Жарнама
Қоғам

ӨҢІРАРАЛЫҚ ФОРУМҒА – ОЙДАҒЫДАЙ ДАЙЫНДЫҚ

Алдымен, депутаттық корпус алдында қала әкімі Нұрлыбек Ожаев өзіне жүктелген функциялар мен міндеттер туралы есебін айтты. Шаһар басшысы сөзін күзде Атырауда Қазақстан-Ресей елдері басшыларының қатысуымен өтетін ХХІ өңіраралық форумға дайындықтан бастады.

Оның айтуынша, форум аясында қала жолдарын қалпына келтіруге республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа  әуежай бағытындағы автокөлік жолы мен әуежай вокзалы алдындағы алаң қайта жаңғыртылды, қаланың орталық көше жолдары күрделі жөндеуден өткізілуде. Қаланы көгалдандыру, абаттандыру бағытында Сәтбаев-Құрманғазы көшелерінің қиылысына  «Гүл сағатын», төрт дана «Ротондылар» сәулеттік кейіптері орнатылуда. Сондай-ақ, Тұрғындар қалашығы аумағынан «Ретро Парк» құрылысына және университет аумағынан «Жастар саябағының» құрылысы бойынша жасақталған жобалау-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтті. Форумның пленарлық мәжілісі өтетін «Салтанат» сарайының құрылысы да жоспарлы жүріп жатыр.

— Республикалық бюджет есебінен 2013 жылы басталған Нұрсая ықшамауданында (15,39 га учаскесінде – ред.) 1 095 пәтерлік 23 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Жалпы қала бойынша биыл тапсырылатын 19 үйдің 16-сы — осы аталған Нұрсая ықшамауданындағы үйлер.

Қазіргі уақытта қаладағы №18 Крупская атындағы және Құрсай ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептердің құрылысы аяқтала келді, қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп күтілуде, ал, М.Отаралиев атындағы орта мектептің құрылысын салу бойынша жобалау-сметалық құжаттары дайындалу үстінде. Сонымен қатар, биыл аталған құрылыс басқармасы арқылы өтіп отырған төрт балабақша Көкарна, Жұмыскер, Бірлік елді мекендері мен Нұрсая ықшам-ауданында пайдалануға берілмек, — деді қала басшысы Нұрлыбек Жұмахметұлы.

Сондай-ақ, қала әкімі мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмектер туралы айта келе, Үдемелі индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес қаламызда алдағы уақытта жүзеге асатын бірқатар жобалармен де таныстырды. 

Айта кетсек, индустрияландыру картасы шеңберінде ағымдағы жылы қала бойынша жеті жоба  іске қосылады деп жоспарлануда. Олар —  Модульдік үй тұрғызу фабрикасының құрылысы; Үй құрылысы комбинатын ұйымдастыру; Тауарлы-бекіре фермасы құрылысы; Ірі габаритті және аса ауыр бұйымдарды жинақтау өндірісін ұйымдастыру; Мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау үшін ірі габаритті бұрғылау кешені өндірісін ұйымдастыру; Бұрғылау коллонасының төменгі бөлігін құрастыру элементтерінің қосалқы бөлшектері мен PDC қашаулары тетіктерін өндіруді ұйымдастыру және химиялық реагенттер өндіру зауытының құрылысы.

— Қала тұрғындарын мазалап отырған мәселе — ол масаның көбейіп кетуі мен әлсін-әлсін полигонның өртеніп  ауаны бүлдіруі, — деп қала әкімі басты мәселелерді де қалыс қалдырмады. — Масаны улау жұмыстарын тендерден ұтқан арнайы мамандандырылған мекеме «Дезинфекшн Сервисес» ЖШС дезинфекциялық шараларды үйлердің жертөлелері мен көшелердің ашық аумақтары, саябақтар мен алаңдарда жүргізуде.

Қоқыс полигонына  келетін болсақ, ол қаладан небәрі 5 км қашықтықта орналасқан. Жылына қаладан тасымалданатын қоқыс қалдықтарының көлемі – 612 000 текше метр. Қоқыс полигонындағы өрттің алдын алу үшін тәулік бойына кезекшілік ұйымдастырылған және қажетті арнайы техникалары жұмылдырылған.

Қазір жаңа полигон құрылысын салу мәселесі туындап отыр. Қазіргі уақытта полигон құрылысы үшін Махамбет ауданының  аумағынан жобалау-іздестіру жұмыстары үшін 50 га жер учаскесі бөлініп, жерге орналастыру жобасы жасақталды. Коммуналдық қызметтердің техникалық шарттары, санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық қорытындылары алынған. Қазір техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалуда, — деді қала әкімі Н.Ожаев.

Сессия барысында, сонымен қатар, өткен жылы халықтың оң баға беруімен жаңа заңдылыққа сәйкес депутаттардың көпшілігінің дауыс беруімен сайланған Атырау қаласына қарасты тоғыз селолық округ басшылары да атқарылған жұмыстар туралы есептерін берді. Елді мекендер басшылары жолдарды асфальттау, көшелерді жарықтандыру, жұмыссыздық және тағы басқа мәселелерді ортаға салды. Сондай-ақ, тұрғындардан келіп түскен арыздардың мазмұнынан хабардар етті. Халықтың басым бөлігін толғандыратын – жер мәселесі. Сондай-ақ, діни ахуал бағытында да атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен сөз болды.

Депутаттар атқарылған жұмыстарға орай «қанағаттанарлық» деген бағаларын беріп, әкім мен депутат арасындағы байланысты одан әрі жандандыра түсу, толық қарқынды межеге жету үшін қызметті одан әрі жүйелендіру керектігін айтты.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button