете шырқағанда бәріміз сілтідей тынып, Тауманды тыңдайтынбыз. Сол кездегі Абай атындағы опера және балет театры оны қанша рет қызметке шақырса да «жастық шағым онсыз да жоқшылықпен өтті, ендігі қалған ғұмырымды хәлаулаймен өткізіп, мәнді өмір сүрмей-ақ қояйын» деп бармай қойды. Өз басым осындай ағалардың қасында ондаған жылдар бойы бірге жүріп, талай тағылым алғанымды тағдырымның тамаша сыйы санаймын».

Иә, Шериаздан ағаның жазғанындай, тарлан тұлғаның сан қилы қасиеттерін достары мен тұстастарынан асырып кім бағалай алар?!

Орыстың белгілі физиолог-ғалымы И.П.Павлов (1849-1936) ақырғы сәтіне дейін студенттеріне: «Міне, менің аяқ-қолым суый бастады, міне, денемнен жан кете бастады…», – деп лекция оқып жатыпты, сонда шәкірттері ұстазының тілі байланғанынша жылап отырып тыңдаған екен.

Дәл Павловтай болмағанымен, Таукең де өмірінің ақырғы күндеріне дейін шәкірттеріне ілім-білім шуағын шашумен өтті.

Кешегі кеңестік социалистік жүйеде бүкіл қоғамды тыңшылық жайлаған, әр топта кем дегенде екі студент жоғарғы жаққа мәлімет жеткізіп тұратын «салпаңқұлақ» рөлін атқаратын. Амандосов осы бір сатқындыққа, жансыздыққа, жаһилдікке жан-тәнімен қас еді. Тыңшылықпен айналысатын, талайдың обалына қалған сұқсайтандарды суқаны сүймейтін. Әлгілер жатақханадағы студенттердің не дегенін, не істегенін былай қойып, бүкіл факультеттегі мұғалімдердің күбір-сыбырын үкілі пошта сияқты сол бойда тиісті жеріне жеткізіп отыратын.

Кейбір сұңғыла ұстаздарымыз «жабық тақырыптарды» сөз еткенде топ ішіндегі тыңшылардан сескеніп, тибет монахтары сияқты жұмбақтап, емеурінмен, ишарамен, ыммен белгі беру тақылеттес психологиялық тәсілдерді қолданатын.

Осы орайда, қателігіңді зілсіз ұрысып-ақ ұғындыратын, сыпыра сойып сілейтпей, сипай қамшылап, қаскөйлікпен рухыңды жаншымай, салмағымен басып, әкеңнің қоңыр кеңесіндей қылып берілген Таукеңдік тәрбиеге не жетсін?!

Қалай дегенмен де, Тауман Салықбайұлы жаратылысынан кінәз, бекзат адам еді. Профессор Амандосовтан бізге мынадай мұнтаз қасиеттер мирас болып қалды: атап айтқанда, қарапайым ауызекі әңгіменің өзін бойына қан құйып, құйқылжытып, сұлу жеткізу, жас пен жасамысты оңай кіріктіріп жіберетін орынды әзіл, төрт құбылаң түгел болмаса да, келер күнге деген ұлы сенім, қандай ортада болмасын айналасындағыларға сәулесін түсіретін биік мәдениет…

Міне, осының бәрі шәкірт зердесіне ұзақ жылдар себелеген ұстаз жүрегінің нұрлы жаңбырлары еді. Кейінгі жылдары журналистика факультетінің тең жартысынан көбі қыздар болып келетін. Аса бір дабыра қылып, сыртқа шығарып айтпаса да, осы бір мамандыққа қағылез, ылғи түртініп, ізденіп жүретін жігіттер көбірек болғанын қалайтын, марқұм. Өзінің алдынан өткен Қ.Қазыбаев, Қ.Смайылов, Ж.Аупбаев, Е.Смайылов, тағы бірнеше жер-жердегі қаламына қыдыр ұялаған журналистерді бізге үнемі үлгі етіп, аузынан тастамайтын. Амандосовты еске алсақ болды, көз алдымызға танапқа дорбасынан дән шашып бара жатқан диқан елестейді. Ол жүрген жерінің бәріне ілім-білімнің, іріліктің, достықтың, бауырмалдықтың тұқымын егіп кететін.

Құдайға шүкір, қазақ журналистикасының теориясы тарихындағы тұңғыш тың көтерушінің есімі шама-шарқынша ұлықталып келеді. Өзі туған Атырау қаласында Амандосов атындағы көше бар. Қазақстан Республикасы Үкіметінің №200 қаулысымен 2005 жылғы 3-наурызда Атырау қаласындағы Кеңөзек орта мектебі «Т.С.Амандосов атындағы орта мектеп» деп аталды. Жыл сайын баспасөз күні Атырау облысының басылымдары мен бәйгеде оза шапқан журналистері Амандосов атындағы сыйлықтың иегері атанады.

2011 жылы 90 жылдық мерейтойына орай Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде түрлі апталықтар, еске алу рәуішті мәслихаттар ұйымдастырылып, осы мереке қарсаңында «профессор Т.С.Амандосов аудиториясы» ашылды. Сондай-ақ, «Өнегелі өмір» сериясымен Тауман Амандосов туралы естеліктер мен ғылыми мақалалар жинақталған кітап «Қазақ университеті» баспасынан жарық көрді.

Айтулы тұлғаның биылғы 100 жылдық мерейтойына байланысты бірталай игі шаралар жүзеге асары анық.

Осыдан отыз жылдай бұрын Таукеңнің тәні жерде қалып, рухы Бәрзаһ әлеміне біржолата самғады. Осындай аяулы ұстаз, ғазиз жан, жайсаң достың біздің жанымызда жетпіс жылдай жүріп, бәрімізге жан жылуын аямай төгіп, жарты күлшені бөліп жегеніне тәубе дейік!

1946 жылы, дәл жиырма бес жасында Қазақ университетінің табалдырығынан мерейлене аттаған арманшыл жігіт, жаһұттай жарқыраған елу жылын әйгілі білім қағбасында қалдырып, кемел тәлімгер дәрежесіне көтеріліп, 1991 жылы мәйіті де осы қастерлі орда босағасынан шықты.

Абай айтқан «Асыл адам айнымас» деген осы-ау! Неткен сұлу ғұмыр!

Біз бүгінде өмірдің сары белінен сарыла ой ойлап, сарсыла еңбек етіп, ант сағаты соққанда сабырлы күйде сырғи жөнелген сарабдал саңлаққа мәңгілік сапарың мүбәрак болғай дегеннен басқа не айтамыз…

Жұмабай ҚҰЛИЕВ,

шәкірті

Алматы қаласы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button