Жарнама
Қоғам

МЕШІН ЖАНУАР МА, ЖӘНДІК ПЕ?

 

Бұл – жаңсақ пікір. Григорян күнтізбесіндегі маймылдың суретін көріп, оның астындағы «Год обезьян» деген жазуды да оқып жүрміз. Себебі, орыста «Мешін» деген сөз де, ұғым да жоқ. Мысалы, «Мешін» деген сөз де, жыл да өзбекте де жоқ. Өзбек Мешін жылын «Маймун ийли» дейді. Яғни, «Маймыл жылы» дегені. Тағы да өзбекте «Балық жылы» деген де бар. Ол – біздегі Ұлу жылы.

Алматыдан 2013 жылы шыққан «Қазақ сөздігінің» («Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігі») 927-бетінде «Мешін 1.Маймыл. 2. астр. Ескіше жыл қайырудағы тоғызыншы жылдың аты. Мешін – суда жүретін қоңыз» деп нақты тұжырым жасамай, екіұштылау етіп кеткен.

Иә, мұндағы мешінді маймыл деуі «әлемдік тәжірибе» деген сияқты бүгінгі таңдағы кеңінен етек алып бара жатқан жаңа үрдістің көрінісі секілді. Ал, екіншісі, ескі жыл қайтарудағы тоғызыншы жылдың аты екендігі әлмисақтан белгілі. Үшінші, мешінді суда жүретін қоңыз деуі сәл шындыққа жанасып, ақиқаттыққа жақындайды. Негізінде соңғысы дұрыс. Шын мәнінде Мешін хайуанатқа жатпайды, жәндіктер тобына кіреді. Себебі, мешін маймыл емес.

Біз де бала болдық. Біз де ауылда өстік. Қой бағып жүріп ауыл балаларымен бәстесіп, су бетінде ызғып жүрген мешіндерді ұстап жарысатынбыз. Әрине, қанша тырыссаң да мешіндер ұстата қоймайды. Қолға түсіру өте қиын. Себебі, шапшаң қимылдайды. Мешіннің үлкен түрінің бар пошымы сіріңке (оттық) талының бүтінінен кіші, жартысынан сәл үлкендеу. Бөлініп қалған судан қалайда секіріп-секіріп үлкен суға қосылады. Ұшпайды, қанаты жоқ. Есесіне ұзын-ұзын төрт аяғы бар. Сол аяқтарымен жылдам қимылдап, судың бетінде жүреді. Суда жүргенде ащы суға жоламайды, тұщы, лайланып ағатын суда өмір сүреді.

Мешіннің екінші түрі және бар. Ол жоғарыда айтқанымыздан да шапшаң. 40-50-і бір жерді айналып қимылдайды. Оны ұстау тіпті мүмкін емес. Дегенмен, қазақтың қарттары «Мешін деген міне, осы» деп айтып отыратын. «Мешін үнемі суда тірлік кешкендіктен ауа райы суық, ауырлау жыл болады» деп ел-жұрттың амандығын тілеп отыратын сәттері көз алдымызда қалыпты.

Енді ұлуға үңіліп көрелік. Ұлу – суда өмір сүретін жәндік. Көбінесе нулы, қамысты жерде болады. Денесі былқылдақ. Басында жұмсақ екі мүйізшесі бар. Әлгі мүйізшелерге саусағыңды тигізіп қалсаң, жылдам ішіне тартып алады. Табаны жабысқақ. Арқасында қауашақ тасы болады. Қыста, тіпті көктем кезінде көлтабанда өскен қамыстарды араласаң қураған жапырақтарға жабысқан ұлудың қауашақтарын көптеп кездестіруге болады.

Ежелгі тарихқа көз жіберсең, Маңғыстау өңірі Тетис деген мұхиттың асты болған көрінеді. Ол Арал теңізімен ұштасып, бірігіп жатқан деседі. Аймақтағы қазіргі тау-тастың бәрі осы ұлу сияқты су жәндіктерінің сүйектерімен арқаларындағы қауашақ тастардың қалдығынан пайда болған деген болжам айтылады.

Міне, осы Мешін жылыңыз орысша айтқанда 1 қаңтарда, мұсылманша жыл санау бойынша 14 наурызда кіреді. Жаңа жылыңыз құт боп кірсін, ағайын!

Елімізде тоқшылық, бейбітшілік, әр шаңырақта ауызбіршілік, татулық болғай!

Мұратбай ҰЛЫҚПАН,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button