Жарнама
Қоғам

ӨНЕРГЕ ҒАШЫҚ ЖАН ЕДІ

— Мұқан ақкөңіл, ақжарқын, пәк пейілді азамат болатын. Редакциядағы қызметкерлердің туған күні немесе мерейтойлары бола қалса, ұжым атынан Мұқан өлең шығарып, өзі асабалық қызмет атқаратын. Ондай жұмыстан ол ешқашан бас тартып көрген емес. Қайта керісінше, әріптестерінің қуаныштарын мазмұнды да, мағыналы етіп өткізуге барын салады. Менің елу жасыма арнап әзіл-шыны аралас шығарған мынадай өлеңі мұрағатымда сақталыпты.
«Көктегі жауған жаңбырдай,
Ешкімнің көңілін қалдырмай,
Ешкімнің сағын сындырмай,
Елуге кепті Жаңбырбай.
Жұмыс деп белді буғансың,
Секретариат үшін туғансың.
Редакцияның «төл» баласы,
Құтты болсын туған күн!
Редакцияда жүрісің,
Етікке қаққан шегедей,
Неше жасқа келсең де,
Қымбаттың күйін демегей!
«Алатаумен» асқақтап,
«Сарыарқадай» ескейсің.
Келін жұмсап, қыз беріп,
Бақытты өмір кешкейсің.
Бұл өмірдің сәні не,
Жиынмен, тоймен қызбаса,
Қол сілте де бәріне,
Жамбылдайын жүз жаса!», — деп еске алады.
Иә, Мұқан Көптілеуов осыдан 73 жыл бұрын (1940 жылы) Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылында, байырғы теміржолшы Баянқұл отбасында дүниеге келіп, 1958 жылы орта мектепті бітірді. Одан соң екі жыл әке жолын қуып, теміржолшы болып қызмет істеген. 1960 жылдың жазында Алматыға аттанып, С.М.Киров атындағы Қазақтың Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсті.
— Ол университет қабырғасында жүргенде әрдайым әдеби кештерде, семинарларда белсенділік көрсетіп, айтыс-тартыстарда өзінің қалыптасқан ой-пікірін білдіріп отыратын, – дейді жазушы Тәжібай Жанаев.
1965 жылы аталған жоғары оқу орнын ойдағыдай бітіріп шыққан дипломды жас маман сол жылы Атырау облысына оралып, қазіргі «Атырау» газетіне әдеби қызметкер болып жұмысқа орналасады. Мұқан Баянқұлұлы осы газетте 1991 жылға дейін жұмыс істеп, мәдениет, хат бөлімдерінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
— Мұқан тілші ретінде облыстың түкпір-түкпірін аралап көріп, біліп, талай жетістіктер мен проблемалы жайлардың бәрін жазып отырумен бірге, еңбекшілерге ой сала білді,- деп еске алады көз көрген әріптестері.
Шындығында, Мұқан Баянқұлұлы облыстағы барлық халық оркестрлері мен халық театрларының, халық ансамбльдерінің, кітапханалары мен клубтар және мәдениет үйлерінің тыныс-тіршілігін терең білетін. Қай ұжымның жетекшісі кім екенін, онда қанша адам бар екеніне дейін есінде сақтайтын. Тіпті, көз көрген өнер майталмандарының айтуынша, Атырау облыстық драма театры Мұқанның екінші үйіне айналып кетіпті. Оған себеп, ол театрда қандай спектакль дайындалып жатқанын, қандай рөлдерде кім ойнайтындығына дейін жатқа соғатын. Театрдың әрбір қойылымынан материалды да Мұқан жазатын. Оған Мұқан қызмет еткен жылдардағы мұрағатта сақталған «Социалистік құрылыс», «Коммунистік еңбек» газеттерін парақтағандар көз жеткізе алады.
«Мыңның шала білгірі болғанша, бірдің таза маманы бол» деген қанатты сөз бар. Бұл Мұқан Баянқұлұлына арналған десе болғандай. Айталық, Атырау облысында қанша әдебиетші бар, кім өлең жазады, кім прозамен айналысады, кім драматургиямен шұғылданады? Соның бәрін көпшілік Мұқаннан сұрап алатын. Керек десеңіз, ол Атырау облысы энциклопедиясының үлкен бір бөлімі «Облыс әдебиеті мен өнері» тарауын жазып, шығарушылар алқасының мүшесі болды. Өзі де қаламы желді ақындығымен көрінді. Содан болуы керек, 1991-1993 жылдары Мұқан Баянқұлұлы Атырау облыстық мәдениет басқармасына ауысып, сол мекеменің жанынан шығатын «Көкжиек» газетінің редакторы қызметін атқарды.
Онымен қоса, «Мұхит мектебі» атты өнер үйірмесін ұйымдастырды. Бір қызығы — Мұқан Баянқұлұлы Мұхит әндерін өте жақсы көрумен қатар, өзі де қазақтың қара домбырасын қолына алып, шырқап салатын әні бар еді. Тіпті, Мұхит шығармашылығын өте жақсы көргендіктен болар, тұңғыш ұлының атын Мұхит қойды. Сонымен қатар, ол жыл сайын облыста тұрақты өтетін «Сегіз қырлы, бір сырлы», «Биік болсын шаңырақ» атты халықтық мереке сайыстарын ұйымдастырып отырды.
Ал, 1993 жылдан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің студенттеріне дәріс оқыған Мұқан Баянқұлұлы талай студенттердің дипломдық жұмысына жетекшілік етті.
Сайып келгенде, биыл қазіргі «Атырау» газетінің құрылғанына 90 жыл толғалы отыр. Осынау 90 жылдық тарихы бар аға газеттің сарғайған бетшелерінде Мұқан Баянқұлұлы Көптілеуовтің өнер туралы өндіріп жазған өнегелі очерктері, мазмұнды мақалалары, тағылымды эсселері қаттаулы тұрғаны сөзсіз. 2010 жылы Мұқан Баянқұлұлының қайтыс болғанына бес жыл, туғанына 70 жыл толуына орай Жұмабай Құлиев пен Ақбөбек Қабдированың құрастыруымен «Ақша бұлттай ақ пейіл» атты кітап жарық көрді. Онда аталмыш қаламгердің бір топ очерк, эссе, әңгімелері, өлеңдері енгізіліп, оның жарқын бейнесі туралы елімізге белгілі ақын-жазушылардың, әріптестері мен дос-жарандарының естеліктері топтастырылыпты.
Әйтсе де, бұл – Мұқан Баянқұлұлының әлгі кітапқа енгізілген шығармаларының бір бөлшегі ғана. Оның қаламынан туындаған шығармаларын жинақтаса бірнеше том кітап болатыны сөзсіз.

Бауыржан СИСЕНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button