Облыста құрылыс қарқыны төмен
Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов су тасқынынан кейін тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру мәселелері бойынша кеңесте айтылды.
Елімізде су тасқыны салдарынан қалпына келтіруге келмейтін барлық үйлер бойынша құрылыс және сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Су тасқыны салдарынан барлығы 19 342 жылжымайтын мүлік (жалғыз баспана болып саналатын үйлер мен саяжайлар) зақымданды, оның 8 578-і қалпына келтіруге жарамсыз деп танылды. Бүгінгі таңда 2 578 үй құрылысы мен 6 мың жылжымайтын мүлік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Премьер-Министр Солтүстік Қазақстан облысында 200, Павлодар облысында 5 жаңа үй құрылысының жедел жүргізілгенін атап өтті. Сондай-ақ жуырда Қостанай облысында 22 үй тапсырылады. Жалпы, тұрғын үйді қалпына келтіруді жеделдету үшін барлық шаралар қабылданғаны баса айтылды. Әкімдіктер қажетті қаржымен толық қамтамасыз етілді, барлық кемшіліктер жойылды, салынып жатқан үйлердің үлгілік жобалары бекітілді. Сонымен қатар жекелеген өңірлерде жұмыс кестесінен 15-25 күнге артта қалушылық бар. Атап айтқанда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола және Атырау облыстарында құрылыс қарқыны төмен.
Үкімет басшысы әкімдерге әрбір нысанға адамдар мен техника жұмылдыруды тапсырып, Президент жүктеген міндеттерді орындау үшін шамамен 2,5 ай қалғанын еске салды. Бұл ретте Премьер-Министр құрылыс нормаларын бұзуға жол бермеу керектігін талап етті.
«Қалпына келтіру жұмыстарының қарқынын жеделдету қажет. Құрылыс материалдарын жеткізуге, еңбек ресурстары мен арнайы техниканы алаңдарда жұмылдыруға байланысты барлық мәселені жылдам шешу қажет. Кестеден кешігуге әкеліп соғатын барлық проблемалар туралы дереу орталыққа хабарлау керек. Қажет болса, біз ресурстарды қайта бөліп, техника мен адамдарды көбейтеміз. Барлық құрылыс нормалары мен қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл мәселелер азаматтарды алаңдатпауы керек. Өңірлердің әкімдері үйлердің сапасына жеке жауап береді», — деп атап өткен Олжас Бектенов, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауды тапсырды.
Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, энергетика және көлік вице-министрлері жұмыс уақытының негізгі бөлігін барлық жұмыс аяқталғанға дейін өңірлерде, тікелей құрылыс алаңдарында өткізетін болады.
Жергілікті жолдарды жөндеуге және реконструкциялауға Үкімет резервінен 22,7 млрд теңге бөлініп, зардап шеккен өңірлердегі мектептерді қалпына келтіруге 7,5 млрд теңге бағытталды. Барлық мектеп оқу жылы басталғанға дейін қалпына келтіріледі.
Анықтама: Зардап шеккен аймақтардағы үйлер 100% тексеріліп, бағаланды. Бағалау қорытындысы бойынша 9 243 үй жөндеуге жатады. Жалпы сомасы 44,1 млрд теңгеге 7505 отбасы тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге өтемақы алды. 8 578 нысан қалпына келтіруге жарамайды. Бүгінгі таңда 3 921 отбасы қираған баспанасының орнына жаңа үй мен пәтер алды, 2 578 жаңа үйдің құрылысы жүргізілуде. 33 820 отбасы 12,5 млрд теңгеден астам сомаға 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Зардап шеккен тұрғындардың жоғалтқан аса қажетті заттарын сатып алу үшін 20 606 отбасына 9,4 млрд теңге 150 АЕК-ке дейінгі мөлшерде қосымша өтемақы төленді. Суға кеткен малдың өтеуі үшін берілген мемлекеттік көмек көлемі 2,8 млрд теңгеден асты. Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу бойынша өңірлік комиссиялар ШОБ субъектілерінің жалпы сомасы 1,5 млрд теңге болатын 178 өтінімін қарап, мақұлдады.