МЕНІҢ ӘКЕМ ДЕ ТІЛШІ БОЛҒАН…
Рамазан Сабырұлы 1932 жылы 25 қарашада Атырау облысы, Новобогат ауданы, Жанбай селосында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын 1948 жылы «Жаңаталап» балықшы ұжымшарында есепші болып бастаған. Ол Манаш селолық кеңесі атқару комитетінің хатшысы, Дамбы селолық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, «Қызыл балық» ұжымшарының аға экономисі, Құрманғазы, Жамбыл атындағы ұжымшарларында ұжымшар басқармасы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 1985 жылдан 1996 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Жамбыл атындағы ұжымшарда аға экономист қызметінде болды. 1991 жылы Москвада өткен Бүкілодақтық балықшы колхоздарының ІІ съезіне делегат болып қатынасып, балықты сатып алу бағасын өсіруге, колхозшыларға еңбек ақы төлеуді жетілдіруге ұсыныстар беріп, іске асуына белсенділік танытты.
Ел ағасы Рамазан Сабырұлы аудандық, облыстық партия конференцияларына бірнеше мәрте делегат болып барды. Сонымен қатар, селолық, аудандық Кеңестерге сегіз рет халық қалаулысы атанып, Дамбы жұртшылығының сеніміне селкеу түсірген жоқ.
Өзінің жетпіс екі жылдық ғұмырында шығармашылық қызметті де естен шығармай, қаламын қолынан тастамады. Атап айтар болсақ, 1998 жылы «Аманат» атты әңгімелер, 2002 жылы «Жалынды жылдар» атты очерктер, 2004 жылы «Өмір өрнектері» атты мақалалар (1964-2004 жылдары) топтамасы жинақ болып жарық көрді. Сонымен қатар, республикалық «Егемен Қазақстан», «Жас алаш», өлкелік «Батыс Қазақстан», облыстық «Атырау», «Ар-честь» («Сахара»), «Ақ Жайық», «Каспий таңы» газеттерінде және республикалық «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» журналдарында 500-ден астам мақаласы жарияланды. Әсіресе, облыстық «Атырау» газетінің 1951-2004 жылдары аралығында жергілікті белсенді тілшісі деп танылып, 270 мақаласы газет беттерінде жарыққа шықты. Ол 1974-1978 жылдары «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің штаттан тыс тілшісі міндетін де абыройлы атқарды. 2004 жылы маусым айында Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшелігіне өтті.
Зайыбы Әлиямен бірге алты ұл-қыз тәрбиелеп, бәрінің де жоғары білім алып, өз ісіне берілген маман болып шығуларын қалтқысыз қадағалап отырды.
Жақында Дамбы селосында тұратын Едіге Ғұмаров және Пешной елді мекенінде тұрған Ризуан Қайырлиев сынды еңбек ардагерлерін кездестіргенде, «Рахаң заманында түзу болған азамат», «Рекең өз заманының дұрыс адамы» деген сөздерді естіп, көңіліміз бір көтеріліп қалса, ал Атырау селосы ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқожа Қуаналиев ақсақал:
«Алқа топта алшаңдап,
Сөйлейтін өзің – сен едің.
Рахатқа бөлеп ортаның,
Келтіруші едің кемерін.
Естілер үшін – мақтаныш,
Самалдай соққан жел едің.
Билерінен қанша қазақтың,
Айта алмаймын кем едің…», — деп жырлады. Демек, мерейімізді тасытар, әке рухын асқақтатар осындай сөздер кейінгі ұрпақтарының қадір-қасиетіне, абырой-беделіне ықпал етеді деп білеміз.
Айдар САБЫРОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.