Жарнама
Қоғам

НҰРҒАЛИ НҮСІПЖАНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ: «ДОС ЖЫЛАТЫП АЙТАДЫ…»

 

Асылында, сіз бен біз «Отан үшін», «Ел үшін» деген идеологияның маңайына топтасып, өткенімізді өлшеу арқылы болашағымызды бағамдауға тиіс едік. Ертеңгі күнге қандай өлшеммен қараймыз? Осы жағынан келгенде, қазақ журналистикасында бауырларымызды болашаққа ұмтылдырып, намысты тіктейтін ұлттық қадір-қасиет мәселесін қозғау жағы әлі де болса азаңдау деп ойлаймын. Қалың қазақтың тарапынан ұлттық құлшыныстың, ұмтылыстың болмауы алаңдатады. Кейде бізге шегіртке жәндігінен үлгі алу керектей көрінеді. Сол шегірткелер бір көтерілген кезде, жүрген жерін жайпап кетеді. Ғажабы сол, олар шағылысатын, жұмыртқа тастайтын кезде көкке бірге көтеріліп, бірге жұмылып, бірге ұшып, ұйымдаса біледі. Жаратылыстардың ішіндегі ең саналасы адам екенімізге  қарамастан, елдік мәселеде бірігудің жетіспей жатқандығына налып отырып, шегірткелерге тамсануымның сыры осы.

Қазақта «жібекті жүн қылады түте алмаған» деген сөз бар. Кейде арзан дүниеге қарай көбірек ойысып, жақсы дүниелерді жүре сөйлеп, жеңіл қаузап өтетін жағдайлар кездесіп жатады. Дәл қазіргі таңда бізге ұлттық идеологиямызды тіктеп алу маңызды. Сол үшін де ақпарат құралдарының күш-қуатын, әлеуетін толықтай пайдалануымыз қажет. Өйтпесек, көптеген шетелдік тараптар жастарымыздың санасын өздеріне бұрып бара жатыр. Осы мәселеде самарқаулықтан арылып, бірігетін уақыт өтіп барады.

Жеңіл қылжаққа әуестеніп бара жатқанымыз рас. Осындайда, «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген тамаша сөз отандық журналистиканың өмірлік темірқазығына, берік ұстанымына айналса дейміз.  Журналистеріміз әлі де көргіш, сезгіш бола түссе, біз одан ұтылмаймыз. Өзімізді сыйлай тұрып, кемшілігімізді көру және оны көрсете білу маңызды.  Себебі, оның артында ел болашағы жатыр.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button