Жарнама
Қоғам

НАРЫННЫҢ НАР ТҰЛҒАЛЫ ПЕРЗЕНТІ

 

Сүндет ДАУЫЛБАЕВ, ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Исатай ауданының Құрметті азаматы:

-Алматыдан жоғары оқу орнын тәмамдап келген жас маман Ғатау ең әуелі «Забурын» кеңшарына қызметке орналасты. Ол кезде мен осы  кеңшардың директоры болатынмын. Бір жылдай ферма зоотехнигі болып жұмыс істеп, аз ғана мезгілде өзін білікті маман ретінде танытқан ол көп ұзамай шаруашылықтың бас мал дәрігері қызметіне жоғарылатылды. Одан кейінгі жылдары да талай лауазымды қызметтердің тізгінін ұстады. Сөйтіп, мені еңбек жолындағы ұстазы санайтын елгезек жігіт соңынан қай жұмысты да жатсынбайтынын, қандай шаруаны да үйлестіретінін дәлелдеп, көңілден шықты. Бертін келе өзара сыйласып, құрметтейтін ағалы-інілі адамдардай болып кеттік. Осы күнге дейін солай жүрдік. Енді оның домбырашылығы, күйшілігі, арқаланған өнерпаздығы өз алдына бір төбе. Бейнелеп айтсақ, он саусағынан өнері тамған, нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жігіт еді ғой. Адамгершілігі, кісілігі мен кішілігіне келсем, сөзім жетпейді. Міне, бүгін сондай бір қадірлі інімізбен, ел сыйлаған азаматпен қоштасуға тура келіп тұр. Қимасақ та, қиналсақ та, қош, Ғатеке, бақұл бол, бауырым деуден басқа айтарымыз жоқ.

Рахымжан ОТАРБАЕВ, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург, өнер жолындағы інісі:

— Ғатау ағамен алғашқы танысқаным, ол кісінің жайдарлы да жарқын жүзін көргенім 2000 жылы еді. Нарыннан шыққан нар тұлғалардың бірі Нариман Үлкенбаев ағамыздың үйінде қонақта болғанымда, екеуінің қос ішекті домбыраны қосыла шертіп, аз ғана уақытта бірнеше күйдің басын қайырғанын тыңдап, тәнті болдым. Әрі-беріден соң ағамыз домбырасын қоя салып, қолына сыбызғысын алып, сазды әуенді тамылжыта ойнай жөнелгенде, тіптен де қайран қалдым. Сәлден соң Нариман аға өзінің термелете төгілтетін халық әндеріне басса, Ғатекеңнің де домбыра мен сыбызғыны кезектестіре одан қалыспағанын көрдім. Сол бір салған суреттей боп жадымда жатталып қалған көрініс, сол бір аяулы да асыл ағалардың риясыз көңілдерін айшықтап тұрған бейнелері әлі күнге көз алдымда. Содан да шығар, Ғатау аға бақилық болды дегенді естігенде, сенер-сенбесімді білмей абдырап қалғанымды да жасырмаймын. Сол суыт хабардың растығына бүгін ғана көз жеткіздім. Қош, абзал аға, мәңгілік мекеніңде жұмақтың төрі бұйырғай, Құдайым ұрпақтарыңды үбірлі-шүбірлі, ұзақ ғұмырлы қылғай.

Мәди ҚИБАСОВ, студенттік жылдарды бірге өткізген досы: — Институтқа бірге түсіп, қатар оқысақ та бұл кісінің бізге аздап ағалығы бар-ды. Жүріс-тұрысынан, салмақты мінезінен, ақыл-парасатынан онысы білініп те тұратын. Сондықтан да, оған арқа сүйеп, қиналған тұста кеңесіне жүгінетінбіз. Оқуды бітіріп, диплом алғасын әрқайсымыз жөнімізге кетсек те, бір салада жұмыс жасағандықтан хабарласып тұрдық, байланысымыз үзілмеді. Жора-жолдастарымызбен достасып, отбасымызбен араласып, жақын туыстай боп кеттік. Сол үрдісімізден осы күнге дейін жаңылмадық. Мамандығына машықтанып, кәсібін бір кісідей меңгергені, соның нәтижесінде түрлі басшылық қызметтерде болғаны өз алдына, өнерге жақындығы, домбыра десе, күй десе, ішкен асын жерге қоятындығы оның бізден артықшылығын байқататын.  Оның үстіне, Ғатекең орынды жерде сөйлеп кетсе, керемет шешендігімен де ерекшеленетін. Осындай адал да ақкөңіл досымыз енді арамызда жоқ  дегенге сенудің өзі қиын.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button