Несие алған ауыл шаруалары тығырыққа тіреліп отыр
Мемлекеттен несие алып, өрісін төрт түлікке толтырмақ болған ауыл шаруалары бүгінде тығырыққа тірелген. Олар Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне шағым айтып, күрмеулі мәселелерінің шешімін табатынына үміттеніп отыр. Департамент басшысының уақытша міндетін атқарушы ерұлан серікқалиев «Бизнеске жол» жобасы аясында кәсіпкерлердің құқығы қорғалатынына сендірді.
– Мемлекет басшысы айтқандай, «кәсіпкерлікті қолдау бизнеске ерекше назар аударуды білдіреді». Сондықтан біз өз тарапымыздан кәсіпкерліктің дамуын тежейтін түрлі кедергілерді еңсеруге көмектесеміз, — деді кәсіпкерлермен кездескен департамент өкілі.
Осы тұста Құрманғазы ауданының кәсіпкері Болат Шаяхметов несиелік борышын толық өтесе де, әлі күнге дейін тығырықтан шыға алмай отырғанын айтты.
– Мен 2017 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» А Қ — н ы ң Атырау облысындағы өкілдігі арқылы бизнесімді дамыту үшін 5 миллион теңге алған едім. Былтыр тамыз айында осы қаржы мекемесі алдындағы міндеттемеден құтылғанмын. Әйтсе де кепілдемеге қойған мүлкімнің құжатын қолыма бермей отыр. Міне, осы даудың созылғанына бір жылдан асты. Бұл менің бизнесімді дамытуыма кедергі болуда, — деді кәсіпкер.
Б.Шаяхметов «Құрманғазы» несиелік серіктестігі» ЖШС-нің құрамында болғандықтан сергелдеңге түскен. Қарызын уақытылы қайтарғанымен, оның машақатынан құтылар емес. Себебі, несиелік серіктестік құрамындағы 35 адамның 10-ы борышын төлемей отырған көрінеді. Аталған мәселеге байланысты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Атырау облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Нұршат Ибраева өз уәжін келтірді.
– Иә, бұл жерде «Құрманғазы» несиелік серіктестігі» ЖШС-нің құрамындағы жосықсыз тұлғалардың кесірінен берешегі жоқ адам да зардап шегіп отыр. Өйткені, оның жарғылық құжатында «ортақ жауапкершілік» деген сөз бар. Бұл мәселе бойынша сотқа талап арыз беріліп, ішінара қанағаттандыратын шешім шықты. Енді бір айдың ішінде апелляциялық шағым түспесе, мәселе оңынан шешілуі керек, — деген Нұршат Ибраева мұндай проблема тек Құрманғазы мен Исатай ауданында кездесіп отырғанын тілге тиек етті.
Бөгденің қарызы үшін берекесі қашқан кәсіп иелері әлденеше рет жиналып, өзекті өртеген мәселені талай рет талқылаған. Бірақ, әзірге нәтижесі жоқ. Керісінше, несібе табуға септеседі деген несие серіктестігі кәсіпкерлердің басын дау-дамайға қалдырып отыр. Ал, Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс — қимыл департаментінің ақпараты бойынша кепілдемесіз несие алғандар бар екен.
Серіктестікке есігінің алдында «тышқақ лағы да жоқ» жоқ адамдар да алғашқы жарнамен кірген. Демек, жарғыдағы «ортақ жауапкершілік» бойынша борышты өндіріп алу шарасы мүлкі мен еңбекақысы бар қатысушыларға қолданылады. Міндеттеме бойынша жауапкершіліктің басқа қатысушыларға жүктелуі әділетсіздік емес пе? Кездесу соңында Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының уақытша міндетін атқарушы Ерұлан Серікқалиев бизнесті қорғау басты міндет екенін нақтылады. Сондай-ақ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Атырау облысы бойынша филиалының өкілдерін Жарғыдағы жауапкершілік, серіктестіктің адал және жосықсыз қатысушысы түсінігінің аражігін ажыратып, заңдық тұрғыда жұмыс атқаруға шақырды.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ