МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ: «ӨМІР БОЙЫ БІЛІМ АЛ!»
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Зияткер ұлт-2020» ұлттық жобасы – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету жолындағы стратегиялық мақсаттарын айқын көрсеткен, дүниежүзілік жаһандану заманында рухы күшті тұлға мен ұлтты, қуатты мемлекетті қалыптастыру және адамзат дамуының ең іргелі мұраттарын көздеген алпауыт жоба. Зияткер ұлт пен зияткер тұлғаны қалыптастыру стратегиясының қажеттілігі, бұл мәселенің дер кезінде көтерілуі және Елбасының бұл мәселеге басты назар аударуы, рухани байлығымызды, адами құндылықтарымыз бен қасиеттеріміздің маңыздылығын арттыру, әлемнің шыңдалған жаңа келбетін көру арманымен ұласады.
Еліміздің бас педагогы ретінде Н.Ә.Назарбаев тұлғаның және зиялы қоғамның қалыптасуы жолында классикалық ой-мүдделерді әрі қарай дамытуда. Зияткер қоғамды құру тұжырымдамасы жан-жақты дамыған, көркейген қоғам мен адамзат деген пікірлермен пара-пар келеді.
Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі Елбасы белгілеген міндеттерді орындау мақсатында оқушылардың бойында қазіргі заманғы әлемде табысты болуға, өмірдің түрлі жағдаяттарында шешім таба білетін, қоршаған әлемнің алуан түрлілігі мен өзара байланыстарын түсінетін, ұжымда жұмыс істей алатын, өз-өзімен үйлесімді өмір сүре алатын дағдыларды қалыптастыру міндетін алға қойды.
Біздің Назарбаев зияткерлік мектебіміз биыл өзінің алғашқы түлектерін білім ұясынан ұшырды. Мектеп түлектері 100 пайыз білім сапасын көрсетіп, он алты оқушы «Алтын белгі», төрт оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды.
Өткен оқу жылында кірік-тірілген білім беру бағдарламасы бойынша оқыған 11-сынып оқушылары педагогикалық өлшеулер орталығы мен кембридж халықаралық емтихандау комиссиясы ұйымдастырған сыртқы қорытынды бағалаудан алғашқы рет өтіп, 95% білім сапасын көрсетті. Сондай-ақ, 706 оқушы мектепішілік, соның ішінде 34-і желілік, сегізі республикалық, тоғызы олимпиадаға, ғылыми жобалар сайысына қатысты. 78 оқушы мектепішілік, төрт оқушы желілік, бір оқушы республикалық және тағы үш бала халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайысының жүлдегері атанды.
Біздің ортаның негізгі ерекшелігі – сабақ беру мен сыныптан тыс жұмыстардың үш тілде жүргізіліп, қосымша ақпарат алу және басқа ел мәдениетін түсіну мүмкіндігін кеңейтеді. Үштілді білім беру үштілділік саясаты және оны енгізу жөніндегі нұсқаулыққа, сондай-ақ, командалық оқыту және пән мен тілді кіріктіріп оқытуды (CLIL) қолдану нұсқаулығына сәйкес жүзеге асады. Бүгінгі таңда мектебімізде барлық сыныптарда төрт пән қазақ тілінде, үш пән орыс тілінде және алты пән ағылшын тілінде жүргізіледі. Сонымен бірге, үштілділік – сыныптан тыс жұмыстың бөлінбейтін бөлігі болып табылады. Үш тілде қол жеткізген тілдік дағдыларын дамыту мақсатында «Wikipedia» және «TEDхNIS» клубтары жұмыс істейді.
Білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, биік мақсаттарды көздеген шәкірттеріміз сара жолға бастаған Елбасының Қазақстан халқына жасаған Жолдауларындағы міндеттерді орындаушы ел ағаларының ізін басар, болашақта еліміздің тізгінін ұстар азамат болуға талпынады.
Тұтас ұлтты ұйыстырушы идеяға айналған Мәңгілік ел мұратына үн қосу мақсатында мектебіміздің оқушылары Назарбаев зияткерлік мектептері арасында болған желілік АРТ фестивальге қатысып, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған «Мәңгілік ел» қойылымымен бас жүлдені иеленіп, көрермендер көзайымына айналды.
«Ел бірлігі – ең асыл қасиет» – бұл Елбасы Н.Назарбаевтың ұлағатты сөзі. Осыған орай мектебімізде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына арналған «Туған жер, топырағыңнан айналайын» этно-мәдени танымдық апталық аясында ұйымдастырылған ұлттар достығы мен Қазақстан халқының бірлігін паш еткен салтанатты гала-концерт ұйымдастырылды. Білім алумен қатар барлық шараларға белсенді араласып, жанарынан от ұшқындаған шәкірттеріміз ел ертеңін ойлайтын саналы азамат, терең білімді маман боларына сенеміз. Халқымыздың асыл мұраты мен биік мақсаттардың орындалуына жол ашқан Назарбаев зияткерлік мектебі қашан да Елбасымен мақтанады.
Айдарбек АЙТПУКЕШЕВ,
Атырау қаласындағы
химия-биология бағытындағы
Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры.