ӨМІРДІҢ СӘНІ МЕН МӘНІ
Төл тарихқа жүгінсек, ерге бергісіз талай бұрымдының өткенін көреміз. Кир патшаның басын алған Тұмар патшайымнан бастап ел қорғаған батырлық қазақ қызының бойынан әркез табылды. Домалақ ана, Ұлпан ана, Шоқанды өсірген Айғаным, Ыбырайды бауырына басқан Балқожаның бәйбішесі Аймен, Абайды тәрбиелеген Зере ананың пайым-парасаты өзінше бір әлем. Кенесарының қарындасы Бопайдың ерлігі, шығыстың қос жұлдызы Мәншүк пен Әлияның батырлығы, Хиуаз Доспанованың өжеттігі, күні кешегі желдей толқып, кеңес өкіметінің шаңырағын шайқап жіберген желтоқсандағы Сәбира мен Ләззаттардың қайсарлығы бүгінде аңызға айналды. Cол аналарымыздың әр дәуірдегі өмірі қалай болғанын жете білу үшін өткен тарихымызға үңілгеніміз орынды.
ХХ ғасыр басында алаш зиялылары әйел теңдігіне арнап талай шығарма жазды. Атап айтсақ, Жүсіпбек Аймауытов «Ақбілек», Міржақып Дулатұлы «Бақытсыз Жамал», Спандияр Көбеев «Қалың мал», Мағжан Жұмабаев «Шолпанның күнәсі» атты әдеби туындыларын өмірге әкелді. Сол кездері қазақ әдебиетінде өркен жайып, халықтың тағдырын, елде болып жатқан әділетсіздікті, әйел құқығын жерге таптауды арқау еткен М.Дулатұлы 1910 жылы Қазан қаласында Каримовтар баспасынан көлемді әрі әйгілі «Бақытсыз Жамал» романын жарыққа шығарды. Бұл роман жарық көре салысымен, халық арасында үлкен сұранысқа ие болып, 1914 жылы қайтадан басылып шығады. М.Дулатұлы осы «Бақытсыз Жамал» романында Жамалдың тағдырын жалаң алмай, бүкіл қазақ халқының өмірін сан қырлы әлеуметтік мәселелермен сабақтастырып, өз тұсындағы реалистік өмір шындығын, әйел теңсіздігі, яғни, қазақ қыздарының бақытсыздыққа ұшырамауы үшін теңдікке, бостандыққа ұмтылуы, сол замандағы салт-дәстүрдің қаталдығының әсерінен еріксіз малға сатылған қыздың аянышты бейнесі, көз жасы, өмірде кәрі шалдарға күйеуге тиіп, өмірлерінің тозаққа айналып, қорлықта өтуін және сол замандағы елдің, халықтың байлыққа, малға, дүние-мүлікке құмарлығы суреттелген. ХХ ғасырдың басында автор романның ізін ала, кез келген сол заман тақырыптарына жазылған көлемді шығармалардың бірінен кейін бірінің шығуы, жазушының өз кезеңіндегі тамаша табысы болып табылады.
Ал, еліміз егемендігін алғаннан кейін Қазақстан қоғамы күрделі өзгеру мен жаңару үдерісін басынан кешірді. Мемлекеттік деңгейде гендерлік теңдік мәселесін қамтамасыз ету аясында елімізде тиімді гендерлік және отбасылық-демографиялық саясат қалыптасты. Қазақстанда мемлекеттік гендерлік саясат гендерлік теңдікке қол жеткізу саласындағы ұлттық және халықаралық тәжірибені, әлем елдерінің өркениеттік, діни және мәдени ерекшеліктерін жан-жақты және мұқият ескеруге бағытталған. Ол сабақтастық, прагматизм мен теңдестік принциптеріне негізделген. Біздің қазіргі қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, сонымен бірге ол — мем¬лекет өміріне және саяси мәселелерге белсене араласатын қоғамның белсенді мүшесі. Сондықтан, біздің елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға айрықша маңыз берілген.
Қазіргі кездегі мемлекетімізде болып жатқан қоғамдық-әлеуметтік өзгерістерге сай гендерлік тәрбие беру мәселесі бүгінгі күнгі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Сондықтан, Қазақстанда 1995 жылы Қазақстан Республикасының Президенті жанынан Отбасы, әйелдер және демографиялық саясат мәселелері жөніндегі кеңес ашылған. 1998 жылы ол ҚР Президенті жанындағы Отбасы және әйелдер мәселесін қарайтын ұлттық комиссия болып қайта құрылды. Соған сәйкес кеңестің қызмет аясы кеңейіп, өкілеттілігі артты. Қазіргі таңда бұл ұйым Президент жанындағы Отбасы және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссия деп аталады. Ұлттық комиссия Пекин платформасының талаптарын ескере отырып, алғаш рет ҚР әйелдер жағдайын жақсартуға арналған ұлттық бағдарлама дайындады. Ол Үкімет қаулысымен бекітіліп, барлық мемлекеттік органдарға таратылды.
Ұлттық бағдарламаның басты негіздерінің бірі (жоспар) әйелдердің саяси өмірге белсенді араласуын қамтамасыз ету болып табылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың әйелдердің ІV-ші форумында жоспарлаған тапсырмасына орай 2005 жылдың 29 қарашасында бекітілді. ҚР 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы – мемлекеттің гендерлік саясатын іске асыруға бағытталған негізгі құжат. Стратегия үлкен, әрі маңызды тоғыз бөлімнен тұрады. Қабылданған стратегияның басты мақсаты елімізде әйелдер мен еркектердің өмірдің барлық саласында тең дәрежелі болуына бағытталған. Үкімет басқару органдарындағы әйелдер санын 30 пайызға көбейту, соған сәйкес саясаткер әйелдерді дайындау, қабылданатын құқықтық заңнамаларға гендерлік сараптамалар жасау, балалар мен жастарға, жалпы Қазақстан халқына гендерлік мәселелер туралы ағартушылық жұмыстар жүргізуіне мән берілген.
Өткен жылдың 1 қа¬за¬нына дейінгі мәліметтер бойынша, мемлекеттік қызметтегі әй¬елдер саны 48 074 немесе мемлекеттік қыз¬мет¬керлердің жалпы санының 55,7 пайызын құрады. Олардың арасында екі Премьер-министр кеңсесі басшысының орынбасары, екі министр, екі Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшісі, бес жауапты хатшы, төрт облыстың, Астана және республикалық маңызы бар қала әкімдерінің орынбасары, 260 селолық, аудандардың, қалалардағы аудандардың, кент¬тердің, ауылдардың (село¬лар¬дың), ауылдық (селолық) ок¬руг¬тердің әкімдері бар. Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне тікелей қатысты гендерлік ахуалға назар аударсақ, әйелдер саны — 85 (37,6 пайыз), оның ішінде ор¬талық аппарат бойынша — 21 (38,2 пайыз), аумақтық басқармалар бойынша — 64 (36,6 пайыз). Орталық аппаратта бір әйел аппарат басшысы, үш әйел бөлім меңгерушісінің орынбасары, алты әйел сектор меңгерушісі лауазымдарында қызмет атқаруда.
Саясат пен басқару саласында әйелдердің өз орнын табуына мүмкіндігі жеткілікті. Өйткені, саясатта қара күш емес, біліктілік пен қабілеттілік қажет. Қазақ тарихында, ұлт мәдениетінде, салтын¬да, дәстүрінде әйел адамның, қыз баланың қоғамдағы рөлі ең алдымен отбасындағы орнымен қадірлі саналған. Де¬генмен, дамыған демократиялық елдердің құндылықтары, атап айтқанда, әйелдерге қатысты саясатына еліктеуден гөрі, өзімізге жақын тарихи тағылыммен астасқан ұлттық саяси ұстаным, өте білікті де, аса нәзік саясат дұрыс деп санаймын. Ешкімнің таласы бола қоймас: әйел адам – қоғамымыз үшін болашақ ұрпақты жалғастырушы ана, мемлекет өміріндегі жа¬уапты қызметкер, отбасындағы аяулы жар. Олай болса, біз оны ешқашан науқандық саясатқа ай-налдырмауымыз қажет.
Жамиға ТАҢАТАРОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы.