Жарнама
Қоғам

Өмір тамыршысы

Шын жүйрік тай күнінде танылар. Жоғары оқу орнында оқып жүрген, сағынышты сағым болып артта қалған сонау алпысыншы жылдардың басында Қаржаубай қатарластарына қарағанда өзінің салмақтылығымен, ойлылығымен, аңғарымпаздығымен, төтеннен тапқырлығымен ерекшеленіп тұратын. Гурьев қаласындағы Совет (қазіргі Әлия Молдағұлова) көшесінде кілең «сен тұр, мен атайын» дейтін талантты, талапты жігіттермен бірге үй жалдап тұрды.

Screenshot_2

Туған жер бала қанат

түлегіңмін,

Сенде ғой маған деген

гүлі өмірдің.

Кешегі аунап өскен

топырағыңа,

Қызуын құйып өтем      жүрегімнің,- деп шабыттана шалқыған Көпжасар Оспағамбетов,

Қонақ боп кетер көлбеңдеп,

Жолаушы кезбе емеспін.

Өткенім қалса өлең боп,

Арманда кеттім демеспін, — деп теңіздей тебіренген Жалғас Сағындықов, сондай-ақ, жыр көшіне жаңа ілескен балаң ақындар Аманқос Ершуов, Сегізбай Жолдаев бар, бәрі күн сайын жыр-думанның көрігін қыздырудай-ақ қыздыратын. Жарыса, жамыраса өлең оқитын. Қастарындағы Қаржаубай да қара жаяу емес. Көркем сөздің мәйегін ішкеннің өзі. Шап-шағын хабар, мақала, этюд, рецензия жазудың нағыз шебері. Қаламынан шыққан дүниенің әр жолы сұлу қыздың шолпысындай сыңғырлап, кіріге жымдасып, мығым түйінделіп жатады. Институттың «Әдебиетші» қабырға газеті мен «Жас қалам» альманахын шығарушылардың бел ортасынан да Қаржаубайды көретінбіз.

Сөйтіп жүргенде 1963 жылғы шілденің 28-інде облыстық «Коммунистік еңбек» (бүгіндегі «Атырау») газетінің бетінде оның сол дәуірде жас қаламгерлер арасында атағы аспандап тұрған ақын Әбіш Кекілбаевтың «Алтын шуақ» атты жыр жинағын талдаған  «Үмітті үн» тақырыбындағы көлемді рецензиясы жарық көрді. Мақтауы, мадақтауы өз алдына, ретін тауып сыни пікірін де сыналап  кіргізіпті. «…Ол әлі бірде озып, бірде аяңдап қалып жүр. Әйтсе де, Әбіш өз тұстастарынан суырылып шығып, бәйгені шауып алар деген үміттен құралақан емеспіз» деп қояды.

Иә, рецензия иесінің үміті алдамапты. Кейін Әбіш Кекілбаев аты әлемге әйгілі классик жазушыға айналды. Мұны оның көрегендігі демей не дейік?! Бір ғажабы, Қаржаубай қайда сөз өнерінің талқысы өтіп жатса, сол жерден табылатын. Ақын-жазушылар Берқайыр Аманшин, Меңдекеш Сатыбалдиев бастаған, ғалым оқытушы-профессорларымыз Қабиболла Сыдиықов, Ермек Өтебаев қоштаған «Жас дәурен» шығармашылық бірлестігінің белді мүшесінің бірі болды. Қолына диплом алғанша қаламының қарымдылығымен танылып,  келешегінен кемел үміт күттірген әдебиетші ретінде қалыптасты.

Жоғары оқу орнын бітірген жылы туған ауылы Шоқпартоғайдағы орта мектептің мұғалімі қызметіне кіріскен Қаржаубай Сұлтанғалиұлы білімдарлығымен  оқушылары арасында зор беделге ие болды. Өз ісін қадірлеп, қастерлей білетін ол сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысын күшейтті. Бірнеше жанрда публицистикалық шығармалар жаза бастады. Мұндай талпыныстың қырағы көз журналистердің назарына ілікпеуі сірә, мүмкін бе? Қаржекең 1967 жылдың ақпанында аудандық «Ембі» (бүгіндегі «Кең Жылыой») газеті редакциясына қызметке шақырылды. Сөйтіп қиын да қатпарлы журналистік жолдың соқпағына түсті.

Бір ғажабы, Қаржекең не жазса да жеріне жеткізе, иін қандыра жазуға төселіп алған ізденімпаз, сұлу сөздің мәнерін айшықтай білетін суреткер болып шыға келді. Әскерден оралғаннан кейінгі екінің бірінің батылы жетіп жаза алмайтын, қара қылды қақ жарған «Опындырған отырмақ», «Безбүйрек Бәтима, тайқақтаған Тәждәулет» атты фельетондары газеттің де, Қаржаубайдың да беделіне бедел қосты. Осы бір кезеңде қолтығынан демеп, қанаттандырған, қаламынан шыққан жақсы дүниелеріне сүйсінген газеттің бас редакторы (ол кезде тек редактор дейді) Ғилымғали Сайхановты ол ешқашан ұмытып көрген емес.

Енді қайтсін-ау, әлгі бір фельетонының кейіпкері – безбүйрек келіншектің хирург інісі оны көшеде кезіктіріп, «түбі отаға бір түсерсің, сонда көрерсің көресіні» деген ғой. Фельетоншы шынында да секем алып, тұла бойы түршігеді. Мұндайда басшы қостамаса, әрине, журналистің салы суға кетуі әбден мүмкін еді. Осы тұрғыда ол Ғилымғали Сайханов, Мұңал Далбаев сынды алысты болжайтын көреген, қарамағындағыларды тәрбиелеуден де, қорғаудан да жалықпаған батыл басшылардың іс-әрекетін, үлгі-өнегесін ұдайы еске алып отырады.

Кісінің кісімен ісі болуы да оның қам-қарекетін, болмыс-бітімін көрсетері хақ. Сонда кіммен? Әрине, дегдар тұлғалармен, сөз зергерлерімен, атақты еңбеккерлермен. Дегенмен, ол жұрттың бәрінің бірдей маңдайына жазыла бермеген. Ал, Қаржаубай бақытына қарай талай салиқалы дүлдүлдермен сыйласа, сырласа білген жан. Даңқты жерлестеріміз, қазақтың бірегей ғалымы Қабиболла-Гүлшат Сыдиықовтар және ұлы даланың алдаспан ақыны Меңдекеш-Рузия Сатыбалдиевтар отбасыларының Қаржаубай мен оның зайыбы Кәмиланың өз үйлеріндей болып кеткені есімізде. Олармен қоян-қолтық араласты. Қуанышты бірге бөлісті, қиындықты бірге көтерісті. Шалғайда жатқан олардың араларын хат жалғастырды.

іне, солардың бір көрінісіндей Қабиболла мен Қаржаубай жазысқан үшбу хаттар қаншама?! Барлығын емес, тек біреуінен ғана үзінді келтірсек, бәрі де түсінікті. Қабиболла Сыдиықұлы 1968 жылғы қаңтардың 7-сінде өз сағынышын былай өрнектепті: «Қаржаубай, ақ қанатты жаңа жылмен бірге хат-құттықтауың ұшып келді…Бір жыл сағынғанда – бір ғасыр да, сабыр етсе – бір минуттай ғой. Жер көріп, көпті танып, алыс кетіп, санамен сарғайып, аңсау да – адамның бұйығы, балаң сезімдерін дүр оятып, тебіреніске, абзал сезімдерге баулитын хал. Өмірде бәрін де сезу, көру артық емес. Сол сезімдерді еркін, ұялмай, ашық қойын кітапшаңа түрте бер. Жақын адамдармен жазысқан сезімтал хаттарды сақтау да ғанибет…»

Бұл – ұлағатты ұстаздың табиғи тебіренісі. Аяқ тұсында ақыл-кеңесін екі ауыз сөзбен әдемілеп жеткізіпті. Көрегендіктің көкесі осы ғой, шіркін! Кейін «Атырау» газетінің 2004 жылғы наурыздың 18-індегі санында  Қаржекең Қабиболла Сыдиықұлы туралы «Әдебиеттің әдемі адамы еді» тақырыбындағы танымдық, тағылымдық материалында «Қабекең – көз көргеннің сұлуы. Ашық маңдайы мен қыр мұрыны, қою қара шашы мен қиылған қара қасы, ұялы бота көзі мен үлбіреген еріні және мұнтаздай таза киімі, бәрі-бәрі оған деген табиғаттың ерен мырзалығын әйгілегендей әдемі болатын…» деп  жазды. Бұл – әдеби портрет жасаудың ғажайып үлгісі. Бәріміз білетін ұстазымыз Қабиболланың айнымаған кескін-келбеті.

Қаржаубай қай салада қызмет істесе де өзіндік ізін қалдырып отырды. «Ембі» газеті редакторының орынбасарлығынан кейін Алматы жоғары партия мектебін бітіріп келіп, облыстық «Коммунистік еңбек» (қазіргі «Атырау») газетінде өнеркәсіп және транспорт бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшының орынбасары қызметтерінде жүргенінде де, Мақат аудандық «Мұнайшы» газетінде бес жылдай редактор болғанында да, халық депутаттары облыстық кеңесінде, облыстық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарғанында да оның қаламы бір құрғап көрген жоқ. Облыстық газет бас редакторының бірінші орынбасары Шөпенғали Дәуеновтің:

−    Ауыл шаруашылығы, мәдени-әлеуметтік тақырыптарға жазушы әріптестеріміз баршылық. Қаржаубай, сен мұнайды тереңірек зерттеп, зерделеп жазуды қолға алғаның жөн, өзің мұнайлы ауданның баласысың,- деген ақыл-кеңесті шегелеп тұрып, намысын жанып айтуы ойына ой қосып, осы күрделі тақырыпқа біржола ойысуына түрткі болғаны да шындық. Оған кесек-кесек публицистикалық дүниелері куә. «Атырау» басылымының беттерінде жарияланған «Мұрагерлер», «Қайнаған құрыш», «Жер жұлдызын жаққан ер», «Сәулелі соқпақ» және басқа да очерктері мен эсселері оқырмандары жүрегінен жылы орын тепті. Оның үстіне облыстық газеттегі әріптесі, ақын Мұқан Көптілеуов Қаржекеңнің жарты ғасырлық мерейтойында:

Журналиссің қаламы

бар қарымды,

Журналиссің сөздері

бар жалынды.

Осы неге кітап жаза бермейсің,

Ойға сақтап жүргеніңше барыңды,- деп оған үлкен қозғау салды.

Ол «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ААҚ-ның аудармашысы қызметіне ауысқан тұста шығармашылық жұмысқа беріле кірісті. Мұнайдың ғасырлық табалдырығы қарсаңында «Балғымбай әулеті» атты көркем шығармадай оқылатын ғұмырнамалық еңбекті дүниеге әкелді. Оған «Біздің Мақаш», «Жүректегі жазулар», «Тұғырынан таймаған тұйғын» атты кітаптар жалғасты. Ортада ана тілінің абыройын алғы кезекке қоятын Қаржаубай Сұлтанғалиұлы «Мұнай өңдеуде жиі қолданылатын терминдер мен сөз тіркестерінің орысша-қазақша сөздігін» жарыққа шығарды.  «Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы» сериясындағы 59-кітап «Ғибратты ғұмыр» деген атпен оның еншісіне тиді. Оған Есен Тасқынбаев, Қуаныш Құдабаев, Мақаш Балғымбаев, Мұхамбет Қоныспаев, Мақсот Қилыбаев туралы кітаптарды қоссақ, мұнайшылар өмірі жөніндегі кітаптардың әдемі галереясы құралады.

«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-де ширек ғасыр аудармашы болған Қаржаубай Сұлтанғалиұлы қазір зейнеткер. Бірақ, қаламын тастауға әлі де  мұршасы жоқ. Биыл  қаламдасы,  ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Дүйсенбай Хасанов хақындағы «Дегдардың дара жолы» атты кітапты «Атырау-Ақпарат» баспасынан шығарып, тағы бір үлкен іс тындырды. Оның сыртында құрастырған кітаптары да біршама. Отызға жуық жинаққа очерк, эссе, шежіре, ғылыми ізденістері енген. Әрине, мұндай журналистік, жазушылық, өлкетанушылық көл-көсір еңбектің елеусіз қалмасы айқын. Оған «Жылыой және Мақат аудандарының құрметті азаматы» атақтары берілді. Қазақстан Республикасы «Мәдениет қайраткері» құрметті белгісімен, «Казэнерджи» қазақстандық мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдары қауымдастығының медалімен марапатталды. «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісін омырауына тақты. «Теңізшевройл» мен республикалық «Ана тілі» газеті ұйымдастырған конкурстың жеңімпазы.

Бүгінде 75 жастың желкенін керген Қаржаубайдың тоқтайтыны да бар, жоқтайтыны да бар. Жоқтайтыны – Кәмиласы. Өмірден ертелеу өтті.  Өкіндіріп кетті. Тоқтайтыны – шүкіршілік, балалары аман, жүздері шат.  Әкесі Сұлтанғали мен анасы Мақпалдың бауырына басқан Бауыржанынан бастап, Зухрасы, Зүльфиясы, Зумрады, Баубегі, Әлібегі, Асылбегі, бәрі де өмірден өз орындарын тапқан. Төртеуі және бесінші болып немересі Біржан мұнай өндірісі саласында еңбек етеді. Демек, өзімен қоса есептегенде Сұлтанғалиевтерді мұнайшылар әулеті деуге толық негіз бар.

Қаржаубай ұлын үйлендіргенде Кең Жылыойдан қасында Қарашаш жеңгеміз бар, ұстазы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мұғалім  Жанаш Нұрмаханов арнайы келіп, шешіле сөйлеп:

–Қадірлі шәкіртім, Қаржаубай, ұстаз болу үшін тек мектепте мұғалімдік ету шарт емес. Қырық жылға жуық журналистік қызметіңде толғамы терең, ойлары орамды мақалаларыңмен сен елді тәрбиеледің, сөйтіп өзің де ұстаз болдың, — деп шәкіртінің үстіне оқалы шапан жауып, құшақтары айқасқан еді.

Абыз ақсақал орынды ой толғады, шын мәнінде де Қаржаубай ұлт тәрбиешісінің нағыз өзі, өмір тамыршысы. Тұғырынан түспей, қаламын қолдан тастамай, қоңыр қаздай баптанған сырбаз мінезді, сыралғы әріптес дос, жасай бер! Сенің аты-жөнің мұнайшылар жылнамашысы, қарымды қаламгер ретінде көпке әйгілі. Сол үшін де баршамызға ардақтысың!

Төлеген  ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button