Мемлекеттік қызметтің «Б» корпусы: ҮМІТКЕРЛЕР ЕСКЕРЕТІН ЕРЕЖЕ
Осы Ережеде «А» және «Б» корпустарының бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға үміткерлердің білімдерін және қабілеттерін әділ бағалау мақсатында оларды тестілеуден өткізудің тәртібі айқындалған. Кейін бұған Агенттік Төрағасының 2013 жылғы 11 желтоқсандағы №06-7/179 санды бұйрығымен 2014 жылдың 1 наурызынан бастап күшіне енетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сол өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, тестілеуге қатысу үшін «Б» корпусына үміткерлер «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы, оның ішінде Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды бақылау және халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру комитетінің халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) жүгіну жолымен осы Ереженің 3-қосымшасына сәйкес нысандағы өтінішті тапсырады. Яғни, тестілеуге қатысу үшін үміткер тиісті нысандағы өтінішті «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы тапсырады және тестілеуге қатысу үшін тапсырған құжаттардың қабылданғаны, «электрондық үкімет» веб-порталында қалыптастырылатын тестілеу күні, уақыты және өту орны көрсетілген қолхатпен расталады.
«Б» корпусына үміткер тестілеудің күнін және уақытын тестілеу өткізуге бар бос орындар негізінде «электрондық үкімет» веб-порталында таңдайды.
«Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметінің лауазым санаттары үшін қарастырылған бағдарлама бойынша тестілеу нәтижелері тестілеу өткізген күннен бастап бір жылдың ішінде жарамды болып табылады.
Ал, тестілеуден өту кезінде шекті мәнінен төмен баға алған «Б» корпусына үміткерлер қайта тестілеуді алдыңғы тестілеу өткізілген күннен бастап үш айдан кем емес мерзімнен кейін өтеді, яғни, бұл үш айдан кейін жүзеге асырылады.
Тестіден өтушілерге басқа адамдармен сөйлесуге, материалдармен алмасуға, қағаз немесе электрондық түрдегі ақпараттарды қолдануға, орынжайды тастап кетуге тыйым салынады. Үміткерлердің қабылдайтын-беретін электрондық құрылғылары (оның ішінде қалталық дербес компьютерлер және өзге де электрондық жабдықтар) тестілеуді өткізу уақытында өшіріледі.
Тестіден өтушілер Ереженің аталған талаптарын бұзған жағдайда тестілеу әкімшісі сол адамның тестілену процесін тоқтатады және тестілеу орынжайынан шығарып жібереді. Бұл ретте әкімші тарапынан тестілеу ережелерін бұзу туралы акт толтырылады. Сөйтіп, ереже талаптарын бұзған адамның тестілеу нәтижесі жойылады. Акт толтырылған адамдар қайта тестілеуді акт толтырылған күннен бастап алты айдан кем емес мерзімнен кейін өтеді.
«Б» корпусының тестілеу бағдарламасы бойынша 150 сұраққа 125 минут, 135 сұраққа 110 минут, 120 сұраққа 100 минут, 90 сұраққа 100 минут уақыт беріледі. Тестілеу аяқталғаннан кейін отыз минут уақыт ішінде адамдарға тестілеу әкімшісінің және оператордың қолдары қойылған және тиісті мөрмен расталған тестілеу нәтижелері ұсынылады. Шекті мәнінен жоғары баға алған үміткерге тестілеуден өткендігі туралы сертификат беріледі. Ал, шекті мәнінен төмен баға алған үміткерге шекті мәннен төмен баға алғандығы туралы анықтама беріледі.
«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға тестілеу үш бағдарламадан тұрады:
1) бірінші бағдарлама А-1, А-2, А-3, А-4, В-1, В-2, В-3, В-4, С-1, С-2, С-3, С-О-1, С-О-2, С-О-3, C-R-1, D-1, D-2, D-3, D-О-1, D-О-2, D-О-3, Е-1, Е-2 санаттарына арналған және мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын тестіні (20 тапсырма); логикалық тестіні (10 тапсырма); Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған тестіге Қазақстан Республикасының Конституциясын (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» (15 сұрақ) Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарын, «Мемлекеттік қызмет туралы» (15 сұрақ), «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» (15 сұрақ), «Әкімшілік рәсімдер туралы» (15 сұрақ), «Нормативтік құқықтық актілер туралы» (15 сұрақ), «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» (15 сұрақ), «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» (15 сұрақ) Қазақстан Республикасының заңдарын бiлуге арналған тест сұрақтарын қамтиды;
2) екінші бағдарлама B-5, C-4, C-5, C-O-4, C-O-5, C-O-6, C-R-2, C-R-3, C-R-4, D-4, D-5, D-O-4, D-O-5, D-O-6, E-3, E-R-1, E-R-2, E-R-3, E-G-1, E-G-2 санаттарына арналған және мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын тестіні (20 тапсырма); логикалық тестіні (10 тапсырма); Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған тестіге Қазақстан Республикасының Конституциясын (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» (15 сұрақ) Қазақстан Республикасының конституциялық заңы, «Мемлекеттік қызмет туралы» (15 сұрақ), «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» (15 сұрақ), «Әкімшілік рәсімдер туралы» (15 сұрақ), «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» (15 сұрақ), «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» (15 сұрақ) Қазақстан Республикасының заңдарын бiлуге арналған тест сұрақтарын қамтиды;
3) үшінші бағдарлама C-R-5, E-4, E-5, E-R-4, E-R-5, E-G-3, E-G-4 санаттарына арналған және мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын тестіні (20 тапсырма); логикалық тестіні (10 тапсырма); Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған тестіге Қазақстан Республикасының Конституциясын (15 сұрақ), «Мемлекеттік қызмет туралы» (15 сұрақ), «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» (15 сұрақ), «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» (15 сұрақ), «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» (15 сұрақ) Қазақстан Республикасының заңдарын бiлуге арналған тест сұрақтарын қамтиды.
Бірінші тестілеу бағдарламасы бойынша берілген сертификат екінші және үшінші тестілеу бағдарламаларына жататын «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметінің санаттарына жарамды. Ал, екінші тестілеу бағдарламасы бойынша берілген сертификат үшінші тестілеу бағдарламасына жататын «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметінің санаттарына жарамды.
«Б» корпусына үміткерлер тестілеуге қатысу үшін құжаттарды «электрондық үкімет» веб-портал арқылы тапсыруға қатысты ақпаратты және кеңесті Атырау облысының халыққа қызмет көрсету орталықтарынан, сондай-ақ, уәкілетті органнан немесе оның аумақтық бөлімшесінен, яғни, 270-930, 270-969, 270-976 телефондары арқылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінен ала алады.
Мәлік КАРИЕВ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері
Агенттігінің Атырау
облысы бойынша
департаментінің
инспекция және бақылау бөлімінің меңгерушісі.