Жарнама
Қоғам

Мүгедектік – кедергі емес, мүмкіндік

Қоғамда мүгедектік жайлы сөз болғанда, көпшілік оны шектеу немесе әлсіздік ретінде қабылдайды. Алайда бұл – тек қалыптасқан түсінік қана. Мүгедектік – адамның ішкі әлеміне, рухына, арманына кедергі бола алмайды. Ол – өмірдің бір көрінісі. Ал әр адам сол өмірді қалай қабылдап, қалай бағыттайтынын өзі шешеді. Менің өмірлік жолым – осының дәлелі.

Мен кішкентайымнан көп армандайтынмын. Теледидардан дикторлар мен жүргізушілерді көріп, солар сияқты көпшілік алдында сөйлесем деп ойлайтынмын. Бірақ арбаға таңылған күнімнен бастап менің бойымда үрей мен ішкі сенімсіздік пайда болды. «Мен бұл өмірде кім бола аламын?», «Қоғам мені қабылдай ма?» деген сұрақтар көп мазалады. Алайда мен бұл сұрақтарға жауапты сырттан іздемей, өзімнен іздеуді жөн көрдім.

Өзімді дамытуға кірістім. Кітап оқып, журналистикаға қызығып, камера алдында сөйлеуді үйреніп, түрлі жобаларға қатыса бастадым. Мен үшін басты мақсат – өз мүмкіндігімді табу болды. Жуырда ауданымызда өткен мерекелік концертте кеш жүргізушісі болу мүмкіндігі туды. Бұл – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі ерекше тәжірибе болды. Көпшіліктің алдында сөйлеу, сахнада еркін болу – бұрын тек армандайтын сәттерім еді.

Дайындық барысында қобалжыдым, бірақ ішкі дауысым: «Сен мұны жасай аласың!» деп тұрды. Сахнаға шыққан сәтім – ұмытылмас болды. Залдағы қошемет, жылы көзқарас, көрермендердің ықыласы мені қанаттандырды. Сол күні мен өзіме тағы бір рет дәлелдедім: мүгедектік – кедергі емес, ол мүмкіндіктерге жол ашатын баспалдақ. Тек сол баспалдақпен жүре алсаң болғаны.

Қоғам бізді кейде әлсіз көруі мүмкін. Бірақ бұл – сырт көздің пікірі ғана. Ал шын мәнінде, әр адамның ішінде шексіз күш бар. Біреу оны спорттан табады, біреу өнерден, ал мен өз орнымды сөз арқылы, жұртқа мотивация беруден таптым.

Бүгін мен өзімнің ерекшелігімнен ұялып емес, керісінше, шабыт аламын. Бұл жол мені нағыз арманға бастады. Мен тоқтаған жоқпын, керісінше, алға қадам жасап келемін. Және дәл осы жолым басқа адамдарға да сенім беріп жатса – бұл менің ең үлкен жеңісім.

Өмірде бәрі де мүмкін. Бастысы – өзіңе сену. Мүгедектік – тек дене шектеуі ғана. Ал ой, ниет, мақсат — олар ешқандай арбаға сыймайды. Менің жолым – осының дәлелі. Арманға апарар жол оңай болмаса да, әр қадамың өзіңді тануға, шыңдалуға, шабыттануға бастайды.

Әділхан НҰРСҰЛТАНОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ІІІ курс студенті

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button