ҮМІТ АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ
Акция барысында қаладағы аз қамтылған отбасынан шыққан мектеп оқушылары, колледж студенттері, С.Қазыбаев атындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған №1 мектеп-интернаттың оқушылары мұз айдынында тегін сырғанауға мүмкіндік алды. Қазақстан Коммунистік Халық партиясы Атырау облыстық комитетінің бірінші хатшысы Ерболат Дәулетқазиев «мұндай акциябұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізеді», — дейді. Оның айтуынша, мұндай шара аталмыш партияның ұйымдастыруымен аудандарда да ашық сабақ, тәрбие сағаты түрінде өткізілуде.
Жүздері бал-бұл жанған оқушылар өздеріне жасалып жатқан қамқорлыққа ризашылығын білдіріп, қуаныштарын жасырмады. Мұз айдынына алғаш рет коньки тебуге келген 10 жасар Жасмин Құрбаниязова қазақстандық спортшыларымызға үлкен табыстар тіледі. №30 орта мектептің 9-сынып оқушысы Лиза Сафронова алдағы уақытта мәнерлеп сырғанау бойынша жарыстарға қатысқысы келеді. Айта кету керек, мұз айдынына конькимен сырғанауға келген жүз елуге жуық оқушыға торт, тәттілер де таратылды.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.