«НКВД» балалары

«НКВД» балаларының» көзі тірі соңғы толқыны, 1937 жылдың қыс айында Арал ауданында дүниеге келген анам Гүлбаршын Көбегенқызы болды. Бұл күнде о дүниелік болған әкем Нәби Балапанұлы да балалық шағының шуақсыз күндерін Алматыдан Сайрамға көшірілген «халық жауларының» балалары үйінде өткізген «НКВД» баласы» болатын.

Екі «халық жауының» баласы қосылып, 1954 жылы отау құрды. Олар шаңырақ көтергенде «халық жауының баласы халық жауының қызына үйленді» деген  мұқату да бол-ған. Бірақ, бұл «таңба» оларды мойыта алмады. Алты бала тәрбиеледі.

Гүлбаршын Көбегенқызының балалық шағы «халық жауының қызы» болса да өз елінде мұқтажсыз өтті. Әкесі Көбеген Лекеровтің ел басқарып, халқын  ұйытқаны қызыл империяның «қолшоқпарларына» ұнамады.

Сөйтіп, ол халық ағарту саласының алғашқы қарлығаштарының бірі – Қуаныш Жұбановпен  қатар ұсталды. 1937 жылдың 15 қарашасындағы Ақтөбе облыстық НКВД үштігінің қаулысы оны 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ал, Қуаныш Жұбанов ату жазасына кесілді.

Әкем, Нәби Балапанұлының да тағдыры ауырлау болды. Әкесі тапсырып кеткен адамдар сәбиден көз жазып қалса керек. «Әкемнің қайда екенін білмеймін, бір орыс, бір татар баласы және мен панасыз қалған үшеуміз бір аптадай базарда қаңғып жүрдік. Кейін әскери киімі бар ұзын бойлы адам келіп, мені балалар үйіне жөнелтті. 5 жастан бастап мекенім болған сол Сайрамдағы балалар үйінен 1937 жылдың қара күзінде әкем алып кетті»  деп айтып отырғанда жанарына еріксіз жас үйірілетін.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз