ОБЛЫС ӘКІМІ БАҚТЫҚОЖА ІЗМҰХАМБЕТОВ ФУТБОЛШЫЛАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ
— Бүгін сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын, — дей келе, облыс басшысы клуб мүшелерін басталған Премьер-лига ойындарының жаңа маусымымен құттықтады. – Биылғы маусымда өткен жылмен салыстырғанда үлкен жетістіктерге жетеміз деген сенімдемін. Соңғы кездері «Атырау» футбол клубының қаржылық жағдайына қатысты күрмеулі мәселелер орын алғаны жасырын емес. Осы мәселелерді заңдық негізде шешудің жолдарын қарастырып, мақсатымызға жеттік. Күні кеше осы мәселелерге қатысты сот өтіп, біздің тарапымызды қолдаған шешім шықты. Сондықтан, мәселе толықтай шешілді деуге болады. Айдың соңына дейін негізгі құрамдағы 16 ойыншы өздеріне тиесілі еңбекақыларын алады.
Атырау өңірінде футбол спорты кенже қалғаны да белгілі. Енді сіздердің жеңіске деген жігерлеріңіз бен құлшыныстарыңыз ғана қажет. Мен өзім де — футбол жанкүйерлерінің бірімін. Сондықтан, мүмкіндігімше ойындарды тамашалап, қолдау білдіріп отырамын.
Сонымен қатар, облыс басшысы, кейбірі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғанындай командадан алты ұпай шегерілетіндігі және жаңа ойыншылар алаңға шықпайтыны жөніндегі ақпараттарды жоққа шығарды.
— Бұл – жаңсақ пікір екендігін ҚР Футбол федерациясы басшылығы да, кәсіби футбол лигасы да мойындап отыр. Жұма күнгі ойында негізгі құрам ойнайтын болады. Енді мәселелерді бірігіп шешетін боламыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзге салалармен қоса, спорттың дамуына да үлкен қолдау көрсетуде. Сондықтан, қуанышты күндер алда деп ойлаймын, — деп, облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов ойыншыларға жігер беріп, жеңіске деген сенімдерін арттыра түсірді.
«Атырау» футбол клубының директоры Асылбек Жүнтербаев команда құрамымен, бапкерлермен таныстырып өтті.
— Жуырда командаға жаңа черногорлық бапкер Миодраг Радулович бас жаттықтырушы болып тағайындалды, — деді ол өз сөзінде. — Футбол спортына, ең алдымен, футболшы боп келген Миодраг Радулович «Зета», «Борац», «Пахтакор», «Будучность» және «Казма» командаларында бапкерлік етті. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті команданың жаңа бапкері — футбол саласында кәсіби шеберлігімен шыңдалған маман. Бұған қоса, бапкерлікке тағайындалған черногорлық Зелжко Болжевич, Милин Чурчич, қақпашылар бапкері Сергей Чекмезов өз қызметтеріне кірісті.
Қақпашылар Сергей Бойченко, Владимир Плотников және Нұрболат Қалменов, қорғаушылар Валентин Чуреев, Сергей Куцов, Евгений Овшинов, Максим Самченко, жартылай қорғаушылар Артем Фомин, Денис Родионов, Тарас Данилюк, Никола Миланкович, Дорде Туторич «Атыраудың» намысын ақтап жүр. Сондай-ақ, команда биылғы маусымға жаңа ойыншылармен толықты. Атап айтсақ, Роман Пахолюк, Аслан Дарабаев, сербиялық жартылай қорғаушы Йован Голич, Максим Жалмағамбетов, Георгий Пейкришвили, франциялық шабуылшы Микаэль Антуан Кюрье, Ерлан Тұрашбаев, Виталий Головешкин және «Атыраудың» құрамында бұрын ойнаған Алексей Шакин мен Бейбіт Тәтішев команда құрамына қосылды. Роман Пахолюк пен Максим Жалмағамбетов өткен жылғы маусымда Шымкенттің «Ордабасы» командасында ойнаған болатын. Аслан Дарабаев «Ақтөбе» командасынан алынды. Йован Голич ресейлік «Спартак-Нальчик», ал, Георгий Пейкришвили «Олимпи» командасының құрамында өнер көрсетіп келді.
Шабуылшы Микаэль Антуан Кюрье франциялық «Пари Сен-Жермен» командасынан алынды. Ерлан Тұрашбаев «Алматы» және «Қайсар» жасөспірімдер командасында ойнаса, Виталий Головешкин көкшетаулық «Оқжетпес» командасынан келді. 2009-2010 жылғы маусымда біздің құрамда болған Алексей Шакин «Восток» командасынан, ал, Бейбіт Тәтішев астаналық «Бәйтерек» командасынан кері қайтарылған.
Өз кезегінде өңірімізде спорттың дамуына зор көңіл бөліп отырған облыс басшысына спортшылар атынан зор ал-ғысын жеткізген команда капитаны Валентин Чуреев: «Қиын кезеңде жанымыздан табылып, көп мөлшердегі қарызды жабуға ықпал еткеніңіз үшін команда атынан үлкен алғыс білдіремін, — деп Бақтықожа Салахатдинұлына команданың 10-шы нөмірлі формасын сыйға тартты. Команданың бапкері Миодраг Радулович те көрсетілген қолдау мен қамқорлыққа ризашылығын білдіріп, ойыншылардың қолы қойылған допты өңір басшысына тарту етті.
— «Атырау» футбол клубының мәселесі өте күрделі болды. Осы проблеманы шешу мақсатында ҚР Футбол федерациясымен байланысып, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен облыстық прокуратура тарапынан клубтың бережақ мөлшері қайтадан есептелді. Қайткенмен де, команданы Премьер-лига ойындарына шығару үшін облыс басшылығы мақсатты жұмыстар жүргізіп, команданың барлық күрделі мәселелері шешілді. ҚР Футбол федерациясынан хабарласып, жаңа құрамды 15-ші наурызда өз алаңымызда өтетін ойынға шығаруға рұқсат алып отырмыз. Бұл — өте қуанышты жағдай, — деді облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Қазбек Иманғали БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Айгүл ЕРТІЛЕУ,
Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.