Мал баққанға бітеді ал, ауылда агроөнеркәсіпті дамытуға көзқарас қандай?
Өзім тұратын Х.Ерғалиев ауылы — бұрынғы Новобогат кеңшарының орталығы болған елді мекен. Кезінде бұл кеңшар аудан, облыс емес, республикаға даңқы шыққан шаруашылық болды. Кеңшар бойынша 54 орында мал қыстатылды. Аты одаққа танылған «көк түсті қаракөл» қойының санын 44 мыңға, кей жылдары төлімен 60 мыңға дейін, жылқыны 2 мың, түйені 600, сиырды 2 мыңға дейін өсірген үлкен шаруашылық болды. Мемлекетке 25-30 мың данадай қаракөл терісін өткізіп, шаруашылық әр жылды таза пайдамен аяқтап жүрді.
Сөйткен шаруашылық тоқсаныншы жылдардың ортасында жекешелендірудің құрбанына ілігіп, 1998 жылдары толық тарап болды. Жалғыз біздің шаруашылық емес, Атырау облысындағы 38 кеңшардан басы бүтін аман қалғаны – 1 Мамыр кеңшары ғана. Қазір сол шаруашылық қаланы, ірі өндіріс орындарын түгелдей болмағанмен көкөніс, сүтпен, шұбатпен қамтып отыр.
Ақпан айында Исатай ауданы әкімінің 2012 жылғы атқарған жұмысының есебі және алда тұрған міндеттері туралы аудан активі өтіп, оған облыс басшысы Б.С.Ізмұхамбетов пен облыстағы сала басшылары түгелге жуық қатысып, біраз мәселелер талқыға салынды. Атап айтқанда, 30-40 жылдан бері жөнделмеген каналдарды жөндеуге және каналдарға су айдайтын ондаған жүзбелі насостар сатып алуға қомақты қаржы бөлінгенін естіп, білдік.
Біздің Исатай ауданының жағдайында егіншілікті дамытуға мүмкіндік жақсы емес. Ал, мал шаруашылығын дамытуға түбегейлі бет бұрсақ, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болатынын тәжірибе көрсетіп жүр. Бұл ретте бір кезде 30-дан астам ұсақ колхоз мекендеген құм өресін тиімді пайдалану, сол арқылы малдан алынатын өнімнің өзіндік құнын арзанға түсіруге болады.
Бұл жерде бір нәрсенің екінші жағы болатыны сияқты, құмдағы бұрынғы құдықтар түгелдей ашыған. Ғаламдық жылынуға байланысты біздің жерімізде табиғаттың тепе-теңдігі бұзылған. Жаз басталысымен аптап ыстық болып, ала жаздай бір тамшы жауын жаумайды. Каспий теңізі жағасының эрозияға ұшырап, теңіз жағасында өсетін қамыс, сораң, жусан, басқа да ащылы шөптердің өспеуі мал шаруашылығына теріс әсерін тигізіп жүргені жасырын емес. Қайталап соққан қуаңшылық 6-10 бас ірі қара, 20-30 бастай жандығы бар жанұяларды тұралатып кетті. Оның үстіне бір кездері ірі қараны қолдан ұрықтандыратын пункттер жұмыс жасап, екі жылдай аз да болса асылдандыру жұмысы жүрген еді. Соңғы төрт-бес жылдан бері ол жұмыс аяқсыз қалды.
Бүгінде мал азығының бәсі қымбат, осыдан келіп жоғарыдағы айтылған әлсіз шаруалар мал ұстағаннан гөрі сүт пен етті, басқа да тағам түрлерін сатып алып пайдаланып, мал өсіруді тиімсіз санап жүргендер көбейді. Үкіметтен қайтарымды, қайтарымсыз түрлі жеңілдіктер жоғарыдағыдай малы барларға берілмейді. Экономикалық жағынан әлсіз, қолдау-демеуді керек ететін ортадан төмен шаруасы барлар бұрынғы деңгейлерінен аса алмай жүр. Елбасы орта және шағын бизнесті дамыту, сол арқылы ел экономикасын арттыру міндетін қойғаны белгілі. Бұл өте орынды. Ауылда шаруа қожалығын дамытып, өздерінің материалдық жағдайын жақсартқандар саны артып келеді. Алайда, «нарық заңдылығы» дегенге сүйеніп, әлсіз шаруасы барлар қыс кезінде шөп таусылып бара қалса, кезінде 3,5 теңге болған 1 рулон шөпті 5 мыңға, қабы 500-600 теңге болған кебек жемді 1100-1150 теңгеге дейін көтереді. Біздің «оны неге көтересің?» деуге қақымыз жоқ. Бірақ, адамдардың қанағат, ынсап деген ұлы ұғымды естен шығарып алып жататыны өкінішті. Ұлы Абай айтқан «байда мейір, малшыда бейіл жоқ, аңдыстырған екеуін құдайым-ай» деген сөзі еріксіз еске түседі.
Қазіргі ХХІ ғасырда мал бағу мен оны өсіруге деген адамдардың құлшынысы біраз төмендеген. Себебі, бұрынғы кеңшар орталықтары түгелдей газдандырылып, телефон, тіпті бірқатар жерлерге ауыз су тартылып, ток көзі тұрақты болды. Адамдар өркениет өмірді көксейді де, ен далаға барып, мал бағудан гөрі жаны тыныштау орталықта отырғанды жақсы көреді. Бұл көбінесе казіргі жұмыс жасындағы жастарға тән, ал, малқұмар егде тартқан адамдардың ең жасы жетпісте. Мектеп жанындағы бюджеттік интернатта орын жеткілікті бола тұрса да, бала оқытамыз деген сылтаумен халық орталыққа шоғырлануда. Ал, бұрынғы кеңшар орталықтарының маңайы таптаурын болған, эрозияға ұшыраған, ол жерде бірді-екілі шайға сүттік сиыр ұстау болмаса, басқа жағдай жоқ.
Сөзіміз дәлелді болу үшін өзім тұратын қазіргі Қамысқала, бұрынғы Новобогат кеңшарының №3, №4 ферма қыстағы болған Ауқайраң, Шәлік учаскелерінде 28-30 мың бастай қой малы, 30-35 орында мал қыстаған болса, қазір сол учаскелерде бар болғаны малы шағындау 15 шақты үй қалды. Ал, Шаупек, Күкіртті, Жасқайрат, Кетешағыл, бұрынғы Бақсай кеңшарының шекарасына дейінгі жалпы ұзыны — 40 шақырымдай шөбі құйқалы, құдық суы тұщы болатын жиек бойында 10-ға жетпейтін үй қалды. Құдық сулары түгелге жуық ашыған, әрі ыссы түсе су бермейді. Мал азығын дайындайтын жері жоқ, мал азығын Батыс Қазақстаннан, Құрманғазы ауданынан тасып, қымбат шөп пен жемге толықтай тәуелді болып барады.
Қазір бір кездері кеңшардың екпелі жемшөп дайындайтын Бақсай өзегінің екі бетіндегі 1800 га жерде 10-ның үстінде шағын шаруа қожалығы отыр. Кеңшар кезінде беде, судан, тары шөптерін егіп, жылына 20 мың центнер көк балауса оратын жерден қазір бір центнер де екпе шөп алынбайды.
Рас суармалы көлтабандарға су жіберу арқылы шөп дайындап алып жүрген шаруа қожалықтары Б.Мүтиев, Б.Ғұбайдуллин, Ж.Сахуалиндер жылына 6 мың рулондай шөп дайындап, өздерінен артықтарын сатып, пайдасын көруде. Әрине, қолжетімді бағадан гөрі жоғарылау. Оларға неге жоғарылатып сатасың деуге негіз жоқ. Себебі, жанармай, қосалқы бөлшектер әрбір тоқсан сайын қымбаттап отырғанда олай дей алмайсың, әлі де қымбаттай беруі мүмкін.
Мал шаруашылығын дамытуда жайылымдарды суландыру міндеті Нарын құмын мекен еткен малшы қауымның көкейінен шығуда. Жалғыз бір өңір емес, Нарын бойын жайлаған Құрманғазы, Исатай, Махамбет, Индер аудандарында құмда тұщы су көзі табылса, ел шоғырланып, мал өсіруге кең жол ашылар еді. Тіпті, бір кездерде алыс мал жайылым учаскелерінде болған шағын орталықтар салынса, телефон байланысы, жел, күн батареялары арқылы тұрақты ток көзі болса, сол орталықтарда шағын бастауыш мектеп, мал дәрігерлік пункт, медициналық шағын орталық, малдан алынатын өнімдер, етті тағамдар, сүт, сүттен алынатын тағамдар өндіретін, өңдейтін кішілеу цехтар, тері, жүн, қаракөл сияқты өнімдер қабылдау пункттері ашылса, ел орталыққа шаба бермей, мал өсіруге бетбұрыс жасар еді деген ұсынысым бар. Ал, мұның барлығы мәлім болғанмен, адам, мал, т.б. шаруашылық шығындары үшін тұщы су көзін іздестіру, оны қазір пайдалануға беру проблемасы тұрғанын жақсы түсінеміз.
Сайып келгенде, мұның барлығы – бір күнде немесе бір жылда іске аса қоймайтын шаруа. Қорыта айтқанда, қазаққа Алланың тартқан сыйы кең жері, орасан табиғи байлығы бар. Тек әр нәрсеге тиянақты, жоспарлы қайтарымы болатын оң көзқарас қалыптастыру міндеті тұр.
Ізбасқан ХИСИН,
ауыл шаруашылығы саласының ардагері,
Қамысқала селолық округі,
Х.Ерғалиев ауылы