Мункиз Махмұд ас-Саккар, Дүниежүзілік Ислам лигасының Халықаралық ұйымдар мен конференциялар департаментінің кеңесшісі, доктор: «ДӘСТҮРЛІ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ҒАНА ИСЛАМДЫ КӨРКЕЙТЕДІ»
— Осымен бесінші мәрте ұйымдастырылып отырған әлемдік дәстүрлі діндер лидерлері съезінің маңыздылығы неде?
— Әлемде орын алып жатқан оқиғаларға белгілі бір деңгейде дінді кінәлайтын тараптар бар. Кейбір атеистердің, кейбір дінге теріс көзқарастағы сарапшылардың пікірлерін қарап отырсаңыз, олар түрлі себеппен орын алып жатқан қақтығыстарды жоюдың жолы ретінде «бүкіл әлем бойынша дін деген нәрсені жоюымыз керек» деген ойды ұсынады. Бұл съезд сол сөздерге жауап береді. Яғни, Астана съезі бүкіл діннің тұлғаларын бір жерге жинай отырып, әлемде орын алып жатқан лаңкестік әрекеттердің, қақтығыстардың, адамның құқын таптайтын зұлымдық әрекеттердің орын алуының себебі дінде емес, керісінше белгілі бір деңгейде кейбір жеке тұлғалардың мүддесі немесе болып жатқан геосаяси себептердің әсері, жүзеге асып жатқан қате саясаттың кесірі екенін көрсетіп жатыр деп ойлаймын.
— Съезд жұмысын жүргізе бастаған осы он екі жылдың ішінде қандайма бір нәтижелерге қол жеткізе алдық па? Болса, ол қандай нәтижелер?
— Біз белгілі бір нәтижелерге қол жеткізсек те, жеткізбесек те, бұл съезд ұйымдастырылуы керек. Бұл съездің жанайқайы кейбір жауапты тұлғаларға, тараптарға, мемлекеттерге жетуі тиіс. Себебі, бейбітшілік мәселесінде әлем өте қиын жағдайда тұр. Бейбіт өмір сүру, бейбіт тұрғындардың өмірін сақтау мәселесі жылдан жылға құлдырап бара жатыр. Жағдай шиеленісе түспеу үшін де, ахуал құлдырамауы үшін де біз бұл съезді ұйымдастыру қажет. Съезд әлемдегі күрделі жағдайды реттеуге сәл де болса өз үлесін қосарына сенім мол.
— Ғалым ретінде, ислам әлемінің белді өкілі ретінде жауап беріңізші, исламдағы қандай мәселелер назардан тыс қалып келе жатыр?
— Алла Тағала Пайғамбар (с.ғ.с) арқылы толық кәміл дінді жіберді. Ислам діні ғибадатты, құлшылықты жеткізіп қана қоймай, бүкіл адамның өміріне қатысты жағдайлардың барлығын түсіндіріп, қамти отырып, адамның өмір сүру жүйесін қалыптастырып берді. Бұл исламның қоғамдық, адамгершілік, экономикалық, саяси, діни аспекті жағынан толық қамтылғанын көрсетеді. Бірақ, тарих көрсетіп отырғанындай, мұсылмандар осы уақытқа дейін көп нәрсені жоғалтып алды. Яғни, мұсылмандар дінді дұрыс зерттемейтін болды, діннің кейбір құндылықтарынан мақұрым қалды. Осы жағдайға орай, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) «сендер ең бірінші діннен аманатты жоғалтасыңдар. Яғни, аманатқа қиянат жасамауды жоғалтасыңдар. Соңында намазды жоғалтасыңдар» деген сөзі де бар.
Сондықтан, біз исламды дұрыс үйрету, дұрыс жеткізу мәселесінде кемшілік жасайтын болсақ, онда бұл нәрсе дінге қатысты білімі аздардың бұрыс бағытта жұмыс жасауына жағдай туғызатынын түсінуіміз керек. Біздің дұрыс жұмыс жасамауымыз, айналып келгенде діннің әлемге қате бағытта жетуіне әкеліп соқтырады.
— Жалпы, араб елдеріндегі терроризм, экстремизм мәселелерін қалай шешіп жатырсыздар? Радикалдану мәселесімен күресте Қазақстанға қандай озық үлгі ұсынар едіңіз?
— Қандайма проблеманың бір себебі болады. Егер біз себебін жоятын болсақ, ол проблема шешіледі. Өздеріңіз білесіздер, жарты ғасырдан астам уақыттан бері Палестинада әр жыл сайын мыңдаған адам қаза тауып, қан төгіліп жатыр. Осы жағдайдың барлығын көріп отырып, әлем проблеманы шешу жолдарын күні бүгінге дейін жеткілікті деңгейде қарастырған жоқ. Палестинадағы, Таяу Шығыстағы қақтығыстарды түбегейлі жоюға әлем әрекет еткен жоқ. Осы проблеманы көріп отырған жас азаматтар «ақыры әлем шешпегеннен кейін, мәселені біз шешуіміз керек» деп, өздерінің жеке бастарымен ойлап, жеке әрекеттерге баруға мәжбүр болды.
Екінші мәселе – тайпалық, яғни мәзһабтық негіздегі жағдай. Біз сунниттер мен шииттер болып, ғасырлардан бері бірге тату өмір сүріп келдік. Біздің арамызда қақтығыстар, қантөгістер болмаған еді. Бірақ, уақыт өте мәзһабтың түрлілігін пайдалана отырып, араб әлемін бүлдіруге бағытталған әрекеттер пайда болды. Сондай мәзһабтық негізде пайда болған қақтығыстардың әсерінен бүгінде Сирияда жүз елу мыңға жуық адам көз жұмып отыр. Босқындардың саны қаншама? Яғни, Америкадағы қауіпсіздік кеңесі сириялық режимді бастаған кезде, соны айыптайтын, тоқтататын бір шешімді қабылдауға шамалары жетпеді. Бұл жерде әлемнің қантөгістерге белгілі бір деңгейде немқұрайлы қарауы қақтығыстардың жалғаса беруіне себепші болғанын атап өткім келеді. Сонымен қатар, сыртқы тараптар «Сириядағы жағдайларды әлемдік қауымдастық тоқтатпайтын болса, онда сендерге біз шешіп береміз» деген желеумен, өздерінің лас жобасымен шекараға кірді. Сөйтті-дағы, қантөгісті одан әрі күшейтіп, жалғастырды.
Осыдан бес жыл бұрын Сирияда бірде бір лаңкес, террорист болмаған еді. Болып жатқан қақтығыстарды тоқтатуға шешім қабылданбағандықтан, қазір бес жылдың ішінде қырық мың террорист кіріп, онда ойран салып жатыр. Егер тағы да он жыл жағдай осылай жалғасатын болса, онда ахуал өте қиын болады деп ойлаймын. Сондықтан, бұл жерде әлемдік қауымдастық үлкен жауапкершілікті мойнына алуы тиіс. Егер әлемдік қауымдастық бұл жердегі қақтығыстарды тоқтататын болса, аздаған уақыттың ішінде «терроризм» деген мәселенің тек қана атауы қалар еді.
Радикалдық ағымдарды біржола жоғалтудың ең дұрыс жолы – біз дәстүрлі исламды, дәстүрлі құндылықтарымызды халыққа ұсынуымыз керек. Мұны бір-екі уағыздың деңгейінде емес, ғылыми деңгейде шешуге тиіспіз. Яғни, магистрлық, докторлық дәрежеде ұрпақтың сауатын ашатын болсақ, дұрыс исламды көріп тұрған адамдар қате дінге өздері-ақ кірмейтін болады. Сонымен, бірте-бірте теріс ағымдар қоғамнан шеттетіліп қалады.
— Батыс ақпарат құралдарын объективтілікке шақыру мәселесі съезде көтерілді ме? Болмаса, біз съезд жұмысы арқылы батысты объективтілікке шақыра аламыз ба?
-Съезд барысында бұқаралық ақпарат құралдарына байланысты әңгіме болды. Дінге қатысты мәселелерді таратқан кезде бейтараптық, объективті ұстанымда болу керек екендігі жөнінде ескертулер айтылды. Съезде жарияланған Декларацияның он екінші пунктінде де осы мәселе арнайы көрсетілген.
— ИШИМ сияқты террористік ұйымның артында кім тұр? Және олардың қаржыландыру көзін жою қаншалықты мүмкін?
-ИШИМ (Ислам және Шам Ислам мемлекеті)мұсылмандарға бір пайыз пайдасы жоқ, керісінше ислам үмбетін құлдырататын әрекеттерге барып жатыр. Иракта, Сирияда көптеген қалалар осы ИШИМ-нің қолымен қиратылды. Олар келеді, қаланы қиратады, мешіттердің барлығын күреп тастайды, қан төгеді. Сөйтіп, қаладан шығып кетеді. Бұл кімге пайда, кімге зиян? Зиян шеккен сол жердегі сунниттер. Суннит мұсылмандардың мешіттері қиратылды. Суннит мұсылмандардың басқа да қоғамдық нысандары жапа шекті. Ал, Сириядағы, Ирактағы жағдайдың шиеленіскенін кім пайдаланып отыр? Міне, сол күштер бұл жерде жауапты.
Сол топтар Иракта түрменің есігін ашып беріп, жүздеген қылмыскерлер қашып шығып, ИШИМ-ге барып қосылды. Содан кейін араб қалаларының біріндегі қару-жарақ сақталатын қойманы басып алып, ондағы қару ИШИМ мүшелеріне тегін таратылды. Оқырман мынаны түсінуі керек. Біздер сунниттер шииттермен он екі ғасыр бейбіт өмір сүріп келдік. Өкінішке орай, сол бейбітшілікке сызат түсіру арқылы, шииттерді пайдаланып отырған кейбір тараптар бар. Менің бар айтқан ойларым соларға бағытталған.
— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
(Арнайы «Атырау» газеті үшін).
Астана.