Жарнама
Қоғам

Облыс ауыз сумен толықтай қамтылған ба?

«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанынан құрылған «Өңірлік даму» жөніндегі аймақтық кеңестің алғашқы отырысы өтті.

img 9066

Кеңес төрағасы Ақылбек Құлбарақов кеңес отырысының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін бастамаларды талқылап, өзекті мәселелерді көтеру және олардың шешу жолдарын қарастыруға бағытталғандығын айтып, күн тәртібіндегі бірнеше мәселеге тоқталды. Соның ішінде ауыз судың сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу, 14 ауылдық елді мекенде су құбыры желілерінің құрылысын жүргізу, шағын ауылдарда кешенді блок-модульдерді орнату, Атырау және Құлсары қалаларындағы ағынды суларды тазартуды қамтамасыз ету үлесін 90%-ға дейін жеткізу, облыс бойынша 8 ауылға газ тарту, Атырау қаласының оң жағында газ тарату станциясын салу туралы мәселелер қаралды.
Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жантас Оспан облыс халқының орталықтандырылған ауыз сумен қамтылу деңгейі 99,9% құрап отырғандығын айтты.

img 9068

– Облыс аумағында 67 су тазарту станциялары жұмыс істейді. Тұтынушылардың санының артуына байланысты олардың қуатын арттыру мақсатында әкімдікпен жаңғырту жұмысы іске асырылуда. Өткен жылы Махамбет және Исатай аудандарындағы 16 су тазарту станциялары жаңғыртылса, биыл бұл жұмысты Құрманғазы, Индер мен Махамбет аудандарындағы 14 нысанды жалғастыру үшін жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленуде.
Сонымен қатар Атырау қаласында тұрғындарды сапалы ауыз сумен тұрақты қамту үшін бірқатар жұмыстар қолға алынды. Биыл №5 сүзгі станциясын қайта жаңғырту жұмысын аяқтаймыз. №1 қалқымалы су сорғы станциясын салу үшін мердігер мекеме анықталып құрылысы басталды. №6 сүзгі станциясын салу бойынша жасалған жоба сараптамада. Құрылыс жұмыстарын І жартыжылдықта бастауды көздеп отырмыз. Сапалы ауыз сумен қамту мақсатында Атырау облысы су арнасы мекемесінде электролиздік су сүзгі қондырғысы іске қосылды. Соның нәтижесінде станцияда суды тазарту үшін хлордың орнына натрий гипохлорит қосындысы пайдаланылады. Бұдан басқа өткен жылы қалада су құбырын ауыстыру жұмысы қолға алынды. Бүгінде 25 шақырым су құбыры ауыстырылды. Бұл жұмыс биыл да жалғасады. Жалпы 3 кезеңнен тұратын жоба 72,5 шақырымды құрайды, — деді Жантас Қадырбайұлы.

Бүгінде су шығынын болдырмау мақсатында автоматтандырылған су есептегіш құралдарын орнату жұмысы да жүріп жатыр. Жоспар бойынша қала аумағындары барлық ықшам ауданға, көпқабатты үйлерге 1400-ден аса есептегіш қондырылады. Соның нәтижесінде тұтыну туралы көрсеткіш диспетчерлік орталыққа онлайн форматта түсіп отырады.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button