Жарнама
Қоғам

Өнегелі өмір

Шілденің шіліңгір ыстығының беті қайтып, тамыздың тамылжыған күндері басталған шақ. Кешкілік мезгіл. Железноводскідегі «Геолог Казахстана» емдеу-сауықтыру пансионатында демалушылардың  дені – оқушы балалар. Олар үшін жайдары жаз қызықтары ерекше көңілді, әрі әсерлі өтіп жатқандай.

photo_2018-12-11_10-44-51

Шипажайдағы күй күмбірі

Балалар шырқаған әсем әуенді саз осында демалуға келген үлкендер жағын да елітпей қоймады. Кешкі тамақтан соң саялы бақта таза ауада демалып отырған Қатимолла аға да бірі домбырада, енді бірі гитарада ойнап отырған балаларға көңілі ауып, солай қарай аяңдады.

– Ой, балаларым, амансыңдар ма? Қай жақтан келіп едіңдер. Демалыстарың қалай? Ұнап жатыр ма?

– Ағай, біз Атырауданбыз. Қызықты демалыс болды. Тек аяқталып қалғаны өкінішті. Екі күннен соң ауылға жүреміз.

–  Шеттеріңнен өнерлі сияқты көрінесіңдер ғой. Ауданнан келгендерің бар ма?

– Иә, көпшілігі аудандардан. Оқу озаттары мен көп балалы отбасыларынанбыз. Ертең кешке қоштасу концертіміз болатын еді, соған дайындалып жатырмыз. Келіп концертімізді тамашалаңыз.

– Жарайды, өнерлеріңді тамашалауға барамын…

Пансионаттың мәдени-көпшілік шаралар өтетін алаңқайы демалушыларға толды. Әр ауданнан жиналған  балалар жеке командаларға бөлініп, өнер көрсетіп жатыр. Бірі  ән шырқаса, енді бірі би биледі. Қос шекті домбыраның қоңыр үні де көпшіліктің делебесін қоздырып жіберетіндей. Балалардың бірдей қимылдаған флешмобы да ұнап жатыр.

Үлкендер де ризашылықпен қол соғып, өнерлі өрендерге өз қошеметін білдірді. «Бала күннен серігім болған домбырамен бір-екі күй тартып бермесем болмас мұндай сәтте» деген оймен Қатекең сахна жаққа қарай беттеді. Өзіне ұсынылған киелі аспаптың бұрауын келтіріп алды да күй атасының «Балбырауынына» басты. Сосын жастық шағында өзі алғаш орындаушысы болған жерлес композитор Сейілхан Құсайыновтың «Мерекесіне» кезек берді. Сірә, аталарынан мұндай тосын сыйды күтпеген балалар да мәз-мейрам болысып жатыр.

Қатимолла аға бақытты балалықтың бал дәуреніне тоймаған кішкентай демалушыларға аталық сөзін арнап, батасын берді. «Сабақты жақсы оқып, Тәуелсіз еліміздің парасатты азаматы болуға талпыныңдар. Қазақстанның болашағы – сендерсіңдер. Қазақтың салт-дәстүрлерін сақтап, білімге, ғылымға, өнерге, құштарлықпен жақсы азамат боласыңдар. Ғұмырлы болыңдар, айналайындар!»…

Нарын құмындағы Дуаберген топырағында дүниеге келген Қатекеңнің балалығы мен жастық шағы елдегі қиындау, тауқыметі көп тағдырмен тұстас келді. Ұлы Отан соғысы жеңісінен кейінгі тұралаған шаруашылықты қалпына келтіруге атсалысқан азаматтар да, киер киім мен ішер астың қамымен күндерін өткізген әйел-аналар да мігір көрмейтін. Әкесі Ризуан мен анасы Ләтифа шаруаның адамдары, мал ұстады. Әкесі кейін аудандық мал дайындау мекемесін, колхоздың сиыр фермасын басқарды.

Қаршығаның ұстазы

Қағылездеу, жұқа өңді сары бала сабақты жақсы оқыды. Мектептің қоғамдық өміріне де белсене қатысты. Алғаш домбырада ойнаудың әліппесін Новобогаттағы Амангелді атындағы орта мектепте оқып жүргенде директор-ұстазы Ғибатолла Мәсәлімовтен үйренді. Сол Ғибекең кейін атақты композитор Ахмет Жұбановтан жоғары баға алып, республикалық сайыстың бас жүлдесін қанжығалап еді. Ол ұстазынан үйренген домбырашылық өнерді 1955 жылы Гурьев мемлекеттік институтына оқуға түскеннен соң да жалғастырды. Қаладағы Мұнайшылар мәдениет үйінде белгілі сазгер Сейілхан Құсайыновтың домбыра үйірмесіне қатысты. Ұлағатты ұстаздардан дәріс алған өнерлі жігіт 1957 жылы жастар мен студенттердің Алматыда өткен І фестивалінен тәжірибесін шыңдап, олжалы оралды.

«1960 жылы институттың физика, математика және сызу пәндерінің мұғалімі деген мамандықпен еңбек жолымды қазіргі Махамбет ауданының Таңдай орта мектебінде бастадым. Домбыра тартуға ынтасы бар, қабілетті балаларды жинап, үйірме жұмысын ұйымдастырдым. Алтыншы сыныптағы Қаршыға Ахмедияров деген баланың аспапты меңгеруі, қос шекті қағысы, ноталық сауаты ерекше-тұғын. Кейін батыс күй өнерінің жарық жұлдызы, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері болған күй қағаны Қаршыға Ахмедияровтың ресми кездесулерде берген сұхбаттарында өзіне домбыра үйреткен «әкемнен кейін Қатимолла ағай» деп мені ұстазы санауы – мен үшін зор мақтаныш» дейді Қатимолла Ризуанұлы.

Ізі қалған игі істер

Жаманқала мектеп-интернатында тағы екі жылдай мамандығымен жұмыс жасаған ол аудандық комсомол комитетінің бюро мүшелігіне сайланып, штаттан тыс хатшысы қызметін атқарады. 1963 жылы партия мүшелігіне кандидат болып, аудандық комсомол комитетіне жұмысқа шақырылды. Кейін облыстық комсомол комитетіне қызметке алынды. Облыстық партия комитеті бюросының шешімімен жігерлі жігіт Алматы жоғары партия мектебіне оқуға жіберілді. Білімін жетілдіріп, саяси жағынан шыңдалып келген Қатимолла Ризуанұлын алда жауапты партиялық жұмыстар күтіп тұрған-ды. Әуелі жеті жылдай облыстық партия комитетінің ұйымдастыру-партиялық жұмыстар бөлімінің нұсқаушысы, ал, 1978 жылдың сәуірінде өткен Индер аудандық партия комитетінің  кезекті пленумында Қатимолла аға аупарткомның екінші хатшысы және бюро мүшесі болып бірауыздан сайланды.

Үнемі ізденіс пен жаңалыққа құмар хатшының саяси-идеологиялық жұмыстарды ұйымдастырудағы, кәсіпорындар мен шаруашылықтардағы бастауыш партия ұйымдарының рөлін көтеру, коммунистердің саяси  беделін арттырудағы белсенділігі, талапшылдығы мен талғампаздығы анық сезіле бастады. Қатекең қызмет еткен он жылдың бедерінде аудан өмірінде есте қаларлықтай біраз шаруа тындырылды. Жарыс қорытындысымен сала мамандарын ұлықтау, малшылар күнін өткізу, мәдени-спорттық шаралар, ақындар айтысын ұйымдастыру дәстүрге айналды.

198З жылдың 15 мамырында дауылпаз ақын, ақберен батыр Махамбет Өтемісұлының сүйегін Қараой топырағындағы мәңгілік мекеніне  қайта жерлеу рәсімін ұйымдастыруы – республика көлемінде болған айтулы оқиға еді. Мұнда да Қатекең үлкен табандылық танытты. Жыл сайын ауданда «Махамбет поэзиясы күнін», жасөспірімдер арасында еркін күрестен Махамбет атындағы жүлде үшін сайыс өткізу дағдылы іске айналды. Индерде жас жұмысшылар даярлау үшін кәсіптік-техникалық училищенің ашылуына типтік жобадағы ғимараттар кешені құрылысын салдыртуға бастамашыл болған да Қатеке еді.

Қатимолла Ризуанұлы 1988 жылы облыстық партия комитеті жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, ұйымдастыру-партиялық жұмыстары бөлімінің меңгерушісі, 1992 жылы облыстық кеңес төрағасының орынбасары, ал, республикада жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа институты құрылғанда облыстық мәслихаттың алғашқы хатшысы болып сайланды.

Бойындағы адами асыл қасиеттері – кісілік, қанына сіңген қарапайымдылық, тапсырылған іске жауапкершілік, биік парасаттылық пен жастарды адамгершілікке үндеп, үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ардагер ағамыз бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Дүйім ел сыйлаған ағамыздың өңірінде мемлекеттік марапаттар – «Құрмет», Азаматтық партияның «Азамат» ордендері, түрлі дәрежедегі медальдар жарқырайды. Қатекеңе «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағының берілуі де жайдан-жай емес.

Ардагерлер – тәрбие қайнары

Зейнеткерлік демалысқа шыққан жиырма жылдай уақыттан бері біраз қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүр. Осыдан жеті жыл бұрын облыстық ардагерлер кеңесін басқаруға сенім білдірілді. Міне, содан бері талай ел аузында айта жүрерлік игі істер тындырылды. Әрине, қиындықтар да кездесті. Уақыт өте келе келелі мәселелер мен проблемалар өз шешімін тапты. Бұл туралы кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында оқырмандарға жария болды. Ардагерлер ұйымының ұйытқы болуымен облыста «Ардагерлер әуендері» ретро концерті, спорттық сайыстары, әскери-патриоттық шаралар, майданнан оралмаған боздақтарды іздестіру, әскери жорықтар ұйымдастыру жүзеге асырылды. Соғыс және тыл ардагерлерін, еңбек әулеттерін ұлықтау және басқа да тәрбиелік мәні зор іс-шаралар жоспарлы өтіп тұрады. Қатимолла Ризуанұлы басқаратын облыстық ардагерлер ұйымының іс-тәжірибесінің республика көлемінде таратылуы біраз жайтты аңғартса керек.

Ардагерлер ұйымы жетекшісінің бастамасымен облыстық телеарнадан «Ақсақалдар алқасы» хабары тұрақты беріле бастады. Абыз ақсақалдардың басын қосып, «дөңгелек үстел» нұсқасында облыстағы күрделі түйіндерді талқылауды, жас ұрпаққа аға буын өкілдерінің өнегелі өмірін ғибрат ете отырып, көнекөздердің өмірлік тәжірибесінен дұрыс бағыт-бағдар беруді, тарихи шежіре-сыр шертуді, қоғамдағы қариялардың ролін арттырып, қазақы қанға сіңген құндылықтарды ұлықтауға үлес қосуды мақсат еткен бұл бағдарламаның да жастарға берер тағылымы мен тәлімі аз емес.

Бақытжан  ЖҰМАТ.

 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button