Жарнама
Қоғам

ӨҢІР БАСПАСӨЗІНІҢ ӨМІРШЕҢ ЖАЗБАСЫ

 «Атыраудың баспасөзі» деп жалпылама айта салу оңай. Ал, оның қалай туғандығы, қалай қалыптасқаны, қалай дамып кемелденгені бір басқа. Мұны зерттеу өте қиын жұмыс болса да, «инемен құдық қазғандай» білек сыбана кірісіп, баспасөздің ұңғыл-шұңғылдарына тереңдеп батып, оқырманды тұшындыратындай еңбек тудырған авторға алғысымыз зор.

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің тарих-филология факультетінің жаңа ғасыр басында ашылған журналистика бөлімінде көптен жұмыс жасап келе жатқан автордың осы тақырып бойынша тарихи ізденісі осы мамандыққа өте құба-құп, сәйкес келді.

Журналист қолға қалам алып, көрген-баққаны туралы жаза беретін адам емес. Журналистік шеберлік оның тарихын терең білуден басталғандығын ұмытпау керек. Бұл оқулық студенттерге Атырау облысындағы баспасөз о бастан қалай қадам жасады, мемлекет тарапынан қандай қолдаулар болды, қандай қиындықтарды бастан кешірді, ел тірлігіндегі тарихи жағдайларға байланысты қандай проблемалар көтерілді, оның жұртшылыққа әсері қандай болғандығын білу үшін де аса қажетті. Мұның бәрі – жас журналистер үшін, әсіресе, журналистика әліппесін жаңа бастап үйреніп жатқан болашақ қаламгерлерге өте қажет екені бесенеден белгілі нәрсе. Сондықтан, облыс баспасөзінің тарихы пән ретінде оқытылып, шәкірттердің ғылыми жұмыстар жазуларына жолбасшылық көрсетіледі.

«Атырау баспасөзінің тарихы» (1917-1955 жж.) оқу құралы, төрт бөлімнен тұрады: 1-бөлім – «Өлке баспасөзінің қалыптасуы», 2-бөлім – «Аудандық газеттер тарихынан», 3-бөлім – «Редакцияның жүрегі – редактор», 4-бөлім «Баспасөз және оқу-ағарту» деп аталады. Осындай тарауларына қарап отырып, кітаптың жүйелілігін байқауға болады.

Бірінші бөлімде Атырау баспасөзі ең алдымен орыс тілінде шығуына байланысты қазіргі «Прикаспийская коммуна» газетінің алғашқы атаулары «Гурьевский вестник», «Красный Гурьевский вестник», «Трудовая-Рабочая правда», «Прикаспийская газета» сияқты атауларымен шыққандығы, ондағы көтерілген мәселелер, редакторлық, тілшілік жұмыстар атқарған адамдардың есімдері аталған. Бұл газеттердің өз кезінде атқарған қызметтері баяндалған. Сонымен бірге, қазіргі «Атырау» газетінің «Ерік», «Жұмыскер тілі», «Ленин жолы», «Социалистік құрылыс» болып аталып, 1955 жылға дейін газеттің қалай жұмыс істегені баяндалады. Бұл газеттің беттерінде көтерілген сүбелі мәселелердің қалай болғандығын тарих етіп шертеді.

Ғылыми еңбекте аудандық газеттердің алғашқы адымдары қалай жасалғаны да шежіре болып баяндалады. Мысалы, сол кездегі Теңіз аудандық газеті «Балықшылар үні», орыс тілінде «Красный Каспий», мұнайшылар газеті «Жем жұмысшылары», орыс тіліндегі «Большая Эмба», Гурьев аудандық «Ленин жолы», Есбол аудандық «Социалды мал шаруашылығы» (СМШ), Бақсай аудандық «Шопан үні», кейін «Социалды қой шаруашылығы», Маңғыстау аудандық «Жаңа жұртшылық» (кейін «Колхоз жолы»), Новобогат аудандық «Малшылар үні», Қызылқоға аудандық «Сталин жолы» газеттерінің халық шаруашылығын өркендету жолында, Отан соғысы кезіндегі атқарған үгітшілік, еңбекке ұйымдастыру жұмыстарын жүргізгендігі баяндалған. 1917-1955 жылдар аралығында осындай аудандық газеттердің болғандығын, оларда қандай мәселелер көтерілгендігін білудің өзі оқырманға облыстың баспасөз тарихына қызығушылықпен қарап, облыс өмірінің бір кездегі қиын жолдарына назар аудару бір ғанибет болмас па?

Ғылыми оқулықтың кезекті қызықты бөлімінде газет редакторлары туралы баяндалған. Автордың пікірінше, газет редакторларының Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында, Отан соғысы кезінде, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру кезінде атқарған істеріне тәнті боласың. Облыс тарихшы қаламдарымен өрнектеген, жауапты жұмыстарды мойындарымен нардай көтерген редактор мен журналистер Сейітмұхамбет Мәмбетов, Төлепкерей Өтеулиев, Ғатау Махамбетов, Зайтүн Сыздықов, Шияп Қожахметов, Сабыр Шәріпов, Мақсот Жалмұқатов, Құлмағамбет Бөріқұлақовтар туралы, олардың өмірбаяндары тәптіштеліп, өте қызықты көрсетілген. Осылардың ішіндегі Төлепкерей Өтеулиевтің, Шияп Қожахметовтің тағдырларының ауыр болып, репрессияға ұшырағандығы,  кеңес дәуіріндегі жаппай қуғын-сүргін саясатының құрбанына айналғандығы  өте аянышты. Олардың елдегі кемшілікті ашып айтып, әсіресе, Төлепкерей Өтеулиевтің Голощекинге тікелей хат жазуының өзі үлкен ерлік, батырлық еді.

Атақты жазушы Сабыр Шәріповтің, құлан жүйрік журналист Құлмағамбет Бөріқұлақовтың және басқа да редакторлар мен журналистердің өмірдеректері автордың ізденістерінің нәтижесінде жан-жақты зерделеніп, толық баяндалған деуге болады. Сабырдың ұлты татар болғанымен, қазақ өмірінен үздік шығармалар жазғандығы, мұнай өндірісін өте терең білгендіктен, мұнай өндірісінің проблемалары туралы өткір мақалалар жазғандығы, сонымен бірге атақты Құлмағамбет Бөріқұлақовты бүкіл Атырау өңірі Сабырдан кем білмейтіндігі айтылады. Бөріқұлақовтың мақаласы талай орталық, облыстық газеттерде шыққанда, оның мақалаларын жергілікті халық іздеп жүріп оқитынын, оның мақаласының сынына іліккен басшылардың зәрелері қалмағанын біз де, сол кезде бала болсақ та, білетінбіз. Айтылған әр газеттің, әр журналистің, әрбір редактордың жұмыс және өмірдеректері –  бір-бір қомақты зерттеудің тақырыбы. Ғалым Қ.Сүндетұлы болашақта бұлар жөнінде зерттеулер жазуға нұсқағандай. Бұл жұмыстарды, әрине, журналист түлектер атқара алатын жұмыстарға ғылыми басшылықты зерттеушінің өзі жасай алатындығы көрініп тұр.

«Атырау баспасөзінің тарихы» (1917-1955 жж.) атты оқулықты және терең мазмұнды ғылыми еңбектің құндылығы сол – оның әрбір тарауындағы баяндалған деректерді қайдан алғандығы анық та, дәл көрсетілген. Болашақ зерттеушілерге бұл үлкен ғылыми қолғабыс пен бағдар деп түсінген дұрыс.

Зерттеушінің үлкен ізденісінің нәтижесінде көптеген газеттер 1917-1955 жылдар аралығында жұмыс істегенін анықтауы қызықтырады. Оқулықта аталған жылдар арасында 40 газет жұмыс істеді дегенге таң қаласыз. Көпшілігіміз санаулы газеттердің атын атаудан әрі аса алмайтын болсақ, ғалым осынша көлемде баспасөз жұмыс жасағаны туралы деректер тапқанына риза болдық.

Аталмыш оқулық, әрине, алдымен студенттерге, баспасөз тарихын білгісі келгендерге арналған. Сондықтан, автор кітап соңында қосымша түсініктер де берген. Бұл әдебиеттердің ішінде теориялық және тарихи іргелі еңбектермен қатар, өзіміздің жергілікті авторлардың Х.Табылдиевтің, Ә.Мұхтардың, Б.Қорқытовтың, Қ.Қуанышбайұлының, Т.Жауырұлының, Мақсат Тәжімұратовтың баспасөз туралы жазбаларының аттары аталған.

Тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлының көптеген жылдардан бері Атырау және Қазақстанның батыс өлкесі баспасөзінің тарихына байланысты «Қазақстанның батыс өлкесіндегі баспасөздің дамуы», «Баспасөз тарихы – ел тарихы», «Ордадан қанат қаққан үнпарақтар» деген ғылыми еңбектері жарияланған еді. Міне, бүгін «Атырау баспасөзінің тарихы» (1917-1955 жж.) атты оқулық дүниеге келді. Бұл – халық көптен күткен оқулық, терең ғылыми еңбек. Студенттердің қолынан түспейтін оқулыққа айналатын еңбекті дүниеге әкелген авторға ел алғысын білдіреміз.

Қадыр ЖҮСІП,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау

мемлекеттік университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button