Мақсат-міндеттерді көрсетіп берді
Мемлекет басшысының Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде өткізген кеңесте сөйлеген сөзінде бірқатар келелі мәселелер көтерілген. Президентмұнайлы өңірдің тыныс-тіршілігін, тұрғындардың әл-ауқатын әрдайым жіті назарда ұстайтынын атайта келіп, осы аймақты дамытуға қатысты нақты мақсат-міндеттерді көрсетіп берді.
Ең алдымен мұнай-газ өнеркәсібін дамыту басты назарда екенін ескертті. Сол себепті өңірімізде салынып жатқан «Болашақ кеңейту жобасының» уақытылы аяқталуы аса маңызды екеніне тоқталды. Сондай-ақ Қашаған кен орнын толық игеруді қолға алып, сол арқылы бір жылда өндірілетін мұнай көлемін 15 миллион тоннаға арттыруға болатынын айтты. Осының нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, отандық қызмет көрсету компаниялары мен шағын және орта бизнес өкілдері үшін мол мүмкіндіктер туатынын жеткізді. Президент кемшін тұстарды да көрсетіп берді. Мәселен, полипропилен және полиэтилен өндірісі бойынша ірі жобалар әлі жүзеге аспағандығын сынады.
Мемлекет басшысы өңірлердегі автожолдардың дамуы мәселелеріне де ден қойды. Жол бойында апатты жағдайлардың жиелеп кеткендігі елді алаңдатып отырғандығын ескертті. Осы себепті 2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіру жөнінде Үкімет пен облыс әкімдіктеріне тапсырма берді. Осы арқылы Президентіміз көпшіліктің көкейінде жүрген маңызды мәселенің шешілуіне алғышарт жасап отыр.
Абдолла ИДРИСОВ, облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы